Accessibility links

Күн сәулесі қуатымен жүретін көліктер технологиясы қарқындай дамып келді


Күн сәулесі қуатымен жүретін көліктер барған сайын шапшаң әрі қолайлы болып келеді. Өткен аптада Австралияның шөлейт аймағында болып өткен күн сәулесі қуатымен жүретін көліктер арасындағы жарыс осыны көрсетіп отыр. Жыл сайын өткізілетін дәстүрлі бұл жарыс көлік саласында күн сәулесін пайдалану технологиясын дамыту, бұл саланы ынталандыру үшін өткізіліп келеді.

Соңғы бірнеше жылда күн сәулесі қуатымен жүретін көлік технологиясы қарқындай дамып келді – бүгінгі күні мұндай машиналар сағатына 130 шақырым жылдамдықпен де жүре алады. Алайда, барған сайын қымбаттап келе жатқан жанар-жағар май бағасына алаңдаулы тұтынушылар мұндай көлік сатып алардан бұрын жадында сақтайтын бір нәрсе бар: күн батқанға дейін үйге жетіп үлгермесеңіз, машинаңызды сүйретуге мәжбүр болуыңыз да мүмкін.

Голландиялық топтың Нуна4 машинасы биылғы жарыстан жеңімпаз шықты. Австралияның солтүстігіндегі Дарвин қаласынан басталған бәйге-жарыста бұл машина 3.000 шақырым қашықтықты 33 сағаттың ішінде тәмамдап, дәл осы Голландиялық топтың былтырғы рекордтық көрсеткішін 4 сағатқа жақсартып тастады. Жарысқа 16 елден келген топ қатысты.

Екінші орынды иемденген Бельгиялық Аврора тобының өкілі Дэвид Фучик күн сәулесі қуатымен жүретін көліктер жарысының мәнісі жөнінде журналистерге былай деді:

"Бұл шараны ұйымдастыру арқылы біз көлік жасау ісінің болашағына қадам басуды ниет етіп отырғанымызды білдіргіміз келді".

Қатарынан 20 жыл бойы өткізіліп келе жатқан бұл жарысының негізін күн сәулесі қуатымен жүретін алғашқы машинаны жасап шығарған Даниялық саяхатшы Ханс Тоструп қалаған болатын. Сол кездегі бір орынды, епетейсіз күн машиналары бүгінгі күні өз пішінін ғана емес, қуатын да өзгертіп үлгерді.

Күн сәулесі қуатымен жүретін көліктердің бүгінгі ең тәуір дегендері спорт машинасынан айырғысыз. Машинаның бүтін беті күн сәулесін жинайтын фотогальваникалық клеткалармен жабылған. Жиналған күн қуаты электрикалы моторды айналдыруға жұмсалады.

Алайда, мұндай машиналардың кемшін тұстары да анық. Түн уақытында мұндай машинаның алысқа ұзай қоюы қиын. Күн сәулесі қуатымен жүретін көлік технологиясының әуенің ластануы мен ауа-райының өзгеруіне қарсы күресіп жатқан адамзат баласына көмекке келуіне әлі де бірталай уақыт қажет тәрізді.

Британиядағы авто-өндіріс саласының кеңесшісі Макр Бурса күн машинасы технологиясына байланысты өз күмәндарын былайша білдіреді:

"Бүгінгі әлемдегі адам тасу қажеттілігіне сай боларлық бұл технологияның айтарлықтай жетістік, артықшылықтары жоқ, электр қуатымен жүретін көлікті пайдалы етудің жолы табылмаған".

Мұндай сынға қарсы тұру және алдағы дамытуды шапшаңдату мақсатында шараны ұйымдастырушылар биылғы және болашақтағы жарыстар алдына ерекше мақсат қойып отыр, ол – көлік қызметін толық атқара алатын күн сәулесі қуатымен жүретін машиналардың жаңа буынын жасап шығару.

Күн сәулесі қуатымен жүретін машиналарды расында да көлік құралына айналдырудың бір жолы бұл технологияны гибридтік машиналарда – дәстүрлі жанар-жағар маймен де, электр қуатымен де жүре алатын машиналарда пайдалану болуы мүмкін. İс жүзінде мұндай машиналар әуені ластайтын зиянды газ мөлшерін 50 пайызға азайтуы тиіс.

Әлемдегі ірі көлік жасаушы өндіріс орындарының көпшілігі бүгінгі күні гибридтік машиналар шығаруды өздерінің жоспарларына енгізіп отыр. Алайда, олардың ешбірі бұл тұрғыда электр қуатының көзі ретінде күн сәулесін пайдалану технологиясын әзірге негізге алғысы келмейді.
XS
SM
MD
LG