Accessibility links

Жыл сайын Қазақстанға заңсыз келетін шетелдік еңбек мигранттары көбейіп барады


Прокурорлық тексеру көрсеткендей Қазақстанға шетел жұмыскерлерін әкелу квотасы заңсыз ұлғайтылып келген. Қазақстанда маман бар болғанына қарамастан шетелдік инвесторлар Қазақстанға өткен жылы 49 мың адам әкелсе, биыл 79 мың адам шақырған. Бұл туралы Астанада қарашаның 15 күні Қазақстанның бас прокуратурасының ресми өкілі Сапарбек Нүрпейісов хабарлады. Ал осындай квотаны беретін Қазақстанның еңбек министрлігі көрсеткіштердің өсуін экономиканың дамуымен түсіндіреді.

Бас прокуратурасының ресми өкілі Сапарбек Нүрпейісовтың айтуынша, Қарағандыдағы «Миттал стил Теміртау» акционерлік қоғамының басшылығы менеджерлік бос орынға үміткер ағылшын тілінде еркін сөйлеу керек деп заңсыз талап қойған. Ал Қарағандының жұмыспен қамту департаменті осыған қарамастан 20 шетел маманын тартуға рұқсат берген, дейді прокуратура өкілі. Осыған ұқсас жайттар республиканың барлық облыстарында дерлік анықталған. Осындай жайттардың кесірінен шетел жұмыскерлерін әкелу квотасы үнемі өсіріліп отырған, дейді Бас прокуратурасының ресми өкілі Сапарбек Нүрпейісов:

- Кейбір жұмыс берушілер жергілікті мамандардың біліктілігіне қасақана жоғары талап қойып, сол еңбекке біліктілігі төмен шетел жұмыскерлерін тартып келген. 2006 жылы Қазақстанға 44 мың адам келсе, биыл 79 мың адам келген. Бұл жергілікті тұрғындардың экономикалық белсенді бөлігінің 1 пайызы. Ал осындай квотаны беретін Қазақстанның еңбек министрлігі көрсеткіштердің өсуін экономиканың дамуымен түсіндіреді. Бірақ, бұл күмән туғызады. Себебі, ішкі нарыққа талдау жасалмайды, аймақтардағы жұмыс күшіне деген сұраныс пен ұсыныс зерттелмейді де, инвесторлардың берген өтініші қанағаттандырылып, квота көрсеткіштері өсе береді. Әсіресе жергілікті мамандарды тартуға әбден болатын 3 санаттағы көлік жүргізушісі, слесарь, токарь сияқты мамандар сырттан көп тартылады.

Ал Қазақстан кәсіподақтары конфедерациясының төрағасы Сиязбек Мұқашевтың пікірінше, Қазақстанда үшінші санаттағы маман дайындау дұрыс жүргізілмейді.

Прокурорлық тексеру нәтижесі бойынша 4 қылмыстық іс қозғалды, мыңға жуық адам айыппұл төлеп, заңсыз тартылған шетелдіктер елдеріне жіберілді, 14 шетелдік компанияның лицензиялары уақытша тоқтатылды, деп хабарланып отыр. Ал Көші-қон полициясының мәліметінше, жыл сайын Қазақстан бойынша квотаның сыртындағы еңбек мигранттарының тізімі 200-300 мың адамға көбейіп отырады. Соңғы 5 жылда Қазақстанға келген шетелдіктердің саны 4 есеге өсті дейді Әкімшілік полицияның миграция және азаматтық басқарма бастығының орынбасары Еркінбек Жиенбаев:

- 2005 жылдан бастап жыл сайын келіп жатқан шетел азаматтары өсіп отыр. Ресми сараптама бойынша 200-300 мың шетел азаматтары Қазақстан аумағында жұмыс жасап жатыр.

Бақылаушылардың айтуынша, бұл тек ресми сандар, ресми емес көрсеткіштер бұдан әлдеқайда артық деп болжамданған. Еңбек мигранттарының басым бөлігін ТМД азаматтары құрайды. Мысалы, Астанадағы «Қайнар» тұрғын үй кешенінде құрылысшы болып істеп жүрген Өзбекстан тұрғыны Мырсаид Халматовтың айтуынша, ол Қазақстанға бірнеше рет келіп тұрады:

- Өзбекстанда енді жұмыс бар жоқ емес, бірақ ақшасы кем - 50 доллар, ал Қазақстанда сондай жұмыс үшін 200-300 доллар төлейді.

Ал, шетелдіктерге жұмыс берушілердің бірі саналатын Астанадағы №2 автопарк директорының орынбасары Бақыт Шанабаевтың айтуынша, қазақстандықтардан гөрі шетелдіктерді жалдаған тиімді:

- Мына жігіттер демалыс дегеннің не екенін білмейді. Мен 200 доллар төлеп отырсам, олар таңертең келіп маған 300 доллар төле деп айтпайды.

Кейбір жергілікті сарапшылар Қазақстандағы жұмыссыздарды толық жұмыспен қамтымай жатып шетелдіктерді жарылқаудың қанша қажеті бар дейді. Қазақстанның ішкі істер министрінің орынбасары Әлік Ішпекбаевтың айтуынша, бұл шетелдік еңбек мигранттары тек ресми мәлімет бойынша жыл сайын кем дегенде 13-15 миллиард теңгені Қазақстаннан алып кетеді.

«Бұл тек шыңның төбесі ғана», дейді ол. Бірақ, көбінесе шетелдіктер жоғары біліктілікті қажет етпейтін және жергілікті тұрғындар арасында сұранысы жоқ жұмыстарды атқарады, дейді полиция өкілдері.
XS
SM
MD
LG