Accessibility links

Халықаралық қауымдастық Иранға қарсы жазаны қатаңдата түсті


Осы күні Иранның уран шикізатын байыту жұмыстарын доғарудан бас тартқаны үшін БҰҰ оған қарсы экономикалық жаза қолдану туралы 2 бірдей Қарар қабылдады. Әзірше осы екі Қарардың Иран экономикасына қалай ықпал еткені белгісіз. Бірақ оған қоса Америка Құрама Штаттары Иранды дүние жүзінің қаржы қауымдастығынан оқшау қалдыру мақсатымен оған қарсы жаза қолдану туралы біржақты шешім қабылдады және Еуропа мен Азияның банктерін де сондай қадам жасауға шақырды. “Азаттық” Радиосының сарапшысы Иранның ондай қысымға қалай төтеп бере алатынын саралап көрді.

Иранның ұлттық экономикасы тығырыққа тірелгенге ұқсайды. Тәуелсіз талдауға қарағанда, жұмыссыздықтың деңгейі үкіметтің 11 пайыз деген есебінен әлдеқайда жоғары – шамамен 20 пайызға тең. Инфляция деңгейі де үкімет жариялағандай 17 пайыз емес, 30 пайызға жетіп жығылады. БҰҰ-ның экономикалық жаза қолдану туралы Қарарларының Иранға қаншалықты ауыр тиіп жатқанын ешкім нақты айта алмайды. Бірақ азық-түлік пен күнделікті тұтыну туарлары бағасының жиі құбылуынан Иранның 10-даған млн. халқы жапа шегу үстінде. Кейбір сарапшының ойынша, Иранның мұнай экспортынан түсірген орасан зор табысы кез-келген экономикалық қысымның ауыртпалығын жеңілдетеді және Иранның өзіне қарсы БҰҰ қабылдаған екі Қарарының да күткендегідей “нәтиже” бергеніне ешқандай дәлел жоқ.

Оған қарағанда АҚШ үкіметінің Иранға қарсы қолданған біржақты шектеу шаралары қатаңдай түсіп, Иранның мемлекет меншігіндегі ірі банктері мен халықаралық қаржы институттарының арасындағы коммерциялық қарым-қатынасын “тұншықтаруы” мүмкін. Талдаушылардың көпшілігі осындай пікірмен келіседі.

Иранды халықаралық қаржы қауымдастығынан оқшау қалдыруды көздеген ресми Вашингтонның іс-қимылын басқаратын және терроризм мен қаржы мәліметтері бойынша АҚШ министрінің орынбасары Стюарт Левидің (Stuart Levey) мәлімдеуінше, Иранға ұзақ қысым жасау өз нәтижесін береді және Иран “қаржылай қуғын көрушіге” айналады. 1-інші қараша күні АҚШ үкіметі Иранға қарсы қолданатын экономикалық санциясының, яғни жазасының үлкен тізімін жариялады. Бұл шаралар Иранның 20 ресми тұлғасы мен компаниясына, оның ішінде Иранның ең басты 3 банкісіне (Bank Melli, Bank Mellat, Bank Saderat) қарсы бағытталады. АҚШ үкіметі бұл банктерді “қаржы айналымын шатастырды” деп айыптайды. Вашингтонның біржақты экономикалық қысымы өтімді әрі Иранды уран шикізатын байыту жұмыстарын тоқтатуға мәжбүрлеу үшін оған әскери күш көрсету әрекетіне бірден-бір балама бола алатын табанды шара деген пікірмен Иран экономикасының жетекші талдаушылары келіседі.

Париж қаласында тұратын экономист Ферейдун Хаванд (Fereidoon Khavand) АҚШ-тың біржақты шектеу шаралары Иранмен арадағы барлық сауданы күрт ауырлата түседі. Оның сөзіне қарағанда, “шет елдік жетекші банктердің кейбірі Иранның коммерсанттарына несие берудан бас тартып жатыр”, ал “өзге банкттер тіпті Иран азаматтарына есеп-шот ашудан жалтару үстінде”. “АҚШ-тың әлгі шарасына қосылған банктердің қатары өсіп келеді”, -деп мәлімдейді Фелейдун Хаванд, - “тіпті Иранмен арада сауда қатынасы бар Қытай банктері де ұзақ мерзімді несие бермей жатыр”. Оның айтуынша, “дәл қазір олардың бас қалған орнын Дубаидің кейбір банкі толтырып жатыр”, бірақ олар да барған сайын Вашингтонның қысымын анық сезе бастады және Иран фирмаларымен арадағы қарым-қатынасының шығындары арта түсті. Бірақ Ф.Хаванд Иранның мұнайдан түскен орасан зор табысына көзі қызыққан осы аймақтағы және басқа жердегі кейбір шағын мемлекеттің шағын банкі “лайшық судан балық аулағандай” халге душар болуы мүмкін деп ескертеді.

Дамыған елдердің жетекші банктері Иранмен арадағы қаржы істерінен бас тартып жатқан тұста, ол істерді өзге мемлекеттердің шағын банктері қолға алуы да мүмкін. Бірақ, АҚШ-тың санкциясын айналып өте алатын осындай шағын банктерді былай қойғанда, Ресей мен Қытай сынды алып елдердің АҚШ қабылдаған санкцияны аттап өтуіне өзге талдаушылар күмәнмен қарайды. Осы екі ел де БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі және Мәскеу де, Бежин де - Иранға қарсы ұзақ мерзімді жаза қолдануды қолдамайтындарын мәлімдеді.

Халықаралық валюта қорының бұрынғы мүшесі Жаһангер Амузегар (Jahangir Amouzegar) АҚШ-тың қабылдаған біржақты санкциясы өтімді болуы да мүмкін, бірақ Қытай мен Ресей оп-оңай жеңіле қоймас деп есептейтінін айтады. Оның мәлімдеуінше, “Ресей мен Қытайдың көздегені – АҚШ-ты Таяу Шығыстан ығыстырып шығару”. Амузегардың болжауы бойынша, егер Иранның ядролық қаруынан төнді деген қатер расталмаса, онда Мәскеу мен Бежин АҚШ-тың Иранды оқшау қалдыру саясатына немесе осы елге соққы беруіне ешқашан келіспейді.

Тағы бір экономиист әрі Дүниежүзілік банктің бұрынғы кеңесшісі Бағир Әлихани да (Bagher Alikhani) АҚШ-тың санкциясы – Иранға қысым жасаудың өтімді құралы, бәлкім Иранның мұнай экспортына тыйым салудан кейінгі ең өтімді құралы болуы да әбден мүмкін деген пікірмен келіседі.

Иранның патшалық билік тұсында экономика министрі болған Әлихани АҚШ-тың “ақымақ” Иранға басып кіруі немесе бомбалық соққы беруі мүмкін деген әңгімеге тоқталып, мұндай іс-қимылдың Иранның қазіргі абырой-беделін тек өсіре түсетінін ескертті. Әлихани “АҚШ-тың қолдана алатын ақырғы да бірден-бір құралы” ретінде мұнайды атайды. Бірақ сонымен бірге Әлихани ондай қадамның тым қымбатқа түсетінін жасырмайды. Оның пікірінше, Иранның мұнай экспортына шектеу қоятын санкция - халықаралық мұнай нарығын апатқа соқтыруы мүмкін және одан ешкім де пайда көрмейді.

Бағир Әлиханидің мұндай көзқарасы – “Иран мұнайының баламасы” ретінде халықаралық саудаға Ирақ мұнайы шығарылса, онда ол Иран шикізатының экспортына ресми Вашингтонның шектеу қоюына мүмкіндік беретін еді дегенге келтіреді. Бірақ ол Ирақтағы қазіргі ахуалдың ондай қадамға еш мүмкіндік бермейтінін ескертеді.
XS
SM
MD
LG