Accessibility links

Германия: Өзбек азаматы террорлық шабуылдарды ұйымдастырушы ретінде аталып отыр


Неміс полициясы Рамштайндағы Американ әскери бекеті мен Германиядағы Өзбек және Американ консулдықтарына қарсы террорлық шабуыл ұйымдастырмақ болды деп Өзбек азаматын айыптап отыр. Гофир Салимов есімді бұл азаматқа Өзбекстан ресми орындары да іздеу салып отырғаны белгілі. Ресми Тәшкент оны Өзбекстандағы бірқатар бомбалық шабуылдарға жауапты деп біледі.

Мәскеуде орналасқан адам құқықтарын қорғаушы Мемориал ұйымының мәліметтеріне қарағанда, 29 жасар Гофир Ташпулатович Салимов Тәкшент облысында туып өскен. Өзбек ресми орындары оған 2000 жылдың наурыз айынан бері іздеу салған. Өзбекістанда ол "Конституцияға қарсы әрекеттері" үшін айыпталып отыр.

Ал Тәшкенттік адам құқықтарын қорғаушы белсенді Сурат Икрамов болса, сәрсенбі күні Азаттық радиосына берген сұхбатында Өзбек ресми орындары Салимовты 1999 жылы Тәшкентте орын алған, 16 адамның құрбан болуына алып келген бомбалық шабуыл үшін жауапты адам ретінде іздестіруде екенін хабарлады.

Сейсенбі күні Германияның мемлекеттік теле арнасы Салимовтың Ирандағы Захидан қаласында жасырынып жүрген деп есептелетінін хабарлады. Неміс ресми орындары Салимовты қыркүйек айында беті ашылған террорлық шабуыл әрекетін ұйымдастырушы деп есептеп отыр.

Қыркүйек айында неміс полициясы Салимовтың сыбайластары деп аталып отырған үш адамды тұтқындап, оларды Германияның бірқатар жерлерінде, оның қатарында Рамштайндағы Американ әскери бекеті мен Германиядағы Өзбек және Американ консулдықтарына қарсы, террорлық шабуыл ұйымдастырмақ болды деп айыптады.

Тұтқындаулар болған күннің ертеңіне, қыркүйектің 5-інде, Германия İшкі İстер Министрі Вольфганг Шөйбл Исламдық Джихад Одағы ұйымдастырмақ болған ірі террорлық шабуылдың алды алынды деп мәлімдеді:

"Әл-Қаида жүйесімен тығыз байланыста екені анық Исламдық Джихад Одағы Ауғаныстандағы Германия азаматтарына қарсы ғана емес, біздің елімізде ірі шабуылдар дайындаумен болған. Өз қауіпсіздік қызметімізден мәлім болғанындай, егер күдіктілер бұл жоспарларын жүзеге асысрған болса, оның салдары айтарлықтай болар еді".

Неміс баспасөзінде тұтқындалған үш адамның екеуі Исламды қабылдаған Германия азаматтары Фриц Г. мен Даниэл С., ал үшіншісі – тегі Түркиялық Әдем Й. деп аталды. Хабарларға қарағанда, олардан көп көлемде бомба жасауға жарарлық химиялық заттар табылған. Неміс ресми орындары болса, тұтқындалған бұл үш азаматтың 2006 жылы Пәкістанда жаттығу лагерлерінде болып, Салимовтан бұйрық алғанын хабарлады.

Исламдық Джихад Одағы аты шулы Өзбекстан Исламдық Қозғалысынан бөлініп шыққан ұйым деп есептеледі.

Қыркүйектегі тұтқындаулардан кейін Германия Федералды Бас Прокуроры Моника Хармс атап өткеніндей, Өзбекістаннан тамыр тартқан бұл топ әлемнің әр түпкіріне, оның ішінде Еуропаға жайылып кеткен, Германияда бұл ұйым өз бөлімшесін де құрып үлгерген.

Исламдық Джихад Одағының аты алғаш рет 2004 жылдың наурыз бен көкек айларында Тәшкент пен Бұхарада болған, 47 адамның құрбан болуына алып келген, бомбалық шабуылдардан кейін аталған еді. Ол кезде Өзбек ресми орындары бұл шабуыл үшін жауапкершілікті Өзбекстан Исламдық Қозғалысы мен Хизб-ут-Тахрир топтарына артқан еді. Алайда, сол кезге дейін беймәлім болып келген Исламдық Джихад Одағы бұл шабуылдар үшін жауапкершілікті өздері өз мойындарына алды. Олардың бұл тұрғыдағы мәлімдемесі электронды пошта арқылы таратылып, stopdictatorkarimov.com интернет парақшасында жарияланды.

Көп ұзамай, 2004 жылдың шілде айында Тәшкенттегі Американ және Израиль елшіліктері мен Өзбекстан Бас Прокуратурасының ғимараты алдында бомбалар жарылған кезде, Исламдық Джихад Одағының аты тағы да аталды. Ол жолғы шабуылдардан екі адам құрбан болып, тағы бірнеше адам жараланды. Дәл осы шабуылдан кейін Исламдық Джихад Одағының аты террорлық ұйымдар тізіміне ілінді.

AzattyqTV

Жаһан жаңалықтары

Жээнбеков кім?

XS
SM
MD
LG