Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11.02.2007 жыл


Төтенше жағдайлар министрі Виктор Храпуновтың Алматы қаласы әкімі болып тұрған кезінде табиғаты қорғалатын аумақтардан жер телімдерін заңсыз бергендігі үшін қызметтен кетуіне байланысты республикалық басылымдар жұма күнгі санында Храпуновтың бұған дейінгі қызметіне баға береді. Егер бірнеше басылым оның қызметінде өрескел қателіктер бұған дейін де болғандығын баяндаса, енді бір газеттер Храпуновтың қызметтен кеуіне Алматы қаласы әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің қытысы бар дейді. Осы оқиғаға орай Иманғали Тасмағамбетов те республикалық басылымдар назарына ілігеді.

«Жас қазақ» газеті «Қояндар мен әбжыландар» деген мақалада Алматы бөктеріндегі жерлерде заңсыз салынған құрылыс нысандарына байланысты премьер-министрдің бірқатар шенеуніктерді қызметінен кеутін талап етуі талданады. Мақала авторы алдағы жер дауына байланысты келіссөздердегі делдал міндеті Алматы әкімі Иманғали Тасмағамбетовке жүктелгенін тілге тиек ете отырып, «қызығы алғашында Тасмағамбетовке қарсы басталған «крест жорығы» ретінде бағаланған осы шу бірте-бірте өзгеше өң ала бастады», - дейді. «Қысқасы, Тасмағамбетовтен сұмырай жасаудың» сәті түспеген. Есесіне, сұсты комиссия мүшелері – В.Храпунов пен Б.Оспановтардың өздері қызметтерімен қош айтысқалы жатыр. Және қандай атақпен десеңізші?» - деп сөзін сабақтайды «Жас қазақ» газетінің тілшісі. Оның айтуынша, «Алматының әкімі қызметтен кетуден қорықпайтынын әр жерде-ақ айтып жүр. Оған орынтақты тастау мәселе емес, «қалай тастау мәселе». Ал болашақ абыройы үшін алаңдай білу, сол үшін күресе білу бүгінде көпке бұйырмаған», - деп есептейді мақала авторы. Ол Храпунов мырзаның неге тек қазір ғана жазаға іліккені түсініксіз екендігін айтады.

Сонымен, «Храпунов жаза тартып, Тасмағамбетов аман қалды. Неге?» деген сауалды қояды «Республика деловое обозрение» газеті «Өнімнен – президенттікке ме?» деген мақалада. Газет шолушысы Мұхаметжан Әділов Виктор Храпунов пен Иманғали Тасмағамбетовтің Алматы қаласы әкімі ретінде жасаған істерін салыстыра отырып, соңғы әкімнің қала үшін жасаған игі істері көп екенін тілге тиек етеді. «Қазақстанның саяси кеңістігінде зиян шекпей, ұтымды түрде алға жылжып, элиталық топтарды айналасына шоғырландыру жағынан Иманғали Нұрғалиұлы Нұрсұлтан Әбішұлынан кейінгі екінші адам», - деп есептейді мақала авторы. Оның айтуынша, «2007 жыл Иманғали Нұрғалиұлы үшін тіптен жұлдызды жыл болды. Себебі, ол саяси жекпе-жек алаңынан екі басты қарсыласы – Рахат Әлиев пен Виктор Храпуновты ысырып шығарды». Мақала авторы «Нұрбанк» оқиғасының Рахат Әлиев үшін жайсыз болып шығып, оның ақыры қудалануын Иманғали Тасмғамбетовтің ең жоғарғы саяси элита арасынан одақтастар тауып, оларды бұл іске жұмылдыру әрекетімен тікелей байланыстырады. «Иманғали Тасмағамбетовтің басты табысы – ол және оның одақтастары Нұрсұлтан Назарабевқа жол тауып, оған оқиға бойынша өздерінің көзқарастарын таңа білді. Нәтижесінде Рахат Әлиев Венада отырып алып, бұрынғы қайын атасымен интернет арқылы соғысуда, Дариға Назарбаева болса, медиа-империядан айырылып, «Нұрбанктегі» акциялар пакетін қанағат тұтуына тура келді», - деп жазады «Республика деловое обозрение» газеті. Сонымен бірге газет шолушысы Алматы бөктеріндегі жер телімдерінің заңсыз берілуіне орай да Иманғали Тасмағамбетовтің жеңімпаз болып шығып, елдегі ықпалын арттыра түскендігін тілге тиек етеді.

Ал «Деловая неделя» газеті болса, Иманғали Тасмағамбетовтің де табиғаты қорғалатын аумақтан жер бөлуге қатысқанын жазады. Ресми мәліметтер бойынша, Тасмағамбетов мұндай 63 шешім шығарса, оның 31-і жер телімдерін бөлумен байланысты. «Яғни, Храпуновты әйтеуір қызметінен босатты. Ол Тасмағамбетов пен Алматы облысы әкімі Құлмаханов жасамғанды жасағаны үшін емес, олардан көбірек жасағаны үшін кетті», - дейді мақала авторы. Әрі қарай газет тілшісі Алматы қаласы мен Алматы облысы әкімдеріне қатысты шараның қолданылу-қолданылмауы мемлекет басшысының құзырында екендігін жазады премьер-министрдің мәлімдемесіне сілтеме жасай отырып.

«Айқын» газеті болса, Виктор Храпуновтың қызметтен кеткендігін тілге тиек ете отырып, оның бұған дейінгі жасаған жұмыстарына баға береді. «Храпунов – жалаң популист. Оңтүстік астана атандырған қалаға әкім болып тұрған кезінде оның бірер ауыз қазақша тіл сындырғанына ши сындырғандар соның бәрі орынсыз екенін енді ғана аңдағандай», - деп жазады газет тілшісі. Әрі қарай мақала авторы Храпуновтың Төтенше жағдайлар министрі болып тұрған кезіндегі жұмысы турасында да теріс пікір білдіреді.

«Шындап келгенде Алматы қаласының бұрынғы әкімінің іс-әрекетін сыбайласқан жемқорлық, қылмыстық әрекет деп бағалаған дұрыс болар еді. Бұл үшін жаза Қылмыстық кодексте ескерілген», - деп жазады «Начнем с понедельника» газеті. «Бірақ Бас прокуратура шенеуніктер қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтындығын айтады. Соған қарағанда Алматы қаласы мен Алматы облысының бұрынғы әкімінің әрекеттерін прокуратура қылмыс емес, ағаттық деп қарастырса керек», - деп жазады газет тілшісі. «Бірақ Төтенше жағдайлар министрі қызметінен кеткеннен кейін ерлі-зайыпты Храпуновтар, мәселен, Швейцариядағы Альпі тауларына демалуға кететін шығар. Ал біздің елдегі дәстүрге сай үкіметтің шенеуніктерді қызметтерінен босату шешімі сотқа жетпейді», - деп топшылайды «Начнем с понедельника» газеті.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG