Accessibility links

Ақ үйдің мәлімдеуінше, “Әл-Қаида”-дан әлі де жойқын қарудың қатері төніп тұр


Президент Дж.Буш бастаған Америка Құрама Штаттарының әкімшілігі таратқан жаңа мәлімдемеге қарағанда, “Әл-Қаида” ұйымы – әлі де болса Американың қауіпсіздігіне төнген ең зор қатер болып қалды. АҚШ үкіметінің халықаралық терроризмге қарсы күресінің осы мәлімдемеде келтірілген стратегиясына сәйкес, Усама бин Ладин бастаған “Әл-Қаида” тобы әлі де болса жойқын қаруға, оның ішінде ядролық қаруға қол жеткізуге ұмтылады.

Өзінің соңғы мәлімдемесінде Ақ үйдің әкімшілігі “Әл-Қаида” ұйымының әлі күш-қуатын сақтап қалғанын және Пәкістанның солтүстік-батысы сынды ресми биліктің ықпалы әлсіз өлкелерде өзін еркін сезінетінін мойындайды. Орта буындағы көсемдерінің көзі жойылып немесе тұтқынға түсуіне қарамастан Усама бин Ладин олардың орнына лайықты тұлғаларды тағайындады. Мәлімдемеде, сонымен қатар, “Әл-Қаида” лидерлерінің жойқын қаруға қол жеткізіп, оны өзінің жауларына, әсіресе АҚШ-қа қарсы қолдануға деген мақсат-мүддесіне жетуге бөгет қою үшін президент Дж.Буш бастаған АҚШ әкімшілігінің “қара терге түсіп жүргені” айтылады.

Ал “Әл-Қаида” тобы қандай жойқын қаруды қолға түсіруді көздейді? Ол химиялық қарумен қанағаттануы мүмкін бе әлде ядролық қаруды да қосып алғысы келе ме және “Әл-Қаида” тобы жойқын қарудың қайсыбір түріне қалай қол жеткізе алуы мүмкін?

Президент Билл Клинтонның әкімшілігінде ядролық қару бойынша АҚШ-тың инспекторы болған, қазір Вашингтонның саяси зерттеулер Орталығына қарайтын стратегиялық және халықаралық ізденістер (CSIS) Орталығында халықаралық қауіпсіздік проблемасын зерттеуші Джон Волфстолдың (John Wolfstahl) пікірі бойынша, АҚШ-тың алдында екіұшты проблема тұр.

Біріншіден, деп мәлімдейді “Азаттық” Радиосына берген сұхбатында Волфстол, “Әл-Қаида” тобы таяуда Ирақта қолданылған “хлор бомбасы” немесе “лас бомба” деп аталған қуаты аз болса да, айналаны радиоактивті затпен ластайтын бомбаны қолданып көруі әбден мүмкін. Мұндай қаруды қолданудың негізгі мақсаты, деп атап көрсетеді Джон Волфстол, жойқын соққы беруден гөрі, халықты дүрліктіріп, елбасылардың халықты қорғай алу қабылетіне деген жұрттың күмәнін туғызу болып табылады.

Жойқын қарудан төнетін екінші қатер – бір ғана соққымен тұтас бір қаланы жоя алатын ядролық қаруды қолдану. Бірақ “Әл-Қаида” сынды ұйымның меншікті жері жоқ, сол себепті де өзінің ядролық қаруын сынап, құрастырып шығаратын мүмкіндігі жоқ. Дегенмен де, Джон Волфстолдың мәлімдеуінше, дайын ядролық қаруға немесе қару жасауға қажетті ядролық материалдарға қол жеткізудің мүмкіндігі аз емес.

ДЖ.ВОЛФСТОЛ: “Біздің алаңдайтынымыз – “Әл-Қаида” сияқты ұйым “қара базардан” немесе мемлекеттің демеу болуымен дайын ядролық қаруды немесе сондай қару жасауға қажетті негізгі материалдарды – байытылған уранды немесе плутонийді сатып алуы мүмкін. Міне бұл - Американы алаңдатып отырған ең басты проблема”.

Президент Дж.Буш өз үкіметінен “Әл-Қаида” ұйымы көсемдерінің не көзін жоюды, не Халид Шейх Мухаммед сынды лидерлерін тұтқынға алуды талап етумен келеді. Х.Ш.Мухаммед – АҚШ-қа қарсы 2001-інші жылдың 11-інші қыркүйегіндегі шабуылды ең бірінші болып жоспарлаған тұлға көрінеді. Бірақ Джон Волфстолдың айтуына қарағанда, президент Дж.Буштың әкімшілігі террористердің көздерін жай жою – “Әл-Қаида” ұйымын ядролық қаруды қолдану ниетінен бас тартқыза алмайтынын жақсы түсінеді. Оны Ақ үйдің жаңа мәлімдемесі көрсетіп отыр.

Ақ үйдің осы мәлімдемесінде айтылғандай, Америка Құрама Штаттарына қарсы бағытталған шабуылын жеңілдету үшін “Әл-Қаида” ұйымы аймақтық террористік құрылымдарды, оның ішінде өзінің Ирақтағы бөлімін күшейтіп жатыр. Сонымен қатар “Әл-Қаида” ұйымы өзінің осы елдегі шұғыл қызметкерлерінің немесе тыңшыларының қатарын да көбейтуге тырысып көрді. Бірақ, онша көп нәтижеге жете қоймағанға ұқсайды.

“Әл-Қаида” ұйымы мен оның Ирақтағы бөлімі – Ақ үйдің жаңа мәлімдемесінде сөз болатын жалғыз террористік құрылым емес. Мәлімдемеде 241 адамның қазасына себеп болған жанпидашыл-террористердің Бейруттағы 1983-інші жылғы қастандығына жауапты “Хизболла” ұйымы да сөз болады. Бұл қастандық – АҚШ-қа қарсы 2001-інші жылға дейінгі ең қанды террорлық шабуыл болды.

Мәлімдемеде, сонымен қатар, ресми Вашингтонның ел ішіндегі әсіре мұсылман ұйымдарының террорлық соққы беру қабылетіне де ерекше назар аударып отырғаны айтылады. Міне сондай террорлық соққының алдын орау үшін АҚШ президентінің әкімшілігі ел ішіндегі мұсылман қауымдастықтарымен қоян-қолтық іс атқарып жатқан көрінеді.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG