Accessibility links

БҰҰ босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары Қазақстанды босқындар туралы заң қабылдауға шақырды


Қазақстанға халықаралық талаптарға сай келетін, мигрант пен босқынды айыратын «Босқын туралы» заң керек. Астанада қарашаның 14 күні Қазақстан президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы Сағынбек Тұрсыновпен кездесу барысында Біріккен Ұлттар Ұйымының босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары Антониу Гутерриш осындай мәлімдеме жасады. Сағынбек Тұрсынов мұндай заң жобасы 2008 жылы парламентте қарала бастайды деп отыр.

Қазақстандағы босқын мәртебесін ала алмай жүрген кейбір адамдардың айтуынша бюрократия кесірінен Қазақстанда босқындарды халықаралық қорғауды қажет ететін адамдар деп емес заңсыз мигранттар деп есептейдіде соңғыларына елден көшіру қаупі туады. Ал «Миграция» шаралары барысында тіркелмеген босқындар елден көшіріледі. Миграция туралы арнайы заң болмағандықтан жергілікті полиция бұл адамдарды негізсіз тұтқұндап прокурордың рұқсатынсыз қамауға алып, соттың шешімінсіз елден көшіріп жібереді. Астананың ішкі істер департаментінің заңсыз мигранттармен күрес басқармасы бастығының орынбасары Әлібек Мұсахметовтың айтуынша елде 5 күн ішінде тіркелмеген мигранттар Қазақстаннан шығарылады. Ал босқын мәртебесін алу оңай емес, дейді ол. «Мен босқынмын деп айта салу жетпейді, қажетті органдар арнайы құжат беру керек», дейді ол.

Осы орайда Біріккен Ұлттар Ұйымының босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары Антониу Гутерриш Қазақстанға мигрант немесе босқын мәртебесі бойынша анықталуды сұрады. «Пана беретен қазіргі заманға сай заң болуы маңызды. Бұл заң мигрант пен босқынды айыруға мүмкіншілік береді. Сонда халықаралық деңгейді пайдаланып, адамның мәртебесін анықтап, соған сәйкес оларға көмек көрсетуге болады», дейді ол.

«Қазақстанға босқындар мәселесіне тек ұлттық деңгейде емес халықаралық деңгейдеде араласу керек. Өйткені болашақта Қазақстан магнит сияқты көршілес елдерден босқындарды тартады», - деді Гутерриш.

Кейбір бақылаушылар босқындар мәселесін Қазақстанда әлі күнге заңмен реттелмегенін, тіпті қарама-қайшылық барын айтады. Мысалы, Қазақстан қол қойған 1993 жылғы Минск конвенциясының кейбір талаптары 1951 жылғы Женевалық конвенция талаптарына қайшы келеді. Минск конвенциясына сәйкес ТМД азаматтары өзге республика территориясында босқын деп есептелмейді. Ал бұл Женева конвенциясының нормаларына қайшы.

«Бұл мәселе болашақта шешіледі, себебі босқындар туралы заң 2008 жылы парламентте қаралады», - дейді Қазақстан президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы Сағынбек Тұрсынов.

Мұны естіген Біріккен Ұлттар Ұйымының босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары Антониу Гутерриш Қазақстанның босқындар туралы заң жобасын дайындап жатқанының өзі пана жүйесі құрылып жатқандығының айғағы деді.

«Мен болашақта осы проблемалардың барлығы таңдаулы халықаралық стандарттарға сәйкес шешіледі деген үміттемін», - деді Гутерриш.

Осы уақытқа дейін Комиссар мен Қазақстан үкіметі арасында шешендерге өз елдерінде жағдай тұрақтамайынша Қазақстанда тұруға рұқсат беру жөнінде келісім жасалған. Біріккен Ұлттар Ұйымының босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары туған жерлерін тастауға мәжбүр болған адамдарға арнайы куәлік берген. Бірақ, жергілікті полиция бұл құжатты менсіне бермейді, ал әлгі адамдар тұрғылықты жерде тіркеле алмай, жұмыс істей алмай, балаларын мектепке бере алмай жатады дейді бақылаушылар.

Әсіресе, Қазақстан полициясы шешендердің Ресей елшілігінің тіркеу куәліктерін құжат деп санамайды. Біріккен Ұлттар Ұйымының босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссарының мәліметінше, Қазақстанда қазір 5 мың босқын бар. Олардың 3600 шешен азаматтары. Бұған дейін бірнеше рет Қазақстанды шешен босқындарының мәртебесін шешуге шақырған Комиссар бұл босқындардың тарихи отандарына күшпен қайтарылмау құқығын заң жүзінде бекітіп қорғау қажеттігін айтты.
XS
SM
MD
LG