Accessibility links

Нажаф әкімі федерализм Ирақ үшін ең жақсы шешім дейді


Нажаф қаласының әкімі Ирақтың аймақтарын қайта құруға және экономика жағынан жетістікке жету үшін федерализм ең жақсы шешім болар еді дейді. Прагадағы “Азат Еуропа / Азаттық радиосына” берген сұхбатында Асаад Султан Абу Гулал кей мәселелерді шешу үшін Нажаф қаласы биліктің орталықсыздану жүйесін пайдаланады, оның нәтижесінде ол экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізді деп мәлімдеді.

Нажаф әкімі шииттердің қасиетті жерлері орналасқан бұл қала тарихи артықшылықтарға ие дейді. Бұл тұрғыда ол діни зиярат етушілерге байланысты қарқынды дамып жатқан туризм саласын атап көрсетті.

2003 жылы Саддам Хуссейннің режимі құлатылғаннан бері діни туризм қарқынды дами бастады. Соңғы жылдары инвесторлар зиярат етушілерге арнап 450-ден астам қонақ үйін құрды. Ирақтың басқа қалаларымен салыстырғанда Нажаф экономикасы айтарлықтай өсіп келеді, себебі бұл қалада сауда айналымы да жақсарған.

Бірақ Ассад Султан Абу Гулалдың айтуынша, биліктің орталықсыздану жүйесін пайдаланып, жергілікті билік орындары негізгі мәселелерді өздері шешіп жатқандықтан Нажаф қаласы соңғы жылдары дамып келеді.

Экономикалық жағынан, әсіресе азық-түлік пен жанар-жағар майға қатысты тәуелсіздікке қол жеткізу үшін осы еркіндіктен пайдалану Нажаф қаласының мақсаты болып табылады, дейді әкім Абу Гулал.

“Аймақтық кеңес және азаматтық әкімшілік ретінде осы мақсатта біздің теориямыз қосымша, тәуелсіз мекемелер құру болып табылады. Мысалы ауруханалар мен дәрі-дәрмектерді сақтау қоймалары үшін денсаулық сақтау саласын дамытып жатырмыз. Ал энергия үшін гидроэлектростанцияларын құрып жатырмыз. Жанар-жағармайды басқа өлкелерден тасымау үшін мұнай айдаушы зауыттарын құрып жатырмыз. Азық-түлікке қатысты, Құдайға шүкір, ауыл шаруашылық өндірісіміз өткен жылы өте сәтті болды, біз шамамен 100 тонна күріш шығардық, осы маусым да жақсы болады деп күтіп отырмыз”, - дейді Нажаф әкімі Абу Гулал.

2004 жылы АҚШ қолдауындағы Ирақ күштері мен Махди армиясы мүшелері арасындағы үлкен шайқастан кейін Нажаф қаласында айтарлықтай басқа ірі қақтығыстар болмады. Махди армиясы Ирақта АҚШ-тың болмауын қалайтын радикалды діни көсемі Мұқтада Әл-Садрды қолдайды.

Әл-Садрдың жақтаушылары мен және тағы басқа шиит діни партияларының қолдаушылары, атап айтқанда Ирақтағы ислам революциясы жөніндегі жоғарғы кеңес Нажаф қаласындағы бақылауға ие.

Қала әкімі Асаад Султан Абу Гулал “Азат Ирақ радиосына” берген сұхбатында федерализм елдің басқа да аймақтарына мүмкіндік береді дейді. Бірақ кей аймақтарда бұған қарсылық бар.

“Федерализм бірқатар проблемаларға шешім болады. Соңғы жылдары біз орталықсызданудың азғана бөлігін пайдаланып келдік. Міне көріп отырсыздар, бізге өкімет азғана билік пен азғана ақша берген еді, үлкен өзгеріс болды. Жергілікті ресурстар жетпесе де, бізде даму болды. Бірақ біз тап болып отырған проблема, Ирақ халқы федерализм туралы көп нәрсе білмейді”, - дейді Абу Гулал.

Ирақта федерализм даулы мәселе деп есептеледі. Сунниттер қауымдастығының айтуынша, федерализм салдарынан мұнайдан түскен табыс бірдей бөлінбеуі мүмкін, және ол елді бөліп жіберуі мүмкін. Ең көп мұнай ұңғылары халықтың басым бөлігі шиииттер тұратын елдің оңтүстігінде және күрдтер тұратын солтүстік аймақтарда орналасқан.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG