Бұл шаңырақ қақтығысында кінәлі ретінде айыпталған бір адамның басындағы жағдай. Иненің жасуындай кінәм жоқ, деген Аят: «9 ай тергеу абақтысында текке отырдым. Маған кесілген жазада әділ болған жоқ», дейді.
Жерді саудаға айналдырудың нәтижесінде туындаған мұндай оқиғалар Қазақстанның әр облысында бой көтере бастады. Жерді сотсыз да, заңсыз да тартып алу, үйлерді күшпен қирату бүгінде кең етек ала бастады. Осындай заңсыздықтарды болдырмау мақсатында «Шаңыраққа тірек» қоғамдық комитеті мен шаңырақ сотының қорғаушыларының бастамасымен Алматыда «Шаңырақ-Қазақстан» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылғандығын хабарлады.
Қоғамдық бірлестіктің алдына қойған бірінші мақсаты - жоғарыдағыдай билік саясатының құрбаны болған Аят сынды азаматтар мен өзге де бас бостандықтарынан айырылған адамдардың ақталуына көмек көрсету, дейді осы қоғамдық бірлестік белсенділерінің бірі Дос Көшім. Оның айтуынша, Шаңырақ сотының бастан аяқ заңсыздықтармен жүргізілгеніне сотта айыпталған азаматтарға шығарылған үкім дәлел бола алады. Өйткені прокурордың түрмеге жабуға сұраған адамдарының 20-сының шартты жазамен бостандыққа шығуының өзі жеткілікті болмақ. Сондықтан қоғамдағы әділетсіздіке қарсы тұрамыз, баспана мен жер дауын, оның ішінде Шаңырақ сотында сотталғандардың тағдырын республикалық деңгейде көтереміз дейміз, дейді жаңадан құрылған «Шаңырақ-Қазақстан» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастырушылары.
Олар Шаңырақ сотына шығарылған сот үкімімен келіспей аппеляциялық шағым дайындап жатқандықтарын айтты.