Accessibility links

Баспасөзге шолу. 10.25.2007 жыл


Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевке қатысты Қазақстанның жоғары лауазым иелерінің телефон арқылы сөлескен сөздері деген аудиожазбаларды жариялағаннан соң бірқатар Интернет-сайттардың ашылмай қалғанына бейсенбі күні шыққан республикалық газеттер назар аударыпты. Газеттердің бірінде әлгі сайттардың жұмысына кімдер тосқауыл қойды деген мәселе талқыланса, енді бір басылымдар сол жазабаларда айтылған жайттарға тоқталған.

«Тасжарған» басылымы топшылағандай, Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев ашқан электронды соғыс қарқын алуда», - деп жазады осы газеттің тілшісі. Оның айтуынша, «егер бұл бұрын өзара өкпе айту, реніш білдіру түрінде өтсе, соңғы уақытта тақырыптар көбірек нақты әрі деректі сипат алуда». «Өзінің бұрынғы қайын атасы мен оның бағыныштыларынан өзге Әлиев биліктегі басқа қарсыластарын да қаралайды. Оларға тағылған айыптардан кейін, мәселен, ЕҚЫҰ-на мүше елдерде бірден отставкаға кетер еді», - деп жазады «Тасжарған» газеті. Әрі қарай мақала авторы интернетте Қазақстанның Ішкі істер министрі Бауыржан Мұхаметжановтың, президентке жақын тұлғалардың бірі Владимир Нидің дауыстарына ұқсас дауыстар жазылған аудиофайлдардың шыққандығын баяндайды. Бірақ, оның сөзіне қарағанда, «бәрі алда. Қуырдақтың көкесі - түйе сойғанда болады. Мәселе - мемелекет басшысының қасындағы адамдардың моральдық-этикалық келбетін қалай бағалайтындығында. Себебі, қазіргі көлкіп шыққан компроматтың бір түйірі ғана шенеуніктердің төрттен бірін орнынан кетіруге жетеді ғой», - дейді «Тасжарған» газетінің тілшісі. Ол Рахат Әлиевтің мәлімдемелерін жариялаған үш оппозициялық интернет-сайттың тұмшалануы ҰҚК, президент әкімшілігі техникалық бөлімдерінің ебедейсіз әрекеттері шығар деп топшылайды.

Бұл уақытта «Время» газеті «Инкар» Интернет-радиосы да хабар таратуын тоқтатқанын жазыпты. Мақалада «Инкар-инфо» жобасының жетекшісі Сергей Дувановтың «сайттар Рахат Әлиевтің мәлімдемелерін жариялағаны үшін кедергіге тап болған шығар» деген пікірі берілген. Сонымен бірге газетте елдің Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаевтың бұл мәселеден мүлдем хабарсыз екендігі туралы ақпарат жарияланды.

Ал «Свобода слова» газетінде жарияланған «Құрсауда» деген мақалада «Республика» газетінің Рахат Әлиевпен сұқбат шығарғысы келетіндігі, бірақ сол санды баспахана баспай қоя ма деп қауіптеніп отырғандығы баяндалады. Оған қоса осы мақалада халықаралық ұйымдардың оппозициялық сайттардың тұмшалануын БАҚ-на жасалған қысым деп бағалағандығы айтылады.

Ал бұған дейін Ішкі істер министрі Бауыржан Мұхаметжановтың Владимир Нимен сұқбаты деп аталған телефон жазбасын жариялаған «Свобода слова» газеті «Ни мырза, кім?» деген көлемді мақала шығарады. Мақала авторы Гүлжан Ерғалиева сарапшыларға «Қазақмыста» 3 пайыз акциясы бар, Қазақстанның бай адамдарының бірі Владимир Ни кім және неліктен Ішкі істер министрі одан көмек сұрайды?» деген сауал қояды. Бұрынғы вице-премьер Ораз Жандосовтың айтуынша, «Ни ешқандай мемлекеттік қызмет атқармайды. Бірақ, президент Назарбаевқа жақын бес адамның бірі». Қауіпсіздік кеңесінің бұрынғы хатшысы Балташ Тұрсымбаевтың сөзіне қарағанда, Ни Нұрсұлтан Назарбаев Министрлер Кеңесінің төрағасы кезінде көмекшісі болған, кейін Совет Одағы ыдыраған соң мемлекет басшысы әкімшілігінің іс басқарушысы болған адам. «Қазақ Совет Социалистік Республикасы Министрлер Кеңесі мен Коммунистік партияның Орталық Кеңесінің барлық шаруашылығы соның қолында болды да, кейін барлық ғимараттар жабық акционерлік қоғамға өтіп кетті. Қазір ол сол мекемені басқарады. Мұндай адамның кедей болуы мүмкін емес», - дейді саясаткер Балташ Тұрсымбаев «Свобода слова» газетінде. Ал Ішкі істер министрі, оның пікірінше, өзінен дәрежесі жоғарғы адамға жағынғысы келеді.

«Министр мен шаруашылық басқарушының әңгімесі бізді тағы бір себеппен қызықтырады», - дейді Гүлжан Ерғалиева мақала соңында. Ол газетте жарияланған екеуара әңгімеде айтылған кейбір жайттарға сүйене отырып, «журналист Оралғайша Омаршанованың жоғалуы, ол қалам тербеген «Қазақмыстағы» ұрлық мәселесі, Сағи есімді қылмыс әлемінің дөкейінің өлтірілуі және министр мен Нидің әңгімесі арасында байланыс жоқ па?» деген сауалды көлденең тартады «Свобода слова» газетінде.
XS
SM
MD
LG