Accessibility links

Қазақстанның ішкі істер министрлігі Алматы прокуратурасына «Рахатгейт» деген атпен белгілі 67 том қылмыстық істі тапсырды


Осы іс бойынша айып тағылып отырған 20 адамның арасында Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев, кезінде Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарған генерал Әлнұр Мұсаев және тағы 3 адам сот тыңдауы басталғанға дейін Қазақстанға әкелінбесе, жергілікті сот оларды сырттай соттайды деп хабарланып отыр. Ал, елдегі оппозиция өкілдерінің айтуынша, бұл Қазақстандағы мүдделі адамдардың Рахат Әлиевті Қазақстанға келтірмес үшін жасаған әрекеті болуы мүмкін.

Қазақстанның ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Бағдат Қожахметовтың жазбаша берген мәліметінше, енді прокуратура санкциясы бойынша «Рахатгейт» деген атпен белгілі 67 том қылмыстық іс сотқа беріледі. Бұл жуық арада бұл істе күдікті болып отырған 20 адамға сот айып тағады деген сөз. Ал президент Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы 44 жасар Рахат Әлиевтің өзі, Әлнұр Мұсаев, Вадим Кошляк, Төлеген Имашев және Виктор Сапожников Қазақстанға келтірілмесе жергілікті сот оларды сырттай соттайды деп хабарланып отыр.

Бұған дейін тергеу орындары жариялаған деректерде Рахат Әлиев биылғы жылғы қаңтар айында коммерциялық «Нұрбанк» акционерлік компаниясының бұрынғы басқарушыларын еркінен тыс қамауда ұстап, азаптағаны жайлы айтылған болатын. Алайда Рахат Әлиевтің өзі ондай айыптауларды жоққа шығарып, бұны жала деп мәлімдеме жасаған еді.

Ішкі істер министрлігі баспасөз хатшысының мәліметінше, биылғы жылдың 31 қаңтарында Алматыдағы «Кең дала» бизнес орталығында болған оқиғаларға байланысты істің тергеуі аяқталды. Тергеушілер «адам ұрлау», «рейдерлік», «ұйымдасқан қылмыстық топ құру» фактілері бойынша қылмыстық істер қозғап, олардың барлығы бір өндіріске біріктірілді. Қазақстандағы оппозиция өкілдері болса бұған дейін Рахат Әлиев ұлттық қауіпсіздік комитетінде істеген, сол уақытта жоғары лауазымды шенеуніктерге қатысты көптеген мәлімет жинап алған және сол мәлімет жарияланбас үшін оны Қазақстанға келтірмейді деген жорамал жасайды.

Оппозициялық «Нағыз Ақ жол» партиясының Астанадағы филиалының төрағасы Уалихан Қайсардың айтуынша, енді Рахат Әлиев Қазақстанға мүлде келмеуі мүмкін. Ал У.Қайсардың партияласы Серік Қапаров болса Рахат Әлиевті Қазақстанға келтірмеу себебін былайша түсіндіреді:

- Ол келсе бұл жақта үлкен айқау-шу шығып кетуі мүмкін. Президенттің айналасындағылардың ішінде мұның келмеуіне ынталы болып отырғандар көп.

Астанадағы «Политон» клубының ұйымдастырушысы саясаткер Зәуреш Батталованың айтуынша, Әлиевтің қолында көптеген мәлімет бар:

- Рахатты жауапқа тартады деген сенім жоқ. Рахат президент жөнінде, отбасы және оның қасындағы адамдардың былықпайлары жөнінде көп деректер біледі.

Оппозициялық Жалпыұлттық социал-демократиялық партия өкілі Серікбай Әлібаев та осыған ұқсас пікір айтады:

- Ол Қазақстанға қайтіп келмейді. Қажыгелдин сияқты сол жақта жүреді. Оны келтіру жағын біздің билік те қаламайды.

Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Б.Қожахметовтың жазбаша берген мәліметінде, Р.Әлиев пен оның сыбайластарына қарсы қозғалған қылмыстық іс бойынша сот алдында жауап беретін адамдар тек «адам ұрлаған» деген айып бойынша 15 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін екені жазылған. Министрлік өкілі бұл сот үдерісі ашық болады деп отыр. Сонымен қатар, президент Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің өзіне және онымен бірге күдіктеліп отырған адамдарға қарсы тағы бір қылмыстық іс қозғалуы ықтимал.

«Себебі, Қазақстан заңдары бойынша, егер де адам бірнеше ай бұрын жоғалып табылмай кетсе онда автоматты түрде адам өлтіру деген күдікпен қылмыстық іс қозғалады. «Нұрбанк» басшысының бұрынғы орынбасары Жолдас Темірәлиев пен банктің әкімшілік-шаруашылық бөлігінің бастығы Айбар Хасенов әлі табылмай отыр. Бірақ, оларды іздестіру шаралары адамдар табылмайынша жалғаса береді», - дейді Бағдат Қожахметов.

Сонымен бірге жақында Алматы қаласы маңындағы Көлді ауылындағы Әлиевтердің жер үйлерінен алыс емес жерде табылған адам мүрдесінің қалдықтары әлі зерттеліп жатыр, дейді Қазақстан Ішкі істер министрлігінің өкілі. Ал, кейбір интернет сайттарда пайда болған Қазақстандағы бірқатар жоғары лауазымды шенеуніктердің, соның ішінде елдің ішкі істер министрі Бауыржан Мұхаметжановтың даусына өте ұқсас телефон әңгімелерінің мәтіндері және аудиожазбаларына қатысты министрліктің баспасөз хатшысы Б.Қожахметов, ол Рахат Әлиевтің жасап отырған қорғанысы деп бағалады. Өйткені, бұрын болған әңгімелердің мәтіндері Рахат Әлиевтің өзіне және онымен күдіктеліп отырған қасындағы адамдарға қарсы қылмысты істер қозғалған кезден бастап іле-шала пайда болды, дейді Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы.
XS
SM
MD
LG