Accessibility links

Қазақстан соты экология заңды бұзғаны үшін «Тенгизшевройл» компаниясына 37 миллиард теңге айыппұл салды


Қазақстанда сот шешімімен Атырау облысында жұмыс істеп жатқан «Тенгизшевройл» мұнай компаниясы жергілікті экология заңдарын бұзғаны үшін 37 миллиард теңге айыппұл салынды. Бұл туралы қазанның 23 күні Атырау облыстық экология басқармасының маманы Құралай Шанкиева хабарлады. Экологтың айтуынша, компания мұнай өндірген кезде пайда болатын миллиондаған тонна зиянды күкірттің тек азғантай бөлігін залалсыздандырып келеді. Бірақ, «Тенгизшевройл» компаниясы сот шешімімен келіспейтіндігін және аппеляцияға беретіндігін жеткізді.

12 қазанда Атырау облысының мамандырылған ауданаралық соты экологтардың «Тенгизшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты шағымының бір бөлігін қанағаттандырды. Атырау облыстық экология басқармасының мәліметінше, мұнай компаниясы жыл сайын 1 миллион 400 мың тонна күкірт шығарады. Ал залалсыздандыратыны соның жартысына да жетпейді. Қалғанын компания жылдар бойы заңсыз жинап келеді деп айыпталған. Соңғы сот үкімі бойынша мұнай компаниясы экология заңдарын бұзғаны үшін мемлекет пайдасына 37 миллиард теңгеден астам қаржы төлеуі тиіс. Атырау облыстық экология басқармасының маманы Құралай Шанкиеваның түсіндіруінше, экологтар компанияға биылғы жылдың ұлғайтылған қоқыс сақтау тарифтерімен айып салған, ал сот 2003 жылда басталған төмеңгі тарифтерден бастап есеп жүргізді:

- Қоқыстың тарифтері бар жергілікті әкімшілікпен, мәслихатпен бекітілген. Біз биыл салғаннан кейін жалпы көлемге биылғы тарифпен салдық, ал сот 2003 жылдан бастап әр жылғы ставкаға бөліп тастады.

«Тенгизшевройл» компаниясының Атыраудағы заңгерлері орнында жоқ болып шықты. Ал, эколог Шанкиеваның айтуынша, компания тіпті осылайша азайып қалған айыппұлды төлеуге келісіп отырған жоқ:

- Олар аппеляцияға берді. Енді облыстық сотта, сосын жоғарғы сотта қаралады. Ол бірден төлей қоймайды ондай айыппұлды. Соттың шешімімен келіспей жатыр. Біріккен кәсіпорын болғансоң бұл мәселелер халықаралық сотта қаралуы керек дейді. Сосын біздің кінәратымызбен, біздің заңдылықтарымызбен келіспейді.

Күкіртке байланысты сот шағымы осы жылдың мамыр айындада болған. Атырау облысының Жилой ауданының прокуратурасы «Теңізшевройл» жауапкершілігі серіктестігін табиғат заңдарын бұзды деп айыптап сотқа берді. Компания 2006 жылғы есебінде 400 мың тоннадан астам күкіртті көрсетпей, мәліметті жасырған, сөйтіп мемлекетке күкірт сақтау үшін төленетін 1 миллиард теңгеден астам қаржы түспей қалған, дейді прокурорлар. Атырау облысының мамандырылған ауданаралық экономикалық соты прокуратура шағымын қанағаттандырды. Бұл туралы Бас прокуратурасының ресми өкілі Сапарбек Нүрпейісов хабарлады:

- Ол күкіртке байланысты. Оларда арнаулы карта бар. Сол жерде күкірт жиналады. Көптеп жатпайды. Белгілі зауытқа өңдеуге алып кетіп жатыр. Өздерінің төлейтін құны бар. Сол құнды олар жыл бойы төлемей келген.

Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақовтың мәліметінше «Теңізшевройл» 1993 жылдан бері экология заңдарын 98 рет бұзған:

- «Теңізшевройл» компаниясын қанша тексерсекте ол ешқандай өзінің жұмысын жақсартуға шара қолданбай жатыр. 9 миллион тонна күкірт далада жатыр.

Министр Ысқақовтың айтуынша егерде «Теңізшевройл» экологияны ойламаса оның жұмысы сот арқылы мүлде тоқтатылады. «Теңізшевройл» компаниясы әзірге еш ақпарат берген жоқ. Ал, минералды ресурстар министрлігінің мұнай департаментінің өкілі Амантай Суесиновтың айтуынша соттан басқада амалдар бар:

- «ТШО» келісім бойынша жұмыс істеп жатырғой. Бірақ, министрліктің мәселелері дұрыс, біраз күкіртті далаға шығарып қойып зияны тиіп жатыр. Бірақ, бірден лицензияны тартып алу жолы дұрыс емес.

Атырау облыстық табиғат прокуратурасының мәліметінше, «Теңізшевройл» серіктестігінің басшылығы болашақта мұндай оқиғалар қайталанбайды, деп уәде берген. Ал, кейбір бақылаушылардың айтуынша ірі «Теңізшевройлға» экология министрінің тісі бастапуы мүмкін. Өйткені бұл біріккен кәсіпорын құрамына АҚШ-тың «Шеврон» және «Эксон Мобил» Ресейдің «ЛукОйл» және жергілікті «ҚазМұнайГаз» сияқты ірі алпауыттар кіреді. Компания тәулік сайын шығатын Қазақстандағы барлық мұнайдың 20 пайызын өндіріп келеді деген мәлімет бар.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG