Accessibility links

Қазақстан сөз еркіндігі жөнінен 169 елдің арасында 125 орында


«Шекарасыз репортерлер» ұйымы әлемдегі баспасөз еркіндігі туралы кезекті есебін жариялады. 169 елдің ақпарат құралдарының жай-күйін 50 критерий бойынша саралаған атамыш ұйымның есебінде сөз бостандығы жөнінен Қазақстан 125 орынды алған. Орта Азия елдері ішінде сөз бостандығының жағдайы басқалардан көш ілдері ел ретінде Қырғызстан 110 орында аталады. Қазақстандық сарапшылар мен журналистер аталмыш ұйымның Қазақстандағы сөз еркіндігіне беріп отырған бағасы шындыққа сай келеді, бұл Қазақстандағы еркін сөзге, журналистер қызмет етіп жүрген салаға дәлме-дәл берілген баға дейді.

«Шекарасыз репортерлер» ұйымының себебінде әлемдегі баспасөзі еркін елдердің ондығында Исландия, Норвегия, Эстония, Словакия, Белгия, Финляндия, Швеция, Дания, Ирландия елдері аталады. Ал Орталық Азия елдері ішінде сөз бостандығы көш ілгері ел ретінде Қырғызстан 110 орынға, Тәжікстанда Қазақстаннан бір саты жоғары 115 орынға жайғасқан. Ал Қазақстан 125 орында аталады. Рейтингті түзушілер журналистерге тікелей қатысы бар әлімжеттік оның ішінде (журналистерді ұрлап әкету, өлтіру, қоқан-лоққы жасау түрмеге жабу), ал бұқаралық ақпарат құралдарына тікелей қатысы бар әлімжеттік (цензураға ұшырау, басылым тиражын тәркілеу, эфирден алып тастау) сынды критерилерді негізге алған.

Халықаралық ұйымның бұл есебіне орай, «Азаттық» радиосына пікір білдірген Қазақстандағы сөз бостандығын қорғау жөніндегі «Әділ сөз» қорының президенті Тамара Калеева:

«Аталмыш ұйымның есебімен толықтай келісеміз. Өйткені, Қазақстан сөз еркіндігі жөнінен ешқашан көш бастай алмайды Қанша жерден билік сөз еркіндігі туралы дабыра салғанымен тәжірибе көрсетіп отырғанындай Қазақстандағы сөз еркіндігі нашар жағдайда қалып отыр», дейді.

Оның айтуынша, оған ақпарат құралдарының экономикалық тәуелділігін, БАҚ-ына монополияны, журналистерді қылмыстық жауапкершілікке тарту, министрліктердің, соның ішінде ішкі істер министрлігінің журналистер жұмысына қатысты заңнамаларға өзгерістер енгізуге араласуын айтуға болады.

«Егер сот талаптарын алатын болсақ соңғы айларда басылымдардан миллиондаған теңге талап етілген», дейді Тамара Калеева.

Қазақстанда жарық көретін «Свобода слова» апталық басылымының бас редакторы Гүлжан Ерғалиева «Демократиялық елдер талабына сай келетін сөз еркіндігі, қаншалықты Қазақстан өзін демократиялық жолмен дамушы ел ретінде атаса да конституцияда жазылғандай сөз бостандығы Қазақстанда атымен жоқ» дей келе, Қазақстандағы ақпарат құралдарының жалпы көрінісін былайша сипаттайды:

«15 жыл ішінде Қазақстандағы ақпарат құралдарының 50 пайызы қолдан жасалып, үнемі олигархтар мен шенеуніктердің, бүгінгі биліктің бақылауында болды. Ал 25 пайыз ақпарат құралдары үнемі бақылауға қарамастан құрылып, жұмыс істеді. Олар қандай жағдайда шеңберден шығуға болады, қандай жағдайда болмайды - оны жақсы білді. Ал енді бір шағын ғана 10-15 пайыздай ақпарат құралдары шынайы еркін сөзді таратуға жұмыс істеді деп айтуға болады».

Оның айтуынша, Қазақстанда еркін сөз деген ұғымнан мүлде алшақ жататын басылымдар да бар. Олар ақпарат таратуды емес, белгілі бір корпоративтік мүдде үшін жұмыс істейді. Мұндай ақпарат құралдары белгілі бір топқа ғана қызмет көрсетумен шектеледі. Онда адамдарды тек ортақ кәсіби мүдделері ғана байланыстарды.

«Ал телевидение туралы айтар болсақ, оның ақпаратты тарату және әсер ету мүмкіндігіне қарамастан Қазақстанда телевидение мүлде жоқ деп айтуға болады», - дейді Гүлжан Ергалиева.

Қазақстандық тәуелсіз журналист Сергей Дуванов «Шекарасыз репортерлер» ұйымы Қазақстандағы еркін сөзге, бүгінде елде журналистер қызмет етіп жүрген салаға дәлме-дәл баға беріп отыр деп есептейді.

- Баспасөз саласында билік цензурасымен қатар журналистік өзінің ішкі цензурасы бар. Бірқатар ақпарат құралдары қозғамауға тырысатын жабық тақырыптар бар. Бұл тақырыптарды ақпарат құралдарының кішкентай ғана бөлігі оппозициялық басылымдар оқырманмен бөлісуге тырысады. Бірақ олар әрдайым қауіп-қатерде жүреді. Қауіп-қатерлер осы жылы өткен сайлау алдында азырақ болды. Өйткені, Қазақстан билігі сайлауды жақсы етіп көрсеткісі келді. Ал елде кейде орын алатын әлеуметтік жанжалдар, экономикалық проблемалардың ақиқаты көзге көрінбейтін қысымдар арқылы адамдарға жетпей жатады, - дейді Сергей Дуванов.

«Шекарасыз репортерлер» ұйымының биылғы есебінде Грузия, Армения, Украина және Қырғызстандағы журналистердің жағдайы біршама жақсарғандығы айтылған. Ал Тәжікстан, Қазақстан мен Ресейде ешқандай оң өзгеріс болмаған. Сондай-ақ, Латвия, Әзірбайжан мен Өзбекстандағы жағдай кері кеткендігі аталған.
XS
SM
MD
LG