Accessibility links

«Кришна санасы» отырған жердің бұрынғы иесі діни қоғамнан бір аптаның ішінде жерді босатуды талап етті


"Кришна санасы» діни ұйымы бір апта ішінде Алматы облысының Қарасай ауданындағы қоғамның фермасы орналасқан 47 гектар жерді босатуға тиіс. Осы жердің бұрынғы иесі Ермек Әбдіхалықов қоғам мүшелеріне ферма орналасқан жерден кетулеріне осындай мерзім беретіндігін айтып отыр. Бұл туралы «Азаттық» радиосына хабарлаған «Кришна санасы» діни ұйымының баспасөз хатшысы Максим Ворфомолеев енді діни ұйым мүшелерін көшіруге күш қолдануы мүмкін дейді. Ал жерге қатысты даулы істе облыстық сотта жеңіп шыққан Ермек Әбдіхалықов заңды меншігі болып табылатын жерді өзіне қайтарып алатынына сенімді.

«Кришна санасы» діни ұйымының баспасөз хатшысы Максим Ворфомолеевтің айтуынша, осы жылдың қарашасының 4-і күні діни ұйымның фермасы орналасқан жердің бұрынғы иесі Ермек Әбдіхалықов, кришнаиттардың фермаларына барып, қоғамның фермасы орналасқан жерден кетулеріне бір апта уақыт беретіндігі туралы талабын айтыпты. Өткен қазан айының 23-інде Алматы облысының соты Ермек Әбдіхалықовтың шағымын қанағаттандырып, оның бұрын кришнаиттарға сатқан жерін өзіне қайтару туралы шешім қабылдаған болатын. Нәтижесінде, 1999 жылғы сатып алу-сату жөніндегі келісім-шарт күшсіз деп танылып, 47 гектар жер бұрынғы иесіне қайтарылатын болған еді.

«Кришна санасы» діни ұйым жетекшілері Ермек Әбдіхалықовтан жерді босату туралы талапты қандай негізде жасап отырғанын білмекке, одан облыстық соттың жазбаша талап еткен.

«Алайда, діни ұйым жетекшілерімен тек телефон арқылы байланысқан Ермек Әбдіхалықов сөйлесуден бас тартып, телефон тұтқасын тастай салған», - дейді Максим Ворфомолеев. Мұны ұйымға жасалған жәбір ретінде бағайлайтындықтарын айтқан Максим Ворфомолеев сот шешіміне сәйкес жер аумағын босату туралы талаппен заң бойынша сот орындаушылар айналысу керек деп отыр.

Ал 47 гектар жердің бұрынғы иесі, сот шешімімен сол жерді өзіне қайтарып алған Ермек Әбдіхалықов сәрсенбі күні «Азаттық» радиосына бұл жағдайға байланысты мынадай түсініктеме берді:

– Олардың өздерінің ойлап тапқандары. Олардың бастықтары жоқ. Кімге талап қоясың? Бәрі сиынатын адамдар. Олар сол жердің ешқандай да иесі емес. Мен жердің заңды иесі екенім сотта расталды. Мен өз меншігімді заң шеңберінде қайтырап аламын. Сот шешімін орындайтын органдар - сот орындаушылары, прокуратура, полиция бар. Уақыты келеді. Мен қайтарып аламын, - дейді Ермек Әбдіхалықов.

Бұл жағдайға баға берген қазақстандық адам құқығын қорғаушы Евгений Жовтис: «Менің жеке пікірім бойынша, билік бұл мәселені тым саясиландырып жіберді. Өздері айтатындай, діни төзімділікті көрсетіп алды. Бұл дау - таза шаруашылық мәселеде туындады деп айта алмас едім», дейді.

Бұған дейін Қазақстанның дін істері жөніндегі комитеті "Кришна санасы" ұйымына тәркіленген 47 гектар жеріне өтем ретінде Талғар ауданынан 2 гектар жер ұсынған еді. Алайда, аталмыш діни ұйым мүшелері бұл өтеммен келіспеген болатын. «Өйткені суы жоқ қуаңқы далада өмір сүруге ешқандай мүмкіндік жоқ. Биліктен бар жағдайды бізге жасаңдар деп сұрап отырған жоқпыз. Қоғамның фермада тұратын 40 мүшесіне өмір сүруге және осы қоғамның 30 сиырын бағуға мүмкіндік беруін ғана сұраймыз», - дейді Максим Ворфомолеев.

Қазақстандағы «Кришна санасы» қоғамы орналасқан жерге қатысты дау 2004 жылы басталған болатын. Былтырғы жылы қараша айында Қарасай ауданындағы осы қоғамға мүше адамдар тұрып келген 13 үй құлатылып, 40-қа жуық адам баспанасыз қалса, биылғы жылдың маусымның 15-і күні тағы 12 үй құлатылып, 10 діндәр тұрақты жерінен айырылды. Қазақстандық Адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросы және Алматы Хельсинки комитеті Кришна қауымдастығы діни негізде қуғындалып отыр десе, Қазақстан үкіметі оны толық жоққа шығарып, өздерінің тек заң щеңберінде ғана жұмыс істеп отырғандықтарын алға тартты.

«Кришна санасы» діни ұйымының баспасөз хатшысы Максим Ворфомолеев жер мәселесінде өз құқықтарының аяққа тапталғанын айтып, облыстық сот қаулысын ала салысымен Қазақстанның бас прокуратурасына шағымданатындықтарын мәлімдеп отыр.
XS
SM
MD
LG