Accessibility links

Президент Назарбаев: «Қазақстан экономикасы дағдарыстан ада»


«Облыс бюджеттерінде жинақталған артық қаржы 36 миллиард теңге немесе 300 миллион доллар болды. Осы ақша биыл көп балалы жанұялар, зейнеткерлер секілді әлеуметтік топтарға көмек ретінде берілсін». Астанада қазанның 12 күні президент резиденциясындағы инфляциямен тарифке арналған арнайы отырыста мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев үкіметке осындай тапсырма берді. Ал кейбір саясаткерлер бұл шаралар инфляцияны тоқтатпайды деген пікірде.

Қазақстанда соңғы аптада инфляция көрсеткіші жоспарланған межеден шығып, нан бағасы 30 пайызға көтеріліп, электр қауаты тарифтері өседі деп хабарланған. Парламент мәжілісінің депутаты Владимир Нехорошев үкімет өкілдерінен осы мәселе президентке жетпейінше шара неге қолданбайды деп сұраған болатын. Назарбаев төрағалық еткен отырыста банктер жұмысы, азық-түлік өнімдерінің бағасы және электр қуатын үнемдеу мәселесі қаралды. Банктерге тоқталған кезде премьер - министр Кәрім Мәсімов кезінде тым пайда қуып, сырттан несиені шексіз көп алған екінші дәрежелі банктер енді шетелдегі дағдарысқа байланысты бұрыңғы несиелерді біртіндеп қайтара басатайтын кез келгенде тығырыққа тірелгендігін айтты.

Бұл орайда президент Назарбаев үкіметке екінші дәрежелі банктерге төрт миллиард долларды қарызға беру керек деген тапсырма берді. Ал, нан бағасы бойынша биыл диқандар 22 миллион тонна астық жинасада, соңғы жылдарда болмаған жетістікке жеткеніне қарамастан, нанның және басқа да бірқатар азық-түліктердің бағасы қымбаттады, деді президент.

«Сондықтан, халықтың әлеуметтік қорғауды қажет ететін тобына көмек ұйымдастырылады. Бүгінде облыс бюджеттерінде жинақталған басы артық қаржы 36 миллиард теңгеден асқан. Осы ақша дереу көпбалалалы отбасылар, зейнеткерлер секілді әлеуметтік топтарға көмек ретінде беріледі», - деді президент Назарбаев.

«Бұл ретте халық алаңдамауы тиіс», деді президент. Ал, Еңбек және тұрғындарды әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше Қазақстанда 3 жарым миллион адам атаулы әлеуметтік көмекті қажет етеді. Астана тұрғыны зейнеткер Күлпаш Асылбекқызы баға өсуге байланысты мынадай көзқарасын білдірді:

- Президент дағдарыс жоқ, халық алаңдамасын, кедейлерге 300 миллион доллар берілсін, банктерге 4 миллиард берілсін деді. Білмеймін, бұл инфляцияны тоқтату үшін жасалып жатқан шығар. Бірақ, дағдарыс жоқ деп айта алмаймын. Нан бағасын жаңа жылға дейін тұрақты қылып қойдық дейді. Одан кейін тағы көтеріле ме? Әрі қарай тағы бүкіл тарифтер көтеріледі.

Ауыл шаруашылық министрі Ахметжан Есімовтың айтуынша аптада нан бағасы Астанада 62 теңге, Алматыда 65 теңгеге жетті. «Бірақ, нан бағасы жылдың соңына дейін тұрақтады. Өйткені облыстарда астықтың тұрақтандыру қорлары құрылған», деп хабарланды. Ал электр қуатының бағасына тоқталғанда тарифке тежеу болмасын деген пікір айтылды.

«Өйткені, осы тежеудің салдарынан «пайдасы аз» саналатын электр қуатын өндіру саласына инвестиция келмейді», деді президент. «Сондықтан да, ерте ме, кеш пе тарифтер өседі», деді ол. Республикалық статистика агенттігінің ресми мәліметінше, инфляцияның жылдық көрсеткіші 8,2 пайыз болды. Бұл үкімет жорамалынан артық. Бірақ, кәсіподақтардың айтуынша баға өскендіктен инфляция шынтуйтында 15-20 пайыздан асқан. Республикалық Кәсіподақ өкілі Жеңіс Құттықадамовтың айтуынша кәсіподақтар пікірлерін әлдеқашан білдіріп қойған:

- Үкіметке жолдау бердік. Үкімет тыңдады, парламент тыңдады. Одан артық не айтамыз.

Саясаткер Зәуреш Батталованың айтуынша бұл шаралар инфляцияны тоқтатпайды:

- Халыққа текқана жәрдемақымен көмек бермес үшін, бәсекелік орта жасау керек. Бүгінде монополия болып кетті. Біздің бизнес көбінесе биліктің жанында болғандықтан олар бір бірімен келісіп, бағаны көтеріп отырған жағдайды біз көріп отырмыз.

Осы аптада оппозиция және кәсіподақтар нан бағасымен тарифтер тұрақтамаса үкімет отставкаға кетсін деген болатын. Ал президент Назарбаевтың айтуынша Қазақстанда дағдарыс жоқ. «Ал, БАҚ-тардың дағдарыс бар деген алып-қашпа ақпараты елдің инвестициялық климатына әсер етті», деді президент Назарбаев.
XS
SM
MD
LG