Accessibility links

Саакашвилидің елде шынайы демократия орнатам деген міндеттемесіне көлеңке түсті


Өткен сәрсенбі күні төтенше жағдай тәртібі орнатылып, алты күннен кейін Грузиядағы саяси дағдарыс шегіне жеткенде ғана Грузин президенті Михайл Саакашвили өзінің саяси қарсыластарын ымыраға келуге шақырды. Оппозицияның 6 күнге созылған наразылық шеруін күштеп тарату үшін өзінің күш қолданғанын Михайл Саакашвили ақтауға тырысып бақты және ол 2008-інші жылдың 5-інші қаңтарында кезектен тыс президент сайлауын өткізуге келісетінін және кезектен тыс парламент сайлауын не көктемде, не одан кеш өткізу мәселесін шешу үшін президент сайлауымен қатар жалпыхалықтық референдум өткізілетінін мәлімдеді. Алайда грузин президентінің мұндай шешімі тым кеш емес пе? “Азаттық” Радиосының тілшілері соңғы аптада Грузияда болған шым-шытырық оқиғаларды шолып шығып, ол оқиғалардың Грузияның өзін ғана емес, бүкіл халықаралық қауымдастықтың назарын аударып, Саакашвилидің елге шынайы демократия орнатамын деген міндеттемесіне көлеңкесін түсіргеніне көз жеткізді.

23-ші қарашада Грузия 2004 жылы қоғамдық бейбіт көтеріліспен Михайл Саакашвилиді билікке әкелген Раушан төңкерісінің 3 жылдығын атап өтпек еді. Енді оның маңызы бұрынғыдай болмай қалды.

Ел астанасы Тбилисиде қарашаның 2-сінен бері бейбіт шеру өткізіп жатқан оппозициялық көтерілісшілерді күшпен таратып, елде төтенше жағдай енгізу арқылы, президент Михайл Саакашвили өз отандастары мен шетелдегі жақтастарының көңілін қалдырды. Ол шектен тыс күш қолданылған оқиғаға байланысты көпшілік Саакшвилидің осыған дейін демократия негіздері міндеттемелерін орындауға берген сөзіне күдік келтірді.

Азаттық радиосының Орыс қызметіне берген сұхбатында, Грузия оппозициясының белсендісі Ивлиан Хайндрава былай деді:

“Полиция операциясы ешқандай ескертусіз басталды. Полицейлер шерудегілер мен аштық акциясына қатысушыларды аяқтарымен теуіп, ұрып-соғып, бірнешеуін қамауға алды. Бірқатар телеарна өкілдерінің камераларын сындырып, тартып алды. Мұнда бір ғана жол бар, үкімет кетуі керек. Бұл үкіметтің қарапайым халықпен сөйлесетін бір ғана тілі бар, ол көзден жас ағызатын газ ату, су оқтары мен қолшоқпарларын, полиция күштерін қолдану ғана.

Адам құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық “Human Rights Watch” ұйымы Грузия билігінің көтерілісшілерге күш қолданғанын қатты айыптады. Тіпті дағдарысты кезде де грузиялықтар полицияның ұрып-соғуынсыз бейбіт шеру өткізуге құқы бар деп мәлімдеді, “Human Rights Watch”-тың Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Холли Картнер. Бейбіт шерушілерге резіңке оқ атып, күш қолдану заңбұзушылық. Үкіметтің дағдарысты себеп етіп еркіндікті шектейтін құқы жоқ делінген онда.

Қарашаның 2-сінде басталған шеруге басында 70 мың адам жиналған болатын. Полиция алаңдағыларды таратамыз деп көзден жас ағызатын газ қолданып, сойылдарымен ұрып, су атқыштар пайдаланған. Грузиядағы оппозициялық және жеке меншік журналистер үкіметтің хабар таратпауға нұсқау бергенінше шерудегі қақтығысты көріністерді көрсетіп жатты. Елдің денсаулық сақтау министрлігі оның салдарынан 500-ден аса адам түрлі жарақатпен медициналық көмек алғанын айтты.

Оппозициялық шерулерге көбіне жастары үлкен адамдар, кедей аймақтардан келген түрлі партия мен қозғалыс өкілдері қатысқан, олардың ортақ талабы кезектен тыс парламенттік сайлаулар өткізіп, Саакашвилидің орнынан кетуін сұраған.

Грузия конституциясы бойынша елде төтенше жағдай енгізу мәселесі екі күн ішінде парламенттің мақұлдауымен болуы керек. “Freedom House” сияқты бірқатар құқық қорғаушы топтар демократиялық негіздерді алға тартып, бұл енгізілген төтенше тәртіпті алып тастауға шақырды.

Бейсенбі күні Саакашвили өзін жас демократияның жетекшісі ретінде көрсетіп, өз әрекетін ақтағысы келді. Ол полиция күшін қолдану шарасын Батыстан үлгі етіп алдық деп айтты. “France-24 TV”-дің сыртқы істер жөніндегі сарашысы әрі Оңтүстік Кавказ мәселелері бойына сарапшы Роберт Парсонс, Саакашвили Грузияда демократия сәтсіздікке ұшырағанына кінәлі бола алмайды деді:

“Бәрінен бұрын, мен әрбір үкімет мұндай жағдайларға тап болса, яғни ел астанасының орталығында алты күн бойы көтерілісшілер жолды жауып, әдеттегі жол қозғалысына тосқауыл болып жатса оны тазалауға құқы бар екенін айтқым келеді. Бірақ, бір жағынан үкімет тарапынан әділ шешім болуы керек. Мына жағдайда ол кішкене қаталдау болып көрініп отыр”.

Бейсенбі күні Михайл Саакашвили өзінің қарсыластарына жол беріп, елде келесі күзде өтуі тиіс президенттік сайлауды ертерек 2008 жылдағы қаңтар айының 5-іне белгілеу туралы жариялады. Оған қосымша, онымен тұспа-тұс жалпы халықтық референдум болады, онда кезекті парламенттік сайлауды 2008 жылдың көктемінде немесе күзінде өткізу жөнінде қоғамнын сұралады деді.

Ал ел оппозициясы парламенттік және президенттік сайлаулардың 2008 жылға белгіленуіне қарсы болып, ол Саакашвилиге жақын кандидаттарға сайлауда әділетсіз жолмен жеңіске жетуге мүмкіндік береді деген. Енді президенттің парламенттік сайлауларға қатысты жаңа ұсынысы көңілдерін жұбатып отыр ма жоқ па ол жағы әлі белгісіз. Десе де бұл шешім Саакшвилидің өз еркімен өзінің бірінші президенттік мерзімін қысқартуына әкеледі. Грузияда президенттер бес жылдан отыратын болса. 2004 жылы қаңтарда сайланған Саакшвили енді 2009 жылы қаңтарда ғана қайта сайлана алады.

AzattyqTV

Жаһан жаңалықтары

Жээнбеков кім?

XS
SM
MD
LG