Accessibility links

Қазақстанда шетелдік тікелей инвестияның көлемі 2007-нші жылы да ұлғаяды


БҰҰ-ының жаңа есебіне сәйкес, 2006-ншы жылы Оңтүстік-Шығыс Еуропа мен Тәуелсіз мемлекеттер достастығы (ТМД) елдерінің өтпелі кезеңдегі экономикалық жүйелеріне бұрын-соңды болмаған мол тікелей шетелдік инвестиция (FDI) бағытталды. АҚШ долларымен есептегенде шамамен 69 млрд. долларға тең шетелдік инвестицияның басым бөлігі Ресейдің үлесіне тиді. “Азаттық” Радиосының тілшісі осы жаңа есепті дайындаған авторлардың бірі, БҰҰ-ының экономикалық кеңесшісі Кальман Калотаймен кездесіп, әңгімеге тартқан болатын.

ТМД мемлекеттерінің, әсіресе Ресейдің табиғи ресурстары шетелдік инвесторлар үшін әлі де өте тартымды болып отыр. Өзінің көмірсутегі, қара және түрлі-түсті металл, ағаш және тағы басқа шикізат көздерін шетелдік инвесторлардың игеруіне күрт шектеу қоюына қарамастан, Ресей миллирадтаған доллар инвестицияны тарту үстінде. Сәрсенбі күні БҰҰ-ының сауда және экономикалық даму бойынша агенттігі жариялаған жаңа есепке қарағанда, Ресейге 2006-ншы жылы бағытталған тікелей инвестицияның көлемі 29 млрд. долларға жетті және, шетелдік инвесторлардың ықпалын әлсіретуге тырысуына қарамастан, 2007-нші жылы инвестицияның көлемі тағы өсетін тәрізді. Ресей жергілікті кәсіпорындармен бірлескен кәсіпорын құру немесе тікелей инвестиция бағыттау, тіпті болмаса кәсіпорын акцияларының аз бөлігін ғана беру арқылы шетелдік инвесторлардың ықпалын әлсіретуге тырысып жатыр.

Әлгі есеп авторының бірі Кальман Калотайдың (Kalman Kalotay) атап көрсетуінше, болашақ инвесторлардың басым көпшілігі Ресейде сауда жүргізудің, өздері “Ресейдің парадоксі” немесе “Ресейдің қарама-қайшылықтары” деп атайтын, қиындықтарына көз жұмып қарауға дайын.

К.КАЛОТАЙ: “Көп себептің бірі, әрине, Ресейдің табиғи ресурстарының тартымдылығы соншалықты – шетелдік инвесторлар табиғи ресурстарды қадағалауға шектеу қоятын жаңа шарттарға келіседі, мысалға олар қайсыбір жобаға кіші әріптес қана бола алады. Олар, сонымен қатар, әлдеқайда көп салық төлеуге және лицензия берген үкіметке әлдеқайда көп өтемақы және тағы басқа төлем төлеуге дайын. Өйткені, Ресей Федерациясының табиғи ресурстарына деген зор ұмтылыс бар”.

2006-ншы жылы 6 млрд. доллар инвестиция тарта алған әрі табиғи ресурстарына бай Қазақстан - өзінің қазба байлықтарын өндіретін өнеркәсіп саласын қорғаудың ресейлік нұсқасын үлгі етіп алуға дайын тұрғанға ұқсайды. Өйткені қазір Қазақстанның мұнай және газ қорының 48 пайызы әлі де шетелдік инвесторлардың басқаруына қараса, Ресейде шетелдік инвесторлардың басқаруына қараған кен көздері 7 пайызға дейін азайды. Бірақ ресми Астананың шетелдік компаниялармен арадағы келісім-шарттарын қайта қарауға тырысуына байланысты, инвесторлар өз үлестерінің басым бөлігін қазақ үкіметіне қайтарып беруі де әбден мүмкін. Тіпті соған қарамастан Ресей мен Қазақстанға бағытталған шетелдік тікелей инвестициялардың ағыны баялауы мүмкін, бірақ 2007-нші жылы да ұлғаятын түрі бар. Ал Кальман Калотайдың атап көрсетуінше, табиғи ресурстарды игеретін өнеркісіп саласынан ығыстырылған инвесторлардың басым көпшілігі өздерінің тірі қаржы-қаражатын жергілікті үкіметтердің “стратегиялық емес” деп есептеген кәсіпорындарына қайта бағыттайды.

К.КАЛОТАЙ: “Бұл – табиғи ресурстарын игеруге шетелдік тікелей инвестицияның шамамен 35-40 пайызын ғана жіберіп отырған Ресей Федерациясындағы қазіргі болмыстың құрамдас бөлігі. Қалғаны қызмет көрсетуге, банк саласына, халық тұтынатын тауарлар өндіруге, жеңіл өнеркәсіп саласына жұмсалды. Одан кейін Қазақстанның да дәл сондай мүмкіндігі болуы ықтимал. Ал әзірше Қазақстанда мұнай мен газ, тау-кен өндірісі, түрлі-түсті металл, болат қорыту және тағы сондай салалардан басқасына деген инвестиция жоқ десе де болады”.

Көмірсутегі шикізатына бай тағы бір ел - Әзірбайжан – шетелдік инвестицияның азайғанын көріп отыр. К.Калотайдың мәлімдеуінше, алдыңғы жылдары ТМД кеңістігінде инвестицияны көп тарта білген алғашқы бестіктің қатарында болып келген Баку үшін бұл жаңа жағдай болып отыр.

К.КАЛОТАЙ: “Өткен жылдардағы шетелдік тікелей инвестицияның 95 пайыздан астамы Әзірбайжанның мұнай-газ өнеркәсібіне құйылды. Мұнай мен гөз кеніштері игерілді және Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбыры тартылды. Қазір Баку-Тбилиси-Джейхан құбырының құрылысы аяқталды. Бұл - осы елге енді бұрынғыдай жүздеген млн. доллар инвестиция келмейді деген сөз”.

Шетелдік тікелей инвестицияның осылайша теріс бұрылуы Қазақстанда да байқалды және ондай құбылысты әдетте қайсыбір жобаның аяқталуымен немесе жаңа жобалардың жетіспеуімен түсіндіруге тырысады. Кальман Калотайдың пікірі бойынша, экономикасының басқа салаларына да инвестиция тарту үшін Әзірбайжан да ұлттық экономикасын жан-жақты дамытуға тиіс болса керек.

К.КАЛОТАЙ: “Әзірбайжандағы ахуал әлдеқайда “жіңішке”, өйткені Қазақстанда мұнай мен газға қоса, өндіруші ресурстары мен металлургия саласы тағы бар. Бірақ Әзірбайжанның жағдайында инвестицияны тартатын ондай мүмкіндіктері жоқ”.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG