Accessibility links

Американ Қорғаныс Министрі Ресеймен арадағы стартегиялық байланыстар жөнінде Азаттық радиосына сұхбат берді.


Қазанның 23-інде Азаттық радиосына берген ауқымды сұхбатында Американ Қорғаныс Министрі Роберт Гэйтс ресми Вашингтон мен Мәскеу арадағы байланыстардың болашағына сенімін білдіріп, Ресейдегі демократияның даму бағдарына орай өз пікірін ортаға салды. Американ Қорғаныс Министрі Роберт Гэйтстың Азаттық радиосына берген сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз. Сұхбатты Азаттық радиосының арнайы тілшісі Браян Уитмор өткізген болатын.

Американ Қорғаныс Министрі Роберт Гэйтс өз сөзінде, екі арадағы байланыстардың күрделенуіне қарамастан, Америка Ресейді әлі де өзінің стратегиялық әріптесі ретінде қарастыратынын және Ресейде демократияның әлі де кең тамыр жаятындығына сенетіндігін атап өтті.

Бұл мәлімдемесін ол қазанның 23-інде Прагадағы Американ елшісінің резиденциясында Азаттық радиосына берген арнайы сұхбатында жасады.

"Ресейдің өзі мұны теріске шығармайынша, біз оны стартегиялық әріптесіміз ретінде қабылдауымыз керек деп ойлаймын. Сөз жүзінде біраз мәселенің орын алғаны рас, алайда іс жүзінде, нақты әрекет мәселесіне келгенде, Ресейліктер әлі орны толмас, кері қайтпас ешқандай шешім қабылдаған жоқ," – деді Американ Қорғаныс Министрі.

Прагаға ол Американың Чехия мен Польшада орналастырмақ зымыранға қарсы қорғаныс жүйесі жоспары мәселесін Чех ресми қызметкерлерімен талқылау үшін келген еді. Ресей мұндай әрекеттің өз қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін екенін айтып, бұл жоспарға қарсы шығып отыр.

Сейсенбі күні Чех үкімет басшысы Мирек Тополанекпен бірге өткізген баспасөз мәсихатында Американ Қорғаныс Министрі Роберт Гэйтс Ираннан төніп тұрған зымыран қаупінің "нақты дәлелі" болғанға дейін Американың зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін іске қосуды кейінге қалдыра тұруды қарастыратынын мәлімдеді.

Американ Қорғаныс Министрі Иран, Косово, зымыранға қарсы қорғаныс жүйесі және тағы басқа мәселелердегі айтыс Америка мен Ресей арасында жаңа Қырғи Қабақ Соғысты тудыруы мүмкін деген пікірдің негізсіз екенін атап өтті. Бүгінгі келіспестіктер кезінде Америка мен Совет Одағы арасында болған әлемдік ядролық теке-тіреспен салыстырғанда болмашы десе болғандай деп мәлімдеді Роберт Гэйтс.

"Әлем мүлде басқа, жағдай мүлде басқа. Сөз жүзінде кей мәселелер қаттырақ айтылып жатса да, іс жүзінде біз ынтымақтаса алатын салалар көп, және біз ынтымақтасып жатырмыз да. Әлемдік деңгейдегі бәсеке, әлемдік деңгейдегі теке-тірес деген жоқ, бір-бірімізге қарсы нысана ретінде тұрақты түрде зымыран қарап тұрған, халық бұған алаңдаулы болған заман жоқ," – деді Американ Қорғаныс Министрі.

Роберт Гэйтс, сондай-ақ, Ресейдің Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы, Ұжымдық Қауіпсіздік Келісімі ұйымы істепетті НАТО-ға балама одақтар құру әрекетіне алаңдайтындай ештеңе жоқ деп атап өтті.

"Кей мемлекет басқа елдерге одақ құру жөнінде ұсыныс жасаған сайын селк ететін ештеңе жоқ. Құрама Штаттары мен НАТО ұйымы әлемде бұрын болып көрмеген ең қуатты одақ. Өз көлеңкемізден өзіміз қорқатындай ештеңе жоқ деп есептеймін," – деді Американ Қорғаныс Министрі.

Азаттық радиосына берген сұхбатында Американ Қорғаныс Министрі Роберт Гэйтс Ресейдегі демократияның жағдайына байланысты соңғы кезде айтылып жүрген алаңдаушылықтарға да өз пікірін білдірді. 1990-шы жылдарда орын алған аласапыран заман көптеген Ресейліктердің демократияға деген сеніміне көлеңке түсіргені анық, – деді Роберт Гэйтс. Алайда, – деп жалғастырды ол, – Президент Владимир Путиннің керағар әрекеттеріне қарамастан, Ресейдегі демократияның болашағы айтарлықтай.

"Демократиялық жүйені құруға уақыт қажет. Сайлау өткізу сізде демократия орнады дегенді білдірмейді. Мұндай жүйе қалыптасуы керек. Ресейге келгенде, мың жыл бойы демократиясы болмаған елге тап боласыз. Менің ойымша, біз Ресейді еркіндікті қалыптастыруға ынталандыруымыз қажет, демократиялық жүйені қалыптастыруға ынталандыруымыз қажет. Алайда біз бұл үшін уақыт қажет екенін де түсінуіміз абзал," – деді Американ Қорғаныс Министрі Роберт Гэйтс Азаттық радиосына берген сұхбатында.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG