Accessibility links

Еуропалық Одақтың сыртқы саясат және қауіпсіздік жөніндегі жоғарғы өкілі Астанаға сапармен келді


«Болашақ «Транскаспий» газқұбыры арқылы Орталық Азия аймағындағы газды Еуропаның Батыс бөлігіне жіберуге болады». Астанада қазанның 10 күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен өткен келіссөздерден кейін Еуропалық Одақтың сыртқы саясат және қауіпсіздік жөніндегі жоғарғы өкілі Хавьер Солана сұрақтарға жауап бере отырып осындай мәлімдеме жасады. Ал жергілікті сарапшылардың айтуынша Қазақстан үшін аймақтағы газды ұсынылып отырған Ресейді айналып өтетін бағыт бойынша емес, Ресей арқылы тасыған тиімді.

Еуропалық Одақтың сыртқы саясат және қауіпсіздік жөніндегі жоғарғы өкілі Хавьер Солана Орталық Азия елдеріне турне шеңберінде Қырғызстанмен Түркменстаннан кейін Қазақстанға келді. Сапар мақсаты Еуропалық Одақтың Орталық Азиядағы жаңа стратегиясын жүзеге асыру, деп хабарланды. Жоғарғы өкіл Хавьер Солана айтып өткендей, басты мақсат осы. «Бірақ, бұл саяси диалог нақты жобалармен толықтырылуы керек, атап айтқанда экономика мәселелері, саяси және энергетикалық қауіпсіздік проблемалары талқыланды», деді ол. Айта кететін жайт, дәл осы энергетика саласында АҚШ пен Батыс елдері Орталық Азиядағы газды Еуропаға тасымалдау үшін, Ресейді айналып өтетін Әзірбайжан мен Грузия арқылы Еуропаға тартылатын «Транскаспий» газқұбырын өткізбек, дейді сарапшылар. Жоғарғы өкіл Хавьер Солананың айтуыншада «Транскаспий» бағыты арқылы осы аймақтан Батыс Еуропаға газды жіберетін үлкен және маңызды мүмкіншілік бар. «Ол әзірге жоба күйінде. Енді жүзеге асырылу керек», дейді ол.

Жоғарғы өкіл Хавьер Солананың айтуынша компаниялар газқұбырының жетіспей тұрған бөлігін қалайша салатындығын таңдауы керек. «Осы аймақтағы газбен байланысты проблемалардың бірі оны Еуропаға қалайша жеткізуде жатқандығын сіздер түсінесіздер. Ал, «Транскаспий» бағыты маңызды мүмкіншіліктердің бірі бола алады», дейді ол.

Ал, Алматыдағы «Мұнай» институтының директоры Надир Надиров Ресей арқылыда, Ресейді айналып өтетін бағыт арқылыда газ тасымалдауға болады деген көзқарасын білдірген. Бірақ, құбыр салғанда Қазақстан тек геосаясатты емес қоршаған ортаныда ойлау керек, дейді ол:

- «Тбилиси-Баку-Джейхан» олда дұрыс. Бірақ, оның бір мәселесі бар. Кейбіреулер айтады теңіздің түбіменен құбырды өткізу керек деп, экологтар айтады үйтуге болмайды, жарылса Каспийді жойып жібереміз.

Бірақ, Ресейді айналып өтетін «Транскаспий» газқұбыры әзірге тек жоба күйінде тұрса, Қазақстан арқылы Ресейге әрмен қарай Батыс елдеріне жеткізетін «Каспийжанындағы» газқұбырын салу жөнінде нақты құжаттар дайындалып жатыр. Қазақстанның энергетика министрлігінің мәліметіне «Каспийжанындағы» газқұбыры Каспий жағалауымен Түркменстан территориясынан шығып, Қазақстан арқылы Ресейге жетеді. Ресей БАҚ-тарының хабарлауынша Ресей өз территориясы арқылы өтетін құбырдың арқасында Қазақстан, Түркменстан, Өзбекстан елдерінің энергетикалық ресурстарын алады. Ал бұл өзге жобалардың барлығын ресурссыз қалдырады деген жорамал жасалған. Ресейлік сарапшылардың пікірінше, Ресей үшін бұл Еуропаға транзит арқылы өз баға саясатын жүргізуге мүмкіншілік береді. Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұханбетовтың айтуынша бұл құбыр жобасына қатысу тек Ресейгеғана емес Қазақстанғада тиімді. Қазақстан осы газқұбыры арқасында транзиттан табыс тауып өз газын сатады. Осылайша өткен ғасырдың 60-70 жылдары салынған «Орталық Азия - Центр» құбырының өткізу мүмкіншілігі кеңейтіледі дейді ол:

- «Орталық Азия - Центр» құбырының бірнеше шақырымы Қазақстан арқылы өтетіндігіне байланысты бізге тариф арқылы ақша төленеді. Екіншіден, осы құбырды пайдаланып біз қазіргі бар және болашақта болатын газымызды тасымалдайтын боламыз.

Ал Жоғарғы өкіл Хавьер Соланының айтуынша ЕуроОдақ Орталық Азиядағы мемлекеттердің көп векторлы саясатын қолдайды. «Сондықтан Одақтан бөлінетін қаржының 80 пайызы екі жақты жобаларға бөлінеді», деді ол.
XS
SM
MD
LG