Accessibility links

Ресей жыл соңына дейін Байқоңырдан бес зымыран тасығышты, соның ішінде үш «Протон» ұшыруды жоспарлап отыр


Биылғы қыркүйек айының 6-сы күні Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылған Ресейдің «Протон-М» зымыран тасығышы апатқа ұшырап, Қарағанды облысының Ұлытау ауданына құлағаннан кейін, Қазақстан үкіметі «Протон» зымыран тасығыштарын қазақ жерінен ұшыруға уақытша тиым салған болатын.

Алайда, сол апаттан соң бір жарым айдай уақыт өте сала Қазақстан үкіметі ресейлік зымыран тасығыштарына қатысты қабылдаған шешімін өзгертіп, қазанның 24-інен бастап Ресейдің «Протон» зымыран тасығыштарының Байқоңырдан ұшырылуына рұқсат берді. Ондай шешім қабылдана сала екі күннен кейін, яғни қазанның 26-сы күні қазақ жерінен Ресейдің кезекті «Протон» зымыран тасығышы ғарышқа ұшырылды. Ал келесі «Протон» қарашаның 18-і күні ұшырылмақшы.

Ресейдің федаралдық ғарыш орталығының хабарлауынша, Ресей биылғы жылдың соңына дейін үш «Протон» үлгісіндегі және «Союз» үлгісіндегі екі зымыран тасығышты ұшыруды жоспарлап қойыпты.

Қазақстанның ғарыштық байланыс орталығының вице-президенті Ғабдуллатиф Мырзақұловтың айтуынша, негізінде Ресейдің зымыран тасығыштарын, соның ішінде «Протон» үлгісіндегі зымыран тасығыштарын техникалық жағынан сапасы нашар деп айтуға келмейді.

«Әрине, қандай бір апаттық жағдайлар жерде де, көкте де бола береді, негізінен бұл зымыран тасығыштар көп жұмыстар атқаруда», - дейді ол.

Алдағы уақытта қазіргі «Протонның» негізгі отыны гептилдің орнына оттегі-керосинмен жұмыс істейтін жағдай туғызса экологияға тиімді болар еді, яғни оған ешқандай зиян туғызбас еді. Бұл мақсатта Ресей де, Қазақстан да бірлесіп жұмыс істегендері дұрыс болмақ дейді Ғ.Мырзақұлов.

Ал Ресей жағы қазақ даласына құлаған «Протоннан» экология мен ел экономикасына келтірген шығынды төлеу мәселесін сөзбұйдаққа салмай шешуі керек, ол үшін екі жақтың комиссиясы отырып, нақтылап есептеп шығарғаны дұрыс дейді ол.

«Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі Дос Көшім зымыран тасығышқа қатысты мәселеде Ресей жағымен қатаң сөйлесе алмай отырған Қазақстан үкіметін сынға алады.

«Үкімет егерде Протон зымыран тасығыштарын ұшырмау жөнінде шешім қабылдаған соң сол шешімде тұруы керек. Ресей қазақ даласына құлаған зымыран тасығыштан келген шығынды төлеуден жалтарып, оны кейінге қалтырып отыруы арқылы ақыры уақыт өткізе келе оны мүлдем төлемей кетуді де ойластырып отырған болуы керек» дейді Д.Көшім.

«Ұлт тағдыры-білім» қозғалысының жетекшісі Ерсайын Ерғожа бұл мәселеде барлық кінә солқылдақтық жасап отырған қазіргі үкіметте дегенді айтады.

Биылғы қыркүйектің 6-сы күні қазақ жеріне құлаған «Протон» зымыран тасығышынан келген зиян көлемін Қазақстан 9 миллиард теңге шамасында деп бағалаған болатын. Ресей жағы биылғы желтоқсан айына дейін шығынды өзі қайта есептеп, содан кейін төлейік деген болатын.
XS
SM
MD
LG