Accessibility links

Қазақстан үкіметі елде үлескерлердің қатысуымен құрылыс жұмыстарын жүргізуге уақытша тиым салмақшы


Қазақстанда үлескерлер қаржысының қатыстырылуымен құрылыс жасап жатқан компанияларға бірінші қаңтарға дейін екі ай бойы жаңа құрылыс бастауға тыйым салынды. Бұл туралы Астанада қазанның 29 күні Индустрия және сауда министрі Ғалым Оразбақов хабарлады. Оның айтуынша бұл үзіліс құрылыс компанияларына қатысты заңның қаталдануымен байланысты. Ал, үлескерлердің өздері онсызда созылып кеткен құрылыс тіпті тоқтап қалуы мүмкін деп алаңдап отыр.

Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов облыс әкімдеріне 2008 жылдың қаңтар айының біріне дейін үлескерлер қаржысымен құрылыс бастауға рұқсат беретін лицензияларды уақытша бермеңдер деген тапсырма берді. Қазақстанның индустрия және сауда министрі Ғалым Оразбақовтың түсіндіруінше бұл «Тұрғын үй құрылысы жөніндегі үлескерлердің қатысуы туралы» заңды қаталдатумен байланысты. «Біріншіден құрылыс компанияларынан тұрғын үй салуда кем дегенде 3 жыл тәжірибесі болуын талап етеміз, яғни, жаңадан құрылған компанияларға үлескерлерден қаржы жинап құрылыс жүргізуге тыйым салынады», дейді министр Оразбақов. «Екіншіден, компанияларға қатысты қаржылай талаптар күшейтіледі. Қазіргі заңда үйді бастаған компанияда міндетті түрде кем дегенде сол салайын деп жатқан үйге жететін қаржының 12 пайызы болуы шарт делінген. Біздің пікірімізше бұл норма жұмыс істемейді. Сондықтан біз бұл нормаға өзгеріс енгізуді жоспарлап отырмыз», дейді ол. Индустрия және сауда министрі Ғалым Оразбақовтың айтуынша заң қабылданғанша бірінші қаңтарға дейін екі ай бойы жаңа құрылыс ашылмайды:

- Құрылыс компаниясында кем дегенде құрылыс нарығында 3 жыл тәжірибесі болуы керек. Біраз компанияларға жаңа лицензия берілмейді. Компанияның өз капиталы 12 пайыз болса, бүгін біз 50 пайыз көлемінде үлескерлерден жиналған ақшаны құрылыс компаниясы банкке депозитке салсын деген ойымыз бар. Заң қабылданғанша жаңа құрылыс басталмау керек. Бұл заңды бірінші қаңтардан енгіземіз деп ойлаймыз. Сонда екі айдың ішінде үлескерлердің қаржысына жаңа құрылыс басталмау керек.

Ал болашақ үлескер Астана тұрғыны Зәмзәгүл Досанованың айтуынша бұл жаңа енгізудің тиімді тұстарымен қатар тиімсіз жақтары байқалады:

- Мен бұл заңның шыққанына ризамын. Салған ақшасына қорықпайды үлескер. Бірақ, бұл неге әбден дағдарыс болғансоң шыққанын түсінбеймін, неге бұл заң бұрын болмаған? Сосын компаниялар азайса, халықта сұраныс көп болады. Ал, сұраныс көп болса әр пәтердің бағасы өседі. Менің ойымша лицензия ала алатын оншақты компания қалса, ал лицензиясыз мердігерлер жүздеген. Олар өз жұмыстары алға басу үшін лицензиясы бар ірі компанияларға пара береді. Сосын мердігерлер параны әр шаршы метр құнына қосып жібереді. Ал азап тартатын халық.

Ал, «Билд инвестмент груп» компаниясының құрылыс департаменті бастығының орынбасары Жанат Байқошқаровтың айтуынша бұл өзгерістер тиімді:

- Дұрыс деп ойлаймын. Қалса бір 10-12 компания қалады. Қазір қалада 150 компания бар. Ал, 10 болса олардың өздерінің сенімді клиенттері болады. Олар адамдарға көп пәтер керек шаршы метрін бір мың доллар емес 5 мың доллар деп қоспайдығой. Басқаларын айта алмаймын, ал, бізде бөтен мердігер жоқ. «АБК Құрылыс» деген бір топ компаниялар бар. Олар еншілес, бөтен емес. Арамызда пара беру болмайды. Біз өзіміз ақша бөлеміз. Олар салады.

Индустрия және сауда министрі Ғалым Оразбақовтың айтуынша заң жобасы бүгін үкіметке ұсынылды. «Енді жорамал бойынша ол жаңа жылдың басынан бастап күшіне енеді», дейді ол.
XS
SM
MD
LG