Accessibility links

АҚШ Конгресінің комитеті армян геноциді туралы қарар қабылдады


Төрт жылдан бері американдық армяндар Осман империясы тұсында 1,5 миллион армянның қырғынға ұшырауын геноцид деп мойындау турасында АҚШ Конгресінен талап етіп келген болатын. Міне, енді сондай қарар Өкілдер палатасының сыртқы істер комитетінде қабылданды. АҚШ әкімшілігі бұл мәселеге қарсы болып, ұзақ уақыттан бері НАТО-ның маңызды одақтасы - қазіргі Түркияның қас-қабағына қарап келген-ді. Дегенмен де қарар міндетті болмаса да, Түркия ол шешім өз халқының мәртебесіне нұқсан келтіреді деп табуы әбден мүмкін.

Конгрестің шетелдік істер комитеті сәрсенбі күні Осман империясы кезінде армяндардың жаппай қырғынға ұшырауы геноцид деп танылсын деген міндеттелмейтін қарарды қабылдады. Енді бұл қарарды өкілдер палатасы мақұлдауы мүмкін, өйткені олардың басым көпшілігі оған қолдау білдіреді.

Сөйтіп, Өкілдер палатасында қабылданса, ол шешім Түркия үкіметі мен оның халқының басым көпшілігінің ашу-ызасын келтірері даусыз.

Түркияда 1915-1917 жылдары Осман империясы билеп тұрған уақытта 1,5 миллиондай армян халқының өкілі қырғынға ұшыраған. Тарихшылардың бірқатары бұл түрiктердің армяндарды түп-тамырымен жою үшін әдейі ойластырып жасаған ісі дейді.

Түркия тарабын қорғаушылар болса, ол жылдардағы соғыстa армяндармен қатар бірнеше мыңдаған түрктер де қаза тапты дегенді алға тартады. Мәселені дауысқа салардағы талқылау барысында Шетел істер жөніндегі комитеттің бірқатар мүшелері мұндай қарар міндетті болып табылмаса да, ол Түркиямен қарым-қатынасты күрделендіреді деген ойларын ортаға салып, 90 жыл бұрын өтіп кеткен жайтты қайта жаңғыртудың өтеуі тым қымбатқа түсуі мүмкін деп те ескерткен.

Ал енді біреулері болса, армяндардың жаппай қырылуын геноцид деп танудың маңызды екендігін айтқан. Өкілдер палатасындағы калифорниялық демократ Бред Шерман былай дейді:

- Бізге мұны жасауға және оны аяқтауға мұрсат етіңіздер. Біз Анкара тарапынан бірнеше күндер бойына ашулы сөздер естуіміз мүмкін, сәлден кейін ол басылады. Және мен уәде етемін, мұндай қарарды жақтаушылар, aрмян геноциді мойындалған соң, басқадай қарар турасында мәселе көтермейді. Керісінше, егер біз бұған бүгін дауыс бермесек, осы қарарды қолдайтындар оған келесі жылы да, одан кейінгі жылы да қайта оралып соға береді. Егер бұл біздің Түркиямен қарым-қатынасымызды шиеленістiрсе, шындықты мойындау арқылы ол шиеленісті тоқтатуға мүмкіндік беріңіздер.

Алайда Буш әкімшілігі Түркия тарабынан Шерман айтып отырғандай, ашу-ызалы сөздер ғана емес, одан да күрделілеу қадамдар күтетіндіктерін айтты. Мемлекетік хатшы Кондолиза Райс пен қорғаныс министрі Роберт Гейтс президент Бушпен Ақ үйде осы мәселе тұрғысында кездескеннен кейін олардың үшеуі де Конгресті әлгі қарарды қабылдамауға шақырды.

Кондолиза Райс мұндай қарардың қабылдануына қарсы болу осыдан бір ғасырдай уақыт бұрынғы армяндар трагедиясын жоққа шығару емес дейді.

- Біз бәріміз де бұл қарардың қабылдануы Таяу шығыстағы біздің барлық күш-жігерімізді тұрақсыздандырады, Ирақ пен Ауғанстандағы барлық жігерді жояды, өйткені Түркия маңызды деген стратегиялық одақтасымыз, оның осы күрделі аймақта жасап жатқан шараларымызға қолдау көрсетуі маңызды.

Ал өз кезегінде қорғаныс министрі Роберт Гейтс Ауғанстан мен Ирақтағы қолбасшылар Түркия ашуланып, мінез танытар болса, АҚШ күштеріне қажетті қару-жарақ пен жабдықтың жетуі қиынға соғады деп қауіптенеді деп атап көрсетті.

Конгресс комитетіндегі бұл талқылаулар Түркия үкіметінің Ирақтың солтүстігіндегі түрік-күрдтері аймағындағы көтерілісшілерге қарсы әскер кіргізуді парламенттің мақұлдауын сұрап отырған кезде өтті. Армян геноциді туралы қарар қабылдана қалса, Түркия тарабының оған беретін жауабы қандай болады деген терең алаңдаушылықтың туып отырғанына қарамастан, Конгрестің өкілдер палатасының сыртқы істер комитетінде қарар жобасы мақұлданды. Енді ол өкілдер палатасында қараша айының ортасына қарай дауысқа салынады.

AzattyqTV

Қырғызстан

Әзиздің арманы

XS
SM
MD
LG