Accessibility links

Қырғызстанда белгілі журналист Алишер Саиповты әріптестері мен жақындары соңғы сапарға шығарып салды


Бейсенбі күні белгілі журналист Алишер Саиповты жерлеу рәсімі Қырғызстанның Ош қаласында өтті. Қырғызстан президенті Құрманбек Бәкиевтің кеңсесі журналист Алишер Саиповтың өлтірілуіне байланысты тергеу ісін президенттің өзі қадағалайтын болады деп хабарлады. 26 жасар Алишер Саипов Ош қаласында сәрсенбі күні оққа ұшқан болатын. Этникалық өзбек Алишер Саипов Өзбекстан билігін сынап жиі мақала жазған еді. Ол, сондай-ақ, “Саясат” газетінің редакторы және “Америка Дауысы” радиосы Өзбек қызметінің тілшісі болған.

Бейсенбі күні түстен кейін Ош қаласында Алишер Саиповты соңғы сапарға шығарып салуға 200-дей адам жиналды. Олардың арасында журналистер, адам құқын қорғаушы белсенділер мен Әлішердің таныстары және ол көп көмектескен көп адам болды. «Азаттық» радиосы Өзбек қызметінің Ош қаласындағы тілшісі Шерзод Юсуф атып өлтірілген журналист Алишер Саиповты жерлеу рәсіміне қатысқан.

“Жерлеу рәсімі аяқталды. Біз зират басынан кетіп барамыз. Онда 200-дей адам болды. Онда Әлішердің Бішкектегі және Қырғызстанның әр жеріндегі достары, жақын туыстары болды”.

Саипов сәрсенбі күні жұмысынан шығып бара жатқанда атып өлтірілді. Ол оқиғаға куә болған жалғыз адам белгілі саяси сарапшы әрі Ферғана жазығындағы діни топтар бойында сарапшы Иқбол Мирсайтовты полиция сұраққа алды. «Азаттықтың» Қырғызстандағы тілшісі Юсуфтың айтуынша, оқиға болған жерден екі оқ табылған. Бірінші оқ Саиповтың аяғына тиген екен. Сосын қарулы адам Алишерге жақындап, оның басынан атқан. Осыдан кейін ондаған журналист пен үкіметтік-емес ұйымдардың басшылары аймақтағы қауіпсіздік бөлімі кеңсесінің алдында шеру өткізіп, Саиповтың өліміне жауаптылар табылсын деп талап етті.

Енді бұл оқиғаға қатысты Қырғызстан президентінің өкілі Нұрлан Шакиев мәлімдеме жасап, президент Бакиев бұл істі тергеу барысын өзі қадағалайтын болады деді.

Журналист Саипов өз мақалаларында көтерген мәселелер қатарында, Өзбекстан қоғамындағы коррупция туралы, Ферғана жазығындағы мұсылмандардың құқы бұзылып жатқаны жайында болды. Және ол тыйым салынған Өзбекстанның Исламшыл Қозғалысы мен Хизб-ут-Тахрир мүшелерінен жиі сұхбат алып келген.

Алишер Саипов Өзбекстанның Әндіжан қаласындағы қанды оқиға туралы көп жазып, Өзбек шекарасына жақын Қырғызстанның Ош қаласына жақын жердегі босқындар лагеріне де барып, ондағы жүзеген адамның өліміне әкелген 2005 жылдың мамырындағы үкімет күштерінің халықты күшпен басып тастаған соң, Әндіжандағы көтеріліске қатысқандар қашып келіп тоқтаған өзбек босқындарынан сұхбат алып тұрған.

Сонымен қатар, этникалық өзбек Алишер Саипов Қырғызстан мен Өзбек үкіметтері арасындағы күшейе түскен ынтымақтастықты сынап, Өзбекстанның барлау қызметкерлері Қырғызстанның оңтүстігінде еркін жүретінін жазған. Тамыз айында “Азаттыққа” берген сұхбатында Алишер Саипов Қырғызстандағы тәуелсіз журналистер мен азаматтық қоғамға қатысты қауіп өсе түскеніне алаңдаушылық танытқан еді.

“Қырғызстандағы қазіргі жағдайлар туралы қорқынышты болып отыраған, терроризмге қарсы күрес деген желеумен, діни топтардың қысым астына алынуы. Ертең, ондай қысым оппозицияға да болуы мүмкін. Олар немесе үкіметтік емес ұйымдар қуғын-сүргінге тап болуы мүмкін. Біз қазірдің өзінде оның кейбір тұстарын байқап отырмыз. Қырғыз қауіпсіздік күштері тәуелсіз журналистерді аңдиды. Үкіметтік емес ұйым өкілдері тыңшылық жасады деп айыпталды. Оппозиция мүшелері діни экстремистермен ынтымақтастық құрды деп айыпталып отыр. Міне, осының бәрі менің қатты алаңдаушылығымды тудырады”.

Журналист Саипов осы жылдың басында өзбек тілінде “Саясат” деген газет шығарып, ол Қырғызстанның оңтүстігі мен басқа да жеріндегі этникалық өзбектер арасында өте белгілі басылым болды.

Сонымен қатар, Әлішер Саипов “Америка даусы” радиосы мен басқа да аймақтық ақпарат агенттіктеріне хабар беріп келген. Әлішердің қазасы туралы естіген “Америка даусы” радиосының басшылығы оны Өзбек қызметінде болған ең мықты тілшілердің бірі деген. Кейбір бақылаушылар мен Саиповтың достары оның өлімінің саяси астары бар деп біледі. Журналист Саиповтың өзі жақында әріптестеріне Өзбек қауіпсіздік қызметінің адамдары өзін аңдып жүргенін айтқан. Сонымен қатар, Өзбекстандағы аймақтық мемлекеттік телеарналар 30 минуттық бағдарламасында Алишер Саиповтың әрекеттері туралы айтып, ол елдегі жағдайды тұрақсыздандыруда деп айыпталған. Шетелде қуғында жүрген оппозиция белсендісі Шахида Якуб Алишердің атып өлтірілмей тұрғанның сәл алдында онымен кездескенін, онда Саипов өзіне біреулер журналистік қызметіңді таста деп қорқытқанын айтқан.

Сонымен қатар, Әлішер бірнеше рет сұхбат алған Өзбекстан оппозициясының шетелдегі жетекшісі Мохаммад Солих та журналистің өлімінің артында Өзбекстан билігі тұр деп айыптады. Журналистерді қорғау комитеті де бұл өлімді жасағандарды айыптап, өздерінің Саиповтың өлімін естігінде қайғырып қалғандарын айтуда. Бішкектегі АҚШ елшілігі де бұл жағдайға байланысты мәлімдеме таратып, журналистің өліміне жауаптылар әділ жазасын алуы керек десе, АҚШ-тағы “BBG” яғни хабарлар тарату басқармасы Қырғыз билігін бұл қайғылы жағдайды тергеуге толық қатынасуға шақырды.

Қыркүйек айында 26 жасқа толған Әлішер Саиповтың артында әйелі мен үш айлық қызы қалды.
XS
SM
MD
LG