«Яғни, Қазақстан тарабы 1999 жылға дейін жасалған келісімдерді бұзып қайта қарауға құқылы болады», дейді парламент Мәжілісі депутаты Ерлан Нығматуллин.
Ал, Еуропалық комиссияның Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстандағы өкілі Режин Руаның айтуынша «Жер қойнауын пайдалану туралы» заңға өзгеріс енгізетін заң жобасы Қазақстан экономикасына қатысты инвестициялардың азаюына әкеп соғуы мүмкін. «Еуропалық құқықта тіпті ұлттық деңгейде қол қойылған контарктілерді қайта қарастыру принципі қолданылмайды және қолданылуы мүмкінде емес», дейді Еуропалық комиссия өкілі Режин Руа.
«Каспий табиғаты» деп аталатын Атыраулық үкіметтік емес ұйымының өкілі Махамбет Кәкімовтың айтуынша осы келісімдердің кесірінен Қазақстанда өндірілетін мұнайдан түскен табыстың 92 пайызы шет елдерге кетеді.
Экономика министрлігінің мәліметінше салықты реттеуге болады. Бірақ, ол үшін өнім бөлісі жөніндегі келісім моделінен бас тарту керек. «Өйткені Өнім бөлісі жөніндегі келісім-шарттар барлық мерзім бойы өзгертілмейді», дейді экономика министрлігінің өкілі Ғалымжан Жақыпов.
«Қазір Өнім бөлісі жөніндегі келісім бойынша жер қойнауын пайдаланушыларға салық салу ашық емес. Өйткені декларативті түрде мемлекетке тұрақты түрде салық түсіп тұру керек деп айтылғанымен іс жүзінде шығынды өсіру арқылы салықты азайтуға мүмкіншілік бар. Оның сыртында, төлем көлемі және Қазақстанның үлесі келісім-шарт жасау барысында анықталады. Бұл жемқорлыққа жағдай жасайды, ал жер қойнауын пайдаланушыларға салынатын салық бірдей болуы шарт», дейді экономика министрлігінің өкілі Жақыпов.
Мысал ретінде Жақыпов Қашаған мұнай кен орнындағы «Eni» компаниясын келтірді. Ал Нью Йорктағы университет өкілі Кэролайн Кейсидің айтуынша мұнай компанияларымен жасалатын келісімдерге қол қоятын Қазақстан үкіметінің өзі. «Сондықтан мұнай компанияларын айыптай беруге болмайды», дейді ол.
Қазақстанның шикізат саласында жұмыс істеп жатқан шетелдік инвесторлар әзірге соңғы ұсыныстарға қатысты көзқарасын білдірмеді. «Қазір министрліктің келісім-шарттарға өзгеріс енгізу ұсынысы үкіметте қаралып жатыр», дейді экономика министрлігінің өкілі Жақыпов.