Accessibility links

Бюджеттен қосымша бөлінген 4 млрд. доллардың қалай жұмсалатын механизмі әлі күнге дейін айқын емес


Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов үкіметтен үлескерлері бар құрылыс компанияларын тығырықтан шығару үшін бөлінген төрт млрд. доллардың пайдалану механизімін түсіндіріп беруін талап етіп отыр. Оның үстіне үкімет құрылысқа үлескерлердің қатысуына тыйым салса, ал бір Астананың өзінде пәтерлерін уақытында ала алмай жүрген үлескерлер саны қаншама?!

Соңғы уақытта бір Астананың өзінде пәтерлерін уақытында ала алмай жүрген үлескерлердің наразылығы үдей түсті. Солардың бірі Астана тұрғыны Дина. Ол жеті өлшеп, сенімді деген «Bi-group» компаниясының өзіне ақшасын салғанда да пәтерін уақытында ала алмай жүргенін айтады:

- Мен осыдан екі жыл бұрын «Bi-group» дейтін компанияның салып жатқан «Достар» ықшам ауданынан пәтер алған болатынмын. Пәтерді ағымдағы жылдың шілде айында берілуге тиісті еді. Алайда алғашында құрылыс әлі аяқталмады деген желеумен пәтер берілген жоқ. Одан кейін коммуникациялық жүйелер тартылмаған. Пәтер әзірге берілмейді дейді.

Динаның айтуынша, құрылыс қазір өте баяу жүріп жатыр. Ал мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов осыдан бірнеше күн бұрын өздері бекітіп берген, құрылыс команияларын тығырықтан шығару үшін бюджеттен бөлінген төрт млрд. долларға қайта оралып отыр. Ол бұл қаражаттың қалай жұмсалатындығы жөнінде ақпарат құралдарынан оқығанын, бірақ өзі экономист ретінде ол механизмнің ақылға симайтындығын айтады. Сонымен бірге үлескерлердің қатысуына тыйым салу түсініксіз дейді. Сондықтан ол келесі сәрсенбіде, үкімет басшысының орынбасары Өмірзақ Шөкеевтің мәжіліс депутатарының алдына келіп, 4 млрд. доллардың жұмсалу механизмінін көрсетіп, түсіндіріп беруін сұрап отыр.

Алайда, биылғы жыл бюджетінен қосымша 4 млрд. долларды бөлуді бекітіп алған, үкіметтің енді қайтадан мәжіліс алдына келіп есеп беруі белгісіз. Ал өз кезегінде үкімет басшысы Кәрім Мәсімов депутаттардың алдында сөйлеген сөзінде былай деген болатын:

- Алдымен біз мемлекетік қолдауды құрылыс саласына үлескер ретінде қатысушы азаматтарға көрсетеміз.

Астанада салынып жатқан көп қабатты тұрғын үй құрылысының барлығының дерлік иелері бар. Яғни үлескерлер, олар арзандау пәтерлерге қол жеткізу үшін тәуекелге барып, құрылыстың тек қағаз жүзіндегі жобасына ақша салады. Енді осылай үлскерлердің қатысуына үкіметтің уақытша тыйым салуын мәжіліс депутаты Марал Итеғұлов дұрыс бастама деп біледі. Ол құрылыс нарығында үлескерлердің қатысуын мүлдем шектету керек деп есептейді. «Құрылыс компаниясы өзі банктен несие алып, немесе акционерлерді тартып салып, содан кейін сату қажет», дейді Марал Итеғұлов.

Алайда үлескерлерді құрылыс нарығынан ығыстырса тұрғын үйлердің бағасы бірнеше есеге қымбаттайды деп алаңдаушылық білдіріп отыр құрылыс компаниялардың өкілдері. Мысалы, «Билд инвестментс групп» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев «Ресейде құрылысқат қатысты заңды қатайтқан кезде, құрылыс компанияларының саны бірден қысқарды. Нәтижесінде тұрғын үйлердің бағасы 30-40 пайызға өсіп кетті. Бұл қатені біз қайталамауымыз керек», дейді.

Ал тұрғын үйлердің бағасы қымбаттап кетеді деген мәселеге байланысты Индустрия және сауда министрі Ғалым Оразбақов банктерден ипотека алудың жеңілдету жолдарын қарастыру қажет дейді.
XS
SM
MD
LG