Accessibility links

Қырғызстанда алғашқы босқындар орталығы ашылды


Қарашаның 12-де Қырғыз үкіметі өзінің алғашқы босқындар орталығын Бішкек сыртынан ашты. Ресмилердің айтуынша, онда 30-дай отбасы сиыса алады. Ауғанстан және Тәжікстандағы азаматтық соғыстар мен Өзбекстанның Әндіжан оқиғасынан кейін де мыңдаған босқындарға Қырғызстан баспана берген болатын.

Бішкек маңында ашылған бір қабатты Босқындар орталығының ғимараты БҰҰ-ның Босқындар ісі бойынша комитеті мен Қырғыз үкіметі тарапынан салынған болатын. Бұл- Орта Азиядағы осындай алғашқы орталық болып отыр.

Өзбек босқыны Улугбек Бакиров осындай орталықтың ашылғандығына қуанатындығын айтқанымен, ол орталықтың тек 30 шақты отбасын сиғыза алатындығына қынжылуда. 1996-шы жылы БҰҰ-ның Босқындар ісіне байланысты келісіміне қол қойғалы бері Қырғызстан 15 мың босқынды паналатты. Олар әдетте шатырлар мен уақытша баспаналарда тұратын.

Тәжікстан және Ауғанстандағы азамат соғысынан қашқандар мен Әндіжан оқиғасынан босып кеткен бірнеше мыңдаған адам Қырғыз жерінде бас сауғалаған еді. Олардың біразы еліне қайтты. Қырғыз азаматтығын алғандары да бар. Үшінші елдерге өткендеріде бар. Дей тұрғанмен, өткен жылғы 3000 мың босқыннан қазір олардың саны 700-ге түскен екен.

Қырғызстанға көршілес Қазақстан үкіметі сан мыңдаған еңбек мигранттарын қабылдағанымен саяси босқындарды паналату мәселесіне қатаң қарауда. Мысалы, 2002-ші жылы ұйғыр текті кем дегенде 5 Қытай азаматын сол елге қайтарған болатын. Олардың екеуі адам өлтірді деген айыппен Қытайда өлім жазасына кесілген еді.

“Қырғыз үкіметі тарапынан өздерінің заңды босқындар ретінде қабылданатындығын ол азаматтар біледі. Үкімет тарапынан өзіне босқын мәртебесі берілген адам Қырғызстанда тұрып, өз өмірін құра алады. Олардың нақты хұқықтары қорғалатын болады. Мұнда босқындарды қолдау ісінде ұлттық жүйе бар. Әрине, мұндағы істерге БҰҰ-ның Босқындар комитеті 100 пайыз қанағаттанып отырған жоқ. Алайда, мұның өзі осы аймақтағы ең жақсы жүйе болып отыр”, - деді БҰҰ-ның Босқындар ісі бойынша Бішкектегі өкілі Витали Маслоуски.

БҰҰ-ның Босқындар ісі бойынша комитеті 1996-шы жылдан бері Қырғызстанға 4 миллион доллар көлемінде көмек берді. Ол қаржылар баспанаға, әлеуметтік қолдау және білім беру ісіне жұмсалуда. БҰҰ-ның Босқындар ісі бойынша комитетінің басшысы Антонио Гутерес Орта Азияға сапарында әуелі Қырғызстанға тоқтады. Президент Құрманбек Бакиевпен кездесу кезінде Гутерес мырза Қырғызстанға БҰҰ-ның Босқындар ісі бойынша атқарушы комитетіне мүшелік хұқын ұсынды.

Дей тұрғанмен, Өзбекстан тарапы 4 өзбек босқынына байланысты “олардың қылмыстық іске қатысы бар”, деп құжаттар бергеннен кейін, сол 4 азаматты ресми Ташкентке Қырғзстан қайтарған еді. Осыдан қаймыққан кейбір өзбек босқындары Қырғыз жерінде заңсыз түрде жүр.

БҰҰ-ның Босқындар ісі бойынша комитеті өкілінің айтуынша, қаржының тапшылығынан мұнда ең әуелі өте мұқтаж босқындарға ғана көмек көрсетіледі екен.
XS
SM
MD
LG