Accessibility links

Карачидегі бомба шабуылдарының артында кімдер тұруы мүмкін?


Пәкістанның бұрынғы премьер-министрі Беназир Бхутто кеше еліне қайтып келген соң, 11 сағат өтісімен оған қарсы бомба шабуылы жасалды. Онда 130-дан астам адам қаза тауып, көптеген кісі жарақат алды. Әлемдік қауымдастық Карачиде орын алған бұл қастандықты айыптап жатыр.

Кеше сегіз жылдан астам уақыт сырт жерде қуғында болған Беназир Бхуттоны қарсы алуға Карачиде 200 мыңнан астам адам жиналған болатын. Бхутто ханым отырған жеңіл машиналар керуенін көздеген бомба жарылысы осындай адам көп жиналған жерде орын алды. Жалпы бір емес екі бірдей жарылыс болған, екіншісі сәл кейінірек Беназир Бхутто мен Пәкістан халық партиясының мүшелері мінген автобусты нысанаға алған екен. Барлығы осы қос жарылыста құрбан болған адамдардың саны 133-ке жетті, олардың қатарында Бхутто сыртта болған сегіз жыл бойына партияға жетекшілік еткен адамдар да бар. Жарылыстар кезінде Беназир Бхуттомен бірге болған куәлердің бірі былай дейді:

- Бірінші жарылыс орын алғанда мен автобустың алдыңғы жағында едім, Беназир қатты шаршағандықтан, сәл тынығып алайын деген еді. Ең алдымен біз басқа бір нәрсе, мүмкін электр энергиясында бірдеңе болып қалған шығар деп ойладық. Біз бомба жарылды деп мүлде ойлаған жоқпыз. Кейіннен көргенімдей бомба автобусқа жақын жерде жарылған екен, ал екінші жарылыстан соң бұның жай нәрсе емес екендігін түсіндік.

Беназирдің өзі аман, ол бірден Карачидегі резиденциясына қауіпсіз жерге жөнелтілді. Пәкістан президенті Первез Мүшарраф бұл оқиғаларды демократияға қарсы жасалған арандатушылық деп атады. Бұрынғы үкіметбасы еліне орала салып, алда болатын парламент сайлауы науқанына қатысып, Пәкістанның саяси өміріне белсене араласпақшы. Ол демократияны дамытуға күш жұмсап, діни экстремизмге қарсы күресемін деп келген.

Жарылыстардан кейін бірнеше сағат өтісімен, Пәкістанның ақпарат министрі халықаралық ақпарат агенттіктеріне берген сұхбатында экстремистер Беназир ханымды өлтіруді көздеді, себебі олар Бхутто мейлінше АҚШ-тық бағытты ұстанады деп біледі деген. Оған дәлел ретінде Беназир Вашингтонда сөйлеген сөзінде Ауғанстанмен шекараға жақын жерде Талибан мен Әл-қаидаға қарсы күресу үшін Пәкістанға АҚШ күштерін әкеліп орналастыру керек деп айтқан болатын.

Шабуылдан кейін француз журналына берген алғашқы сұхбатында Беназир Бхутто өзін кімдердің өлтіргісі келгенін, оның сыртында кімдердің тұрғандығын нақты білемін дей келе, бұрынғы режим генералы Мохаммед Зия үл Хақтың жақтастары, экстремизм мен фанатизмге - көзсіздікке берілгендер тұр деді. Пәкістанның қауіпсіздік қызметінің қатарын мұндай элементтерден тазалау керек деп атап көрсетті ол.

Зия Беназир Бхуттоның әкесі, премьер-министр Зулфикар Әли Бхуттоны 1977 жылы биліктен кетіріп, орнына келген, екі жылдан кейін оны өлтірген. Зияның өзі 1988 жылы ұшақ апатында қаза тапқан. Саяси одақтастары Беназир Бхуттоның еліне қайып оралған кезде өзіне қастандық жасалуы мүмкін екендігін күткендігін және ондай қастандықты жасаушылар болуы мүмкін делінген Пәкістан қауіпсіздік қызметінің бұрынғы офицерлерінің тізімін дайындап, егер қаза тапқан жағдайда оны жариялау керектігін айтқан еді дейді.

Беназирдің АҚШ-та тұратын бұрынғы кеңесшісі Хуссейн Хаккани бомба шабуылдарына Пәкістан барлау қызметінің қатысы бар деген айыптаулар жан-жақты, дұрыс тексерілуі тиіс, сонда ғана бұның артында кімдер тұрғанын анықтауға болады дейді.

Пәкістандық журналист Ахмед Рашид қастандық жасап, өлтіргісі келгендер Беназир Бхуттоның жақында айтқан сөздеріне байланысты ашуланған ислам экстремистері ғана емес, сонымен қатар Пәкістан әскерилері де болуы мүмкін дейді.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG