Accessibility links

Алматыда Рахат Әлиев пен оның серіктеріне қарсы сот ісі басталды


Қарашаның 9-күні Алматыдағы Алмалы аудандық сотында «Нұрбанк» акицонерлік қоғамының бұрынғы басшы қызметкерлері Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтың ұрлануына байланысты ел президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев пен оның серіктерінің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот мәжілісі басталды. Жарты жылдай уақытқа созылған тергеу-тексерудің іс қағаздары 64 том болса, сотқа барлығы 26 адам тартылып отыр. Оның арасындағы бес адам - Рахат Әлиев, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев, Вадим Кошляк, Төлеген Имашев пен Виктор Сапожников қазір шетелде болғандықтан, сол олардың ісін сырттай қарап жатыр. Алматыда басталған сотта оларға мемлекеттік жақтаушылар тағайындалған.

Қазақстан қоғамында «Рахатгейт» деп аталып кеткен, президенттің бұрынғы күйеу баласы әрі Австриядағы Қазақстанның бұрынғы елшісі Рахат Әлиев пен оның сыбайластарының үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша 9-қарашада Алматыда басталған сотқа тартылған 26 адамның бесеуіне халықаралық іздеу жарияланған. Олар қазір Австрияның астанасы Вена қаласында деген болжам бар. Биыл жазда Қазақстан билігі ол бесеуін елге қайтаруды сұрағанда Австрия үкіметі «Қазақстан соты әділ өтеді дегенге сенім аз және олардың айыпты екендігін жеткілікті айғақтар жоқ» деген негізбен күдіктілерді бермей қойған болатын. Сонымен қатар сотқа тартылғандардың екеуіне тағылған айып түрі өзгертіліп, тек «дер кезінде сотқа қылмыс түралы хабарламаған» деген айып қана тағылып отыр. Олардың біреуі - Австриядан осыдан үш ай бұрын Қазақстанға оралған Сергей Кошлай, екіншісі - Иван Лихоузов есімді адам.

Ал сотқа сырттай тартылған негізгі тұлғаларға «ұйымдасқан қылмыстық топ құрған», «адам ұрлаған, оларды қинаған», «құжаттарды қолдан жасаған», «бопсалау», «өзгенің мүлкін заңсыз жолмен тартып алу» деген сияқты көптеген баптар бойынша айып тағылып отыр.

Сот ашық жағдайда өтеді деп хабарланғанымен, сот басталған күні тілші қауымды протоколдық фото-теле түсірулерге ғана кіргізіп, кейін арнайы теледидар қойылған бөлмеге шығарып жіберді. Сот прокуроры Владимир Кириленко оның себебін сот жүріп жатқан бөлменің тарлығымен түсіндірді.

Бірақ, сол мәжілісі басталған сәтте журналистер отырған бөлмедегі теледидардың дыбысы жарты сағатқа өшіп қалып, тілшілер сотта айтылғанын естімей қалды. Тек тілшілердің қауымдасып жазған өтініш-арызын ескеріп, істі тыңдап отырған Алмалы аудандық сотының төрағасы Нұрділла Сейтов техникалық себептермен сотқа түске дейін үзіліс жариялады. Кейін сұрап білгеніміздей, көрші бөлмедегі тілшілерге дауысы естілмей жатқан кезде, сот ісімен танысу процедуралары мен өтініш-арыздар қаралыпты. Айыптаушы жақтың тарапынан «Венадағыларға сот басталатындығы туралы хабар жекізілгендігі туралы нақты дәйектері бар ма?» - деген сауал да қойылған екен.

«Мен ондай хабардың Венадағыларға жеткізілігенін ресми растаймын, ол туралы тиісті құжаттар бар. Бірақ Венадағылар біздің сотқа шақырған қағаздарымызды алмай, кері қайтарып жіберіпті. Ол енді олардың құқығы», - дейді Владимир Кириленко.

Прокурор Кириленко кезінде Алтынбек Сәрсенбайұлының сотында да прокурорлық еткен болатын. Ал бұл жолғы сотта үш бірдей прокурор қатысып отыр. Сотқа тартылғандардың бәрінің жақтаушылары бар. Рахат Әлиевтің ар-ожданын талай сотта арашалаған Любовь Балмағамбетова сотқа жақтаушы ретінде жіберілгенімен, ол бұл жолы басқа тұлғаларды қорғайтын болыпты. Рахат Әлиевтің қорғаушысы болып Қанат Әлімбаев, ал Әлнұр Мұсаевқа жақтаушы Аян Бұзабаев тағайындалыпты.

Соттың алғашқы отырысы жалпы процедуралық мәселелерден соң прокурордың тағып отырған айыптармен танысумен аяқталды. Онда Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаев бастаған топ нақты қандай қылмыс бойынша сотқа тартылып отырылғаны айтылды.
XS
SM
MD
LG