Accessibility links

Ресейде полициядан зардап көргендер Еуропалық соттан қолдау тапты


Бүгінгі Ресейде адам құқықтарының бұзылу жағдайы көп болады, ондағы қиянат жасаушылар қатарында полиция қызметкерлері жиі кездеседі. Зардап шегушілердің көбі өздерінің құқын полиция қызметкерлері бұзып отырғандықтан, ол көрген азаптары туралы айта алмайды. Алексей Михеев сияқты басқалар болса, өздерінің жалғыз мүмкіндігі Адам Құқықтары жөніндегі Еуропалық сотқа шағымдану деп біледі.

Алексей Михеев полицияның өзі ешқашан жасамаған қылмысты мойындату мақсатындағы тоғыз күн бойы азабын көрген. Ешкім де ұрып соғу мен электр соққысына ұзақ шыдай алмайды. Алексейге 17 жасар қызды зорлап өлтірді деген айып тағылды, ол оны Нижний Новгород қаласына көлігімен апарған екен. Михеев өзінің ондай қылмыс жасамағанын прокуратурада айтқан соң, оны қайтадан полиция бекетіне әкетіп, қылмысты мойнына алғызу үшін кезекті рет азаптаған. Ол жерде ол басып ұстап тұрғандардан босап шығып, терезеден секіріп кеткен:

“Менің жалғыз ойым азаптан құтылу болды. Оның бір жолы терезеден секіріп кету деп таптым. Мен секірер кезде, орындықта отырғам, полиция менің иығымнан басып ұстап тұрды және менің қолдарым кісендеулі еді. Мен терезеден үш метрдей жерде алшақ отырғам. Менің қатты секіргенім сондай, мен екі қабат әйнекті басыммен сындырып жібердім”.

31 жастағы Михеев құлағанда омыртқасын сындырған. Енді ол ешқашан жүре алмайды. Ал, ол өлтірді деген қыз ертеңіне үйіне оралған. Ол өзінің туыстарына айтпастан, достарына қыдырып кеткен болып шықты. Азаптап қинау тәсілі терең бойлап тұрған бұл елде Михеев сияқтылардың оқиғасы әдеттегі жағдайға айналған.

Сөйтіп, Алексей Михеев өзінің қамалуы кезінде көрген қиындықтарына заңды өтемақы алу мақсатында, Адам құқықтары жөніндегі Страсбургтегі Еуропалық сотқа қайрылған. 2006 жылы Еуропалық сот Михеевтің арызын қанағаттандырып, оған Ресей 250 мың еуро өтемақы төлеуі тиіс деген шешім шығарды. Бұл Ресей азаматына өндіріліп берілген ең үлкен өтемақы болып отыр.

Алексей Михеевтің өзі болса, мұндай жеңіске жету оңай болған жоқ дейді. Ресейдің сот жүйесімен жеті жыл соғысу барысында оны бірнеше рет белгісіз біреулер өлтіреміз деп қорқытқан. Олар бұл істе сен бәрібір жеңбейсің деп алдын ала ескерткен, жергілікті тергеушілер 23 рет істі ашып, қайта жауып уақыт кетірген. Сосын Михеевтің ісін Адам Құқықтары жөніндегі Еуропалық Сот тыңдауға келіскен соң ғана, оны Ресей қарай бастаған. Жеті жылдай сүргендеңге түскен Михеевтің шағымы бойынша, 2005 жылдың қараша айында жергілікті сот екі полиция қызметкерін төрт жылға түрмеге жапқан. Михеевтің сөзіне қарағанда, ол екеуі бүгінде босатылған. Бірақ, Михеев өзін күшпен азаптағандар сотталғанымен, оларға нұсқау берген адамдар жауапқа тартылмағанын айтады.Тек Еуропалық сот жекелеген адамдарды емес, үкіметті айыптаған үкім шығарды деді.

Жалпы, Ресейдегі коррупция мен басқа да заңсыздықтардан шаршаған ресейліктер жаппай Еуропалық сотқа жүгінетін болды. Өткен жылы 12 мың ресейлік Еуропалық сотқа қайрылса, ол сан Еуропалық Кеңеске мүше 47 елдің бестен бірін құрайды екен. Ресейдің полиция бекеттеріндегі азаптауларға тап болғандар түрлі қиындықты бастан кешіреді. Тіпті ол қинау тәсілдерінің әр түрлі атауы да бар. Десе де, ол жанкешті күндердің өтеуін Еуропалық сотқа шағымданып қайтаруға болады екен дегенді айтады Михеев.

“Қорықпаңыздар, өздеріңіз үшін күресіңіздер. Жеңуге болады. Бірақ, оған өте көп күш салып, айтарлықтай қаржы жұмсау қажет. Барлық қағаздар мен барлық шығындар ақырында айтарлықтай үлкен ақша болып шығады. Мен Азаптауларға қарсы комитетке қайрылдым, олар маған қаржылай және заң жағынан қолдау жасады. Құқығымыз бұзылды деп Еуропалық сотқа жүгінгісі келген адамдар үкіметтік емес ұйымға барып, көмек сұраса болады”, - деген кеңес айтты Михеев.

Ресейге қарсы істе жеңіске жету Михеевтың аяғын қайтармайтыны белгілі, десе де ол өзінің ар-ожданын қорғап, аяғына қажетті медициналық шығындарын қайтара алады. Ал, оның мысалы өз қаласындағы тіпті Ресейдегі полиция бекеттеріндегі азаптауларды тоқтатуға көмектесті ме дегенге, Михеев өзінің сенбейтінін айтты. Себебі, өткен аптада Нижний Новгород қаласында дәл өзі сияқты қамауда азапталып жатқан тағы бір жігіт қашып кету үшін терезеден секірген.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG