Accessibility links

АҚШ Конгресі комитетінің тыңдауында Ресейдегі сайлауалды жағдай талқыға түсті


Сейсенбі күні Уашингтонда болған Конгрестік тыңдауларда Өкілдер палатасының Сыртқы істер бойынша комитеті мүшелері мен сарапшылар Ресейдегі сайлау алды жағдайды талқылаған болатын. Бір партиялы жүйе жағдайында Ресейдегі ауторитарлық билік мәселені күрделендіре түсуде, деген түйін жасалды. Иран мәселесінде АҚШ пен Ресейдің келісетін тұстары көп, деді олар.

АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының Сыртқы істер бойынша комитет төрағасы Том Лантос осы тыңдаулардың ашылуында сөйлеген сөзінде Ресейдегі қазіргі жағдайды көңіл қынжылтарлық, өкінішті дәрежеде, деп сипаттады. Президент Путиннің тұсында Ресей мейлінше орталықтандырылған, ауторитарлық мемлекетке айналып отыр, деді Лантос.

Осы тыңдауларға қатысқан Строб Телботтың айтуынша, Ресейде бостандықтың азаюымен қатар, онда сыбайласқан жемқорлық өрістей түскен екен. Телбот мырза - Ресей мәселесі бойынша белгілі сарапшы, Уашингтондағы Брукингс иститутының төрағасы. Қазіргі кезде өзара әріптестік орнатуға АҚШ та, Ресей де құлшыныс танытпауда, дейді сарапшы. Біраз жыл бұрын Ресей бір партиялы ел болатын болды, деп АҚШ алаңдаушылық танытушы еді. Қазір міне негізгі биліктің бір адам қолына топтастырылғаны да мазасыздық туындатуда, дейді Телбот. Путиннің қазіргі беделі - мықты. Сұралғандардың 80 пайызының оны қолдау себебі, Ресейдегі түгелге дерлік басылымдарға Кремль бақылау орнатып отыр. Саяси оппозиция болса, қудалау үстінде, дейді Телбот.

“Путиннің танымал болуының тағы бір себебі - ол АҚШ-қа қарсы тұруда. Америкалық өзінің әріптесімен әр жолы сайысқан сайын ол бір ұпай жинайды. Бұл тек Путиннің өз елінде жүргізіп отырған ойыны ғана емес. Аталған ойынды ол халықаралық дәрежеде де жүргізіп отыр”, дейді Телбот.

Телботтың айтуынша, АҚШ пен Иранның ренжісуі Ресейге ұнайды. Дей тұрғанмен, бір күндері олардың арасында достық қатынас орнаса, ондай жағдайда Ресейдің шетке ысырылып қалғысы жоқ. Сондықтан, Ресей елі Иранға ядролық және баллистикалық зымыран жасауға көмектескісі келеді, деп түсіндірді Телбот.

Солай бола тұрса да, Батыс пен Иранның әскери қақтығысқа баруын Ресей қаламайды. Бұл идеясын Путин Иран президентімен кездесуінде де айтқан болуы керек. Сондай-ақ ресми Мәскеу Иранның ядролық қаруға ие болуын да қаламайды, деді сарапшы.

Телботтың пікірінше, Иран билігінің ауысқанын қалайтындығын АҚШ ашық айтуы тиіс. Бірақ ол ауысудың өз ішінен жүзеге асқаны жөн, деді сарапшы.

Конгрестегі тыңдауларда сөз сөйлеген Ресейдің саяси сарапшысы Андрей Пиентковскийдің айтуынша, Ресейдің Жалпы ішкі өнімінің 80 пайызын президент әкімшілігі мүшелері бақылап отыр. Дей тұрғанмен, Ресей экономикасының жағдайы, саяси тұрақтылығы, Ресейдің әлем алдындағы беделі мен жекелеген байлықтар да бір мәселеге, атап айтқанда бір мұнай барелінің қанша доллар тұратындығына тікелей байланысты, деді Ресейлік сарапшы.
XS
SM
MD
LG