Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11.09.2007 жыл


Жұма күні Қазақстанда жарық көрген басылымдар ел ішінде «Рахатгейт» деп аталып кеткен «Нұрбанк» ісіне қатысты соттың басталғаны туралы, осы соттың қалай өтетіндігі жөнінде сарапшылар пікірлері, сондай-ақ мемлекеттік жоғары лауазымды қызметтегі кейбір адамдардың телефон әңгімелерінің тыңдалып, оның жекелеген ақпарат құралдарында жария етілуіне байланысты Қазақстанның заң органдары тарапынан айтылған түсініктемелер мен мәлімдемелер туралы жазыпты.

«Республика» апталығы жұма күнгі «Нұрбанк» қызметкерлерін ұрлауға қатысты қылмыстық іске байланысты сот процесінің қарашаның 9-күні Алматы қаласындағы Алмалы аудандық сотында басталатындығы жайлы жазыпты. «Қазақстан ішкі істер министрлігінен алынған мәлімет бойынша, сот процесі ашық жағдайда өтіледі, мемлекеттік айыптаушылар ретінде 3 адам қатысып оның екеуі Бас прокуратурадан болса, біреуі Алматы қаласы прокуратурасынан болады, ал сот процесін аудандық сот төрағасы Нұрділдә Сейітов өзі жүргізеді» депті «Республика» газеті. Аталған қылмыстық іске қатысы бар деген айып тағылған Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы, Қазақстанның Австрия еліндегі бұрынғы елшісі Рахат Әлиев және оның сыбайластары - барлығы 26 адам жауапқа тартылып отыр. «Ал Рахат Әлиев, Вадим Кошляк, Әлнұр Мұсаев, Виктор Сапожников және Төлеген Имашев бесеуі Қазақстаның заң орындарынан қашып, шетелде бас сауғалап жүргендіктен сот олардың ісін сырттай қарайтын шешім шығарды» деп жазады «Республика» басылымы.

Осы басылымға көлемді сұқбат берген журналист Рысбек Сәрсенбайұлы «Рахат Әлиев Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруді ұйымдастырған және соған тапсырыс бергендердің аты-жөндерін міндетті түрде айтуы тиіс» дей келе, «Р.Әлиев және оның маңайындағы адамдардың Интернет беттерінде жиі айтып жазып жүргендерінің бәрі өтірік дүние емес, оның аз бөлігінде шындық бар» депті. Сондай-ақ ол Р.Әлиевке қатысты Алматыда басталған ашық сот процесінің әділ, нақты ашық түрде өтетіндігіне өзінің күмәні барлығын айтыпты.

«Тасжарған» газеті жұма күнгі санында «Рахатгейт» тақырыбында Рахат Әливке қатысты соттың басталғаны туралы хабарлап, қылмыстық істің барлығы 67 томнан тұратындығын, ал НТК телеарнасының журналисі Анастасия Новикованың өліміне қатысты істің жаңа жылдан кейін қаралатындығы туралы жазыпты. «Соттың басы қарашаның 5-і күні ақпарат құралдарынан жасырын, жабық жағдайда өтті, кейінгі сот процестері ашық өтетіне күмән көп. Өйткені ресми ақпараттар куәлардан жауап алудың жабық есік жағдайында өтетіндігін айтып отыр» деп жазады газет тілшісі Бақытгүл Мәкімбай. «Рахат Әлиевті қорғайды деген австриялық адвокаттар Алматыдағы сотқа бақылаушы ретінде қатысудан бас тартқаны жөнінде ақпарат бар» деп жазады «Тасжарған» газеті. Осы газетте жарияланған «Рахаттың үлкен құлақтары бізді бүгінге дейін тыңдауда» деген мақалада кезінде Рахат Әлиевтің Қазақстандағы оппозицияны толық бақылап отыру үшін қажет деп жоғары басшыларды сендіріп, ең соңғы үлгідегі тыңдау техникасын алдырғаны жазылған. «Ұлттық қауіпсіздік комитетінде арнайы қызмет құрғаны бұл қызметтің Р.Әлиев ұлттық қауіпсіздік комитетінен кетсе де соның бақылауында болып келгені енді президенттен бастап сол басшылардың бәрін өкіндіріп отыр» деп жазады «Тасжарған».

Кейінгі уақытта жекелеген бұқаралық ақпарат құралдары мен Интернет парақшаларында мемлекеттік құрылымдарда жоғары қызмет істейтін басшылар мен жеке тұлғалар арасындағы телефон арқылы сөйлескен сөздердің жарияланғандығына байланысты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қылмыстық іс қозғап тергеу жүргізіп жатқандығы жөнінде «Айқын» басылымы жұма күнгі санында хабарлапты. Бұл мәселеге қатысты Бас прокуратура арнайы мәлімдеме жасап, «аталған ақпаратты тарату іс-әрекеті Қазақстан конституциясы мен жекелеген заң талаптарына қайшы келетіндіктен, оны бұзған азаматтар жауапкершілікке тартылады» деп ескерткенін жазыпты басылым.

«Панорама» газеті бас прокуратураның таратқан әлгі мәлімдемесіне тоқталыпты. «Көрсетілген талаптарды сақтамағаны үшін бұқаралық ақпарат құралдарының меншік иесі не таратушы бас редакторы, жарияланған хабарлар мен материалдардың авторларының жауапты болатындығын ескерткен бас прокуратура құқыққа қарсы ақпаратты таратуға қатысқаны үшін басқа лауазымды адамдардың да жауапқа тартылуы мүмкін екендігін ескертіпті» деп жазады «Панорама» газеті.

«Жас қазақ» газеті жұма күнгі санында Қазақстандағы бюрократияны қалай жеңуге болатындығы туралы мәселе көтеріп, осыған байланысты бірқатар сарапшылардың пікірлерін назарға ұсыныпты. Мысалы, саясаткер Балташ Тұрсымбаев Қазақстандағы бюрократияны жеңу мүмкін емес екендігін айтса, «Нағыз Ақ жол» партиясының тең төрағасы Төлеген Жүкеев «бұл - өте күрделі мәселе, бірақ оны жеңу үшін ең алдымен бұқаралық ақпарат құралдарына еркіндік берілуі керек» депті. Ал сенатор Қуаныш Сұлтанов «бюрократия адамдардың сана сезімі мен міез құлықтарына байланысты мәселе, бұның тамыры тереңде жатыр, бірақ оны түптің түбінде бір жеңуге болады» деген пікір білдіріпті.
XS
SM
MD
LG