Accessibility links

Сауыд Арабиясының патшасы Рим папасымен тұңғыш рет кездесті


Сауыд Арабиясының патшасы Абдұлла кеше Ватиканда Рим папасы Бенекдитпен кездесті. Бұл тарихи оқиға, себебі Сауыд Арабиясының патшасы мен Рим папасы тұңғыш рет жүздесіп отыр. Тараптар ислам мен христиан діндері қатынасын талқылайды, Сауыд Арабиясында тұратын католиктердің мәселесін талқылайды деп айтылған болатын.

Сауыд Арабиясының патшасы, дәстүр бойынша, исламның ең үлкен екі қасиетті мекені Мекке мен Мединаға билігін жүргізеді. Оның үстіне Сауыд Арабиясы мұнайдың арқасында әлемдегі ең бай мемлекеттің біріне айналды. Сауыд Арабиясы Батыс елдерімен де жақсы қатынас құрады, Таяу Шығыста сөзі өз алдына салмақты. Рим қаласында жұмыс істейтін Британияның "Таблет" католиктер журналының тілшісі Роберт Миккенс Сауыд Арабиясы патшасының сапары маңызды деп былайша сипаттайды:

- Сауыд Арабиясының жер көлемі мен байлығы баршылық, беделі де жоғары, ол Батыс елдерімен қатынас құрады. Сондықтан ол басқа мұсылман елдеріне ықпал жасай алады. Сондықтан бұл өте маңызды сапар болып отыр.

Сауыд Арабиясының патшасы Абдұлла және Рим папасы Бенекдит осы араб мемлекетінде жасайтын католиктердің жағдайын, діни азшылықтардың құқықтарын сөйлеседі деп алдын-ала жарияланған. Сауыд Арабиясында ұзын сын бір миллиондай католик тұрады, олардың көпшілігі Азия елдерінен жұмыс іздеп келген адамдар. Бірақ оларға шіркеу құрып, қоғамдық жерлерде жиналып, құлшылық жасауға тыйым салынған. Сауыд Арабиясы католиктерінің дінбасшысы, бишоп Пол Хиндер елде тұратын католиктердің құқықтары анықталмаған дейді, Сауыд Арабиясының патшасы мен Рим папасының кездесуінен кейін мәселе бір шешімін тапса жөн дейді:

- Әрине, христиандар жеке жерде кездесе берсін деп осыдан біршама уақыт бұрын ресми айтылған болатын. Бірақ жеке жағдайдағы кездесуге қанша адам жиналады? Мұндай жайттар ешқашан анықталмады. Бұл, әрине, ол адамдардың тұратын мекеніне байланысты, олардың көршілеріне байланысты. Кейбір жағдайда айтарлықтай көп адам жиналатынын білемін, жиын орны айтарлықтай қауіпсіз болса 100 не болмаса 200 адам жиналады. Басқа жерлерде 20 не болмаса 50 адам жиналуы мүмкін.

Сауыд Арабиясы католиктерінің шіркеу салып, шіркеуде жинала алмайтынын өткен айда Ватиканның жоғары өкілі, ислам мәселелерімен айналысатын кардинал Жан Льюс Тауран да сынаған. Дәйексөзге қарағанда, ол мұсылмандар Еуропада мешіттер ашса, мұсылман елдерінде шіркеулердің салынғаны жөн деп айтқан.

Ислам мен христиан діндерінің қатынасын жақсарту әңгімесі мұсылман дінбасшылары тарапынан да айтылады. Осыдан бірнеше апта бұрын 130 шақты ислам дінбасшысы Рим папасы мен басқа христиан дінбасшыларына хат жазып, ислам мен христиан діндерінің өз ара түсінісуіне шақырды. "Таблет" католиктер журналының тілшісі Роберт Миккенс ислам жетекшілері Рим папасына бірінші рет қайырылып отырған жоқ, тұра осындай хат бір жыл бұрын жазылған, бірақ ислам жетекшілері ілтипатпен айтылған рахметтен басқа жауап алған жоқпыз деп ренжиді дейді. Сондықтан, ислам жетекшілері осы жолы да Рим папасынан тиісті жауап күтіп отырса керек.
XS
SM
MD
LG