Accessibility links

Қазақстан дағдарысы жоқ қаржы саласына көмек көрсету үшін бюджетінің 22 пайызы көлемінде ақша салмақ


Қазақстанда қазынадан елдегі екінші деңгейлердегі банктерге 4 миллиард доллар берілетін болды. Астанада қазанның 16 күні өткен үкімет отырысында Қазақстан премьер - министрі Кәрім Мәсімов қаржы бөлуді көздейтін 2007 жылдың республикалық бюджетіне өзгеріс енгізетін заң жобасына қол қойды. Ал, Әлемдік банк сарапшысының пікірінше, мемлекет банктердің негізсіз қатерлерін сақтандырып жатыр деген көзқарас қалыптаспау керек.

АҚШ-тағы ипотекалық дағдарыстың кесірінен 2007 жылдың тамыз айында қазақстандық банктер ипотекалық несие пайыздарын 14-тен 16-ға дейін дейін көтеріп жіберді. Қазақстан экономистері қауымдастығының өкілі және «Казкоммерцбанк» акционерлік қоғамының басқарушы директоры Әділ Батырбековтың айтуынша халықаралық нарықтағы жағдайға орай ипотекалық несие пайыздары жоғарлаған, сондықтан Қазақстандада ипотекалық несие пайызы көтерілді, дейді банкир Батырбеков.

8 қазан күні «Standard & Poor's» рейтинг агенттігі Қазақстанның шет елдік валютадағы ұзақ мерзімді тәуелсіз рейтингін бір сатыға төмендетіп BBB- деп белгіледі. 11 қазанда Астанадағы президент резиденциясында өткен жиында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша «Standard & Poor's» рейтинг агенттігінің бағалауы спекулятивті түрде жасалған. «Бұл қазақстандық компаниялар құнды қағаздарының бағасын түсіріп, сосын сатып алу үшін жасалып отырған ойын», деді ол. Сондықтан президент үкіметке халықаралық биржада айналымда жүрген қазақстандық компаниялардың құнды қағаздарын сатып алуды және отандық коммерциялық банктер үшін 4 миллиард доллар беруді тапсырды.

Қазанның 16 күні премьер - министрі Кәрім Мәсімов 2007 жылдың республикалық бюджетіне өзгеріс енгізетін заң жобасына қол қойды. Енді бұл құжат қазанның 17 күні парламенттің кіші палатасында қабылданып сенатқа беріледі. «Қазына тұрақты даму қоры» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Қайрат Келімбетовтың мәліметінше осы құжатқа сәйкес, енді шет елдіктер бермей жатқан ақшаны банктерге республикалық бюджет береді:

- АҚШ нарығында ақшасы Қазақстанға келмесе сол ақшаны біз үкімет жағынан 4 миллиард доллар береміз. Осы жылы бюджетті нақтылау ішінде 1 миллиард, келесі жылы 3 миллиард доллар беріледі.

«Қазына тұрақты даму қоры» басшылығының мәліметінше бюджет қаржысы банктерге берілген соң банктер оны құрылысқа салуға тиіс:

- Біз кейбір банктердің несиелерін алып ақшасын береміз. Сол ақшаны пайдаланып олар құрылысты қаржыландырады.

Келімбетовтың айтуынша, бюджет қаржысы банктер арқылы 2007-2008 жылы аяқталуға тиіс болған құрылыс нысандарын қаржыландыруға жұмсалу керек. «Үкіметпен екінші деңгейдегі банктер арасында жасалған келісімде осы нысандар тізімі жазылу керек, сонда біріншіден, пәтер аламын деп ақшасын салып жатқан тұрғындар зардап шекпейді», дейді Келімбетов. «Екіншіден, үлескерлер әлеуметтік жағынан тынышталса мемлекеткеде жақсы», дейді Келімбетов.

Әлемдік банктың Орталық Азиядағы өкілдігінің экономисі Джон Литвактың айтуынша, бұл шара қысқа мерзімді болашаққа жақсы.

«Өйткені, бұл шара шет елдік инвесторлардың көңілін жұбатады. Бірақ, мемлекет банктердің негізсіз қатерлерін сақтандырып жатыр деген көзқарас қалыптаспау керек. Өйткені қате ындаландырудың кесірінен орта мерзімді болашақта бұл шараның арты жаман болуы мүмкін», дейді сарапшы.

Ал экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтановтың түсіндіруінше, биылғы бюджеттен қаржы саласына салу үшін 155 миллиард теңге ескеріледі. Оның 20 миллиард теңгесі «Қазақстанның ипотекалық компаниясы акционерлік қоғамына», бір миллиард теңгесі «Ипотекалық несиелерді кепілдендіру қорына» беріледі. Бұл компаниялар халыққа ипотекалық несие беруге жауапты болады. Бұл туралы экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов хабарлады:

- 20 миллиардтан астам қаржы «Қазақстанның ипотекалық компаниясына беріледі. Ол қаржы ипотекалық несиелерді қаржыландыру үшін жіберіледі.

Сұлтановтың пікірінше бюджет қаржысы берілгенсоң банктер тұрғындарға беретін ипетокалық несие пайыздарын көтермеуі шарт:

- Үкіметпен, ұлттық банкпен және банк қауымдастығы арасында келісім-шарт жасалатын болады. Банктерден несие пайыздарын көтермейтін міндеттеме алынады.

Ал «Самғау» холдингіне 12 миллиард теңге беріледі. Бұл холдинг қазақстандық компаниялардың құнды қағаздарын сатып алуға жауапты болады.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG