Accessibility links

Баспасөзге шолу. 10.31.2007 жыл


Алматы маңындағы табиғаты қорғалатын аумақтардан заңсыз жер телімдерін беруге қатысқандары үшін премьер-министр Кәрім Мәсімовтің шешімімен қызметтерінен шеттетілген шенеуніктер жазасын тарта ма? Сәрсенбі күні жарық көрген басылымдардың барлығы дерлік осы мәселені талқылапты. Газеттердің бірі заңсыз жер бергендері үшін әкімдерді қатаң жауапқа тартып қана қоймай, бұл шараны республика деңгейінде өткізу керек деп есептесе, енді бір басылымдар шенеуніктердің тек қызметтерінен айырылып, құтылатындығын жазған.

«Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің шешімімен қызметтерінен шеттетілген шенеуніктер өздерінің отставкалары туралы хабарды әрқилы қабылдады», - деп жазды «Время» газеті. Мәселен, Қазақстанның Жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы Бақыт Оспанов газет тілшісіне үкімет басшысының шешімімен келісетіндігін айтыпты. «Мен, әлбетте, табиғаты қорғалатын аймақтардағы жер телімдерінің бөлінуін қадағалауым керек еді. Өйткені, ондағы көптеген құрылыстар экологиялық және табиғатты қорғау заңдылығын бұза отырып, салынған ғой», - деген Бақыт Оспанов «Время» газетінде. Бірақ ол өзінің әкімдерге қатаң шара қабылдамағанына өкініш білдіріпті. Оның сөзіне қарағанда, «жер бөлу бойынша барлық құқық соларға берілген. Олар жерді тартып алуға, сатуға құқылы болатын», - дейді премьер-министр шешімімен қызметінен шеттетілген Жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы «Время» газетінде. Ал үкімет басшысының шешімімен қызметінен кетуі тиіс келесі шенеунік - Алматы қаласының бұрынғы әкімі, Төтенше жағдайлар министрі Виктор Храпунов газет тілшісімен сөйлесуден бас тартса, Алматы қаласы әкімнің орынбасары Яков Заяц жұмыста кемшіліктердің болғанын мойындапты. Бірақ, оның айтуынша, табиғаты қорғалатын аймақтарда жер мен үй-жайдың салыну құқығын рәсімдеу бір жағынан жеке меншік құқығына сәйкес келсе, екінші жағынан табиғи саябақтар құқығының жапа шегуі мүмкін. Алатау бөктерінде салынған үйлердің заңдылығын тексеретін комиссия жұмысына араласқан бастамашыл топтың мүшесі, Қазақстан кинематографистер Одағының төрағасы Игорь Вовнянко шенеуніктердің жұмыстан кетуі басқаларға сабақ болады десе, Қазақстан Дизайнерлер Одағының төрағасы Тимур Сүлейменов заңсыз салынған үйлер үшін өтемақының берілуі турасында шешімді тек сот шығаруы тиіс деп есептейді.

«Литер» газеті болса, Бас прокуратураға сілтеме жасай отырып, «өтемақының көлемі әрбір нақты объект бойынша жеке-жеке шығарылатындығын» жазыпты. «Бас прокуратурада табиғаты қорғалатын аумақтадан жеке меншікке жер бөлу деректері басқа аумақтарда да кездесетіндігіне сенімді», - дейді «Литер» газеті. «Сондықтан, мұндай жерлерден жеке меншікке жер беруге тыйым салуды ұсынады. Оған қоса Бас прокуратура жерді өз бетінше басып алып, онда құрылыс салушыларға қатысты жауапкершілікті күшейту қажет деп есептейді», - деп жазыпты газет тілшісі. «Өзенді екі рет бойламайсың» деген «Литер» газетіндегі келесі мақалада Алматы сәулетшілер одағының төрағасы Сергей Мартемьянов «шенеуніктердің аттарын атау тек уақытша, әкімшілік шаралармен шектелетін бір реттік акция болмайтын шығар», деп үміттенетіндігін жеткізген.

«Әкімдердің заңсыз жер бөлуін әшкерелеу республикалық деңгейде жүзеге асуы мүмкін бе?» - деген сұрақ қояды «Айқын» газеті сарапшыларға. «Бұл – өте дұрыс көтерілген мәселе», - деп есептейді «Жер және қазақ тағдыры» комиссиясының төрағасы Сапабек Әсіпұлы. Оның пікірінше, әкімдердің жерді бөлуінде былық көп. Мәселен, Алматыда отырған адам сонау Солтүстік Қазақстаннан ірі көлемді жер алып қойған. Немесе алыс аймақта тұратын әкімқаралар Алматыдан жер алу мүмкіндігіне қол жеткізген. Бұл – жер бөлудің айналасын сыбайластық жайлап алғанын айқындап тұр», - дейді Сапабек Әсіпұлы «Айқын» газетінде. Оның айтуынша, «осы мәселенің түп-тамырын қайта-қайта қопарып, заңсыздыққа жол берген әкімдер мен шенеуніктер тиісті жазасын алуы керек». Сенатор Тасбай Симамбаев та «жер бөлудің айналасында былықтың көбейіп кеткені соншалық, кейбір облыстың әкімдері облыс аумағындағы саябақтарды иемденіп алғандығын» айтады. Сенатор «еркінсіп кеткен әкімдерді сабасына түсіру үшін сабақ болатын осындай істерді жиі қолға алуымыз қажет десе, саясаттанушы Әзімбай Ғали «жер бөлу мен сатудың айналасындағы түйткілді шешу үшін республикалық деңгейде қатаң тексеру жүргізілсе құба-құп. Қатаң бақылау мен қадағалау жүргізілгенде ғана біз бұл мәселенің түйінін тарқататын боламыз», - дейді.

«Экспресс К» газеті болса, «Қудалау болмайды» деген мақалада «Алматы маңындағы қорғалатын аумақтар мен ұлттық саябақтардағы жер телімдерін заңсыз таратуға қатысы бар шенеуніктер қылмыстық жауапқа тартылмайды» деген Бас прокуратураның ресми мәлімдемесін келтіріпті. «Жерге қатысты «бомба» екі күн бұрын жарылған. Енді бәрі оның жалғасын күтіп отыр. Айып тағылған шенеуніктер тек жеңіл-желпі қорқыныш пен жұмсақ орынтағынан айырылумен ғана шектелмек», - дейді «Экспресс К» газеті.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG