Accessibility links

Американдық жоғары дәрежелі дипломат Ресей-Американ байланыстары жөнінде Азаттық радиосына сұхбат берді


Өткен аптада Ресейге сапар шеккен Американ Мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс пен Американ Қорғаныс Министрі Роберт Гэйтсты Ресейлік әріптестері Сергей Лавров пен Анатолий Сердюков салқын қабақпен қарсы алды. Президент Путин болса, бұл кездесулерде Американың Орталық-шығыс Еуропада зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін құру жоспарын келемеждеп өтті. Ал баспасөз құралдары Американ-Ресей байланыстары бұрынғыдан да төмен деңгейге түсті деп жазып жатты. Алайда, осы келіссөздерге тікелей қатысқан Американ Мемлекеттік хатшысының Еуропалық байланыстар бойынша орынбасары Дэниэл Фрид баспасөз бетінде берілген мұндай баға шындыққа сай келмейді дейді.

Американ Мемлекеттік хатшысының Еуропалық байланыстар бойынша орынбасары Дэниэл Фридпен Азаттық радиосының Брюсселдегі арнайы тілшісі Ирина Лагунина өткізген сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

Азаттық радиосы: "Мәскеу келіссөздерінің нәтижесін қалай бағалар едіңіз? Америка бұл келіссөздерде алдына қойған мақсатқа жете алды ма?"

Дэниэл Фрид: "Баспасөз келіссөздердің шынайы нәтижесіне тым төмен баға берген. Әйтеуір, бұл келіссөздерге тікелей қатысқандарда осындай пікір қалыптасты. Біз зымыранға қарсы қорғаныс жүйесіне байланысты, Еуропадағы Әдеттегі Қарулар жөніндегі келісім мәселелерінде алға жылжыдық. Біз келісімге, немесе бір түйінге келген жоқпыз, алайда алға жылжу бар және орыстар мұны мойындады. Сәрсенбі күні құрамында өзім де бар Американ делегациясы бұл келіссөздерге байланысты НАТО-да есеп берді. Енді міне НАТО-Ресей Кеңесі жұмысын бастады, мұнда да біз зымыранға қарсы қорғаныс жүйесіне байланысты келіссөздер өткіздік. Ресейліктер арамызда көзқарас алшақтығы бар болса да, арадағы бұл келіспестіктерді азайту бағытында бізбен жұмыс істегісі келетінін, мүмкін болған тұстарда алға жылжығысы келетінін айтып отыр".

Азаттық радиосы: "Американың Чехия мен Польшада зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін құру жоспарына балама ретінде Ресей жағы ұсынған Әзірбайжандағы Қабала радар бекетіне байланысты Американың ұстанымы қандай?"

Дэниэл Фрид: "Президент Путиннің Әзірбайжандағы Қабала радар бекетіне байланысты жасаған ұсынысы өте тартымды деп ойлаймыз. Ол мұны күн тәртібіне шығарды, ал Ресей үкіметі мұны Чех Республикасында радар орналастыру ұсынысына балама жоба деп қарастырып отыр. Біздің пікірімізше, күн тәртібінде барлық ұсыныстар қатар қаралуы керек: Польшада орналастырылмақ зымыранға қарсы қалқан, Чех радары, НАТО-ға тиесілі немесе алда құрылуы мүмкін басқа қондырғылар және Ресейдің зымыранға қарсы қорғаныс жүйесі – сіздерге белгілі болар, олардың Мәскеу сыртында алып зымыранға қарсы қорғаныс жүйесі бар. Ираннан, бәлки басқа да жерлерден туындап келе жатқан қауіп-қатерге қарсы тұру үшін біз бірігіп жұмыс істеуге, өзімізде бар қондырғылар мен жүйелерді тиімді ұштастыруға міндеттіміз. Біздің ұсынысымыз осыған саяды".

Азаттық радиосы: "Мәскеуде болған кезінде Американ делегациясы Президент Путиннің таяуда жасаған Еуропадағы Әдеттегі Қарулар жөніндегі келісімнен Ресейдің бас тартуы мүмкіндігі туралы мәлімдемесін талқылады ма?"

Дэниэл Фрид: "Біз Еуропадағы Әдеттегі Қарулар жөніндегі келісімді сақтап қалудың амалдарын қарастырып отырмыз. Ал Ресейдің бұл мәлімдемесіне қатаң түрде жауап беру бұл мақсатқа қызмет етпейді. Әлбетте, біз бұл мәселеге байланысты өкініш білдіреміз. Алайда біз Мәскеуге алға жылжудың жаңа ұсыныстарымен бардық. Алдағы ең дұрыс саясат осы деп білеміз. Ресеймен көзқарас алшақтығы бар екені рас, энергия мәселесінде, демократия мәселесінде, Ресейдің өзінің кей көршілерімен арадағы қарым-қатынасы мәселесінде. Алайда, біз көзқарас алшақтығымен ғана шектеліп қалған байланыстардан гөрі, сол алшақтықтарға керек болғанда ғана назар аудартып, қажетіне қарай сол көзқарас алшақтығын шешу тұрғысында жұмыс істейтін байланысты қалаймыз".

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG