Accessibility links

Ақсы оқиғасы бойынша екінші сот аяқталды, түрмеге ешкім отырғызылмады


Қырғыз милициясы осыдан бес жыл бұрын Жалалабад облысы Ақсы ауданында бейбіт шеруге шыққан халыққа оқ атқан, алты адам өлтірілген. Сот 23 қазанда екі жергілікті ресми қызметкерді айыпты деп тапты. Дегенмен, құрбан болған адамдардың туысқандары оқ атуды бұйырған жоғары басшылар жауапқа тартылмай қалды дейді.

Ақсы ауданының орталығы Кербен қаласында өткен сот тыңдауларын Бишкек Әскери гарнизонының соты жүргізді. Бұрынғы облыс прокуроры Зоотбек Құдайбергенов және бұрынғы аудандық милиция бастығы Құбанычбек Тоқабаев айыпты деп табылды, бес жыл шартты түрде түрмеге кесілді, оларға екі жыл сынақ мерзімі берілді. Сотқа тартылған үшінші азамат, бұрынғы ішкі істер министрінің орынбасары Садырбек Дубанаев ақталды.

Ақсы оқиғасы елді президент Асқар Ақаев басқарып тұрғанда орын алған. Ақсы оқиғасынан кейін қоғамдық жиындарға шектеулер қойылды, Асқар Ақаев бастаған үкімет пен оппозицияның текетіресі ұлғая түскен. Ақсы оқиғасы бойынша алғашқы сот Асқар Ақаевтің кезінде өтті, жауапқа тартылған бірнеше азамат айыбымыз жоқ деген. Асқар Ақаев биліктен кетілірген соң парламент депутаты Әзімбек Бекназаров бастаған белсенділер Ақсы оқиғасын қайта тергеу керек деп бастама көтерді, іс осы наурыз айында қайта қарала басталды. Ақсы оқиғасына түрткі болған жағдай да – осы депутат Әзімбек Бекназаровты қудалау тоқтатылсын, Асқар Ақаевтің үкіметі оппозиция басшысы Әзімбек Бекназаровты түрмеден шығарсын деген халық талабы болған. Қырғызстандағы сол кездегі саяси дағдарыс шарықтаған тұсына жетті, ақыры 2002 жылы наурыз айында қан төгілді.

Енді міне, елдің жаңа демократиялық үкіметінің тұсында Ақсы оқиғасын қайта тергеуге мүмкіншілік туды. Алайда істің ақ-қарасы толық ашылды ма, халыққа оқ атуды бұйырған барлық ресми қызметкерлер жазасын алды ма? Ақсы құрбандарының соттағы өкілі Сартбай Жайчыбеков сот үкімі тым жұмсақ, түрлі лауызымда отырған ресми қызметкерлер әлі де жауапқа тартылатын емес дейді.

Ал айыпты деп табылған азаматтар шы? Бұрынғы облыс прокуроры Зоотбек Құдайбергенов халыққа оқ ату бұйрығына еш қатысым болмаған, сотта қаралған дәлелдер бойынша ақталуым керек еді, дейді "Азаттық" радиосына берген сұхбатында. Айыпты деп табылған екінші тұлға да кінәлі емеспін, алғашқы сот бойынша ақталған едім, сотқа екінші тартылғаным жөнсіз дейді.

Ақсы оқиғасы бойынша өткен екінші соттың нәтижесі міне осындай. Екі бұрынғы ресми қызметкер айыпты деп табылды, бірақ оларша шартты түрде жаза берілді, олардың түрмеге жабылуы екі талай. Құрбан болғандардың туған-туыстары шындық екінші сотта да ашылмай қалды дейді. 2002 жылы Ақсы шеруі күшпен басылған соң қырғыз қоғамында Асқар Ақаевтің үкіметіне қарсы наразылық өсе түскен. Ақыры, халық толқуы 2005 жылы демократиялық революцияға ұласты, президент Ақаев елден қашты, билікке оппозиция жетекшісі Құрманбек Бақиев бастаған жаңа үкімет келді.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG