Accessibility links

Иран президенті Ахмединежадтың Бахреинге сапары күрделі жағдайға өзіндік үлес қоспақшы


Иран президенті Махмұд Ахмединежад қарашаның 17-і күні Парсы шығанағындағы Бахреин еліне барып, ел билеушісі Хамад бин Иса әл-Халифамен кездесетін болады. Бахреин территориясы бұрынғы Парсы жері, Иран міне осы жерді қайтару мәселесін көтергісі келеді.

Жақында Араб жетекшілерінің қатарында ең бірінші болып, Бахреиннің мұрагер ханзадасы Техранды ядролық қару жасауды дамытып жатыр деп айыптаған еді. Бұл патшалықта сондай-ақ АҚШ-тың теңіз әскерлерінің базасы тұр, Иран мен АҚШ арасында қақтығыс бола қалған жағдайда оның маңызды роль атқарары сөзсіз.

Ахмединежад пен Бахреин әмірі Манамада кездесіп келіссөздер өткізеді.

Біріншіден, арал елінің басшылығы Техранның көне территория туралы талабынан бірсыпыра абдырап қалған болатын. Бұл идеяны жаңғыртқан белгілі журналист, "Кайхан" басылымының бас редакторы Хусейн Шариатмадари болған, ол сонымен қатар Иранның рухани жетекшісі Аятолла Әли Хаменеидің кеңесшісі делінеді.

Дубайдағы қауіпсіздік зерттеу орталығының директоры, аймақтық талдаушы Мұстафа Алани Иран басшылығы тарабынан туындап отырған бұндай талап турасында былай дейді:

- Негізінен бұл мәселеде Иранның мінезі қабыл алуға келмейді. Шындығында, 19 ғасырда Бахреин Парсы территориясы болған. Сол кездегі Парсы шығанағанда билік жүргізіп тұрған Британия аралдарды 99 жылға жалға алған. Ол мерзім біткен шақта БҰҰ-ның басшылығымен өткізілген референдумға сәйкес, Британия Бахреинге 1971 жылы тәуелсіздік берген болатын.

Ол уақытта Иранға Бахреинді қайтаруды талап етпеуге келісуі үшін негізінен араб шииттері мекендейтін Үлкен және кіші Тунб аралдары ұсынылған болатын. Иран-Бахреин қарым-қатынастарына сызат түсірген жақында орын алған бір жағдай - ол Бахреиннің мұрагер ханзадасы Салман бин-Хамад әл-Халифаның Иран ядролық қару жасап жатыр деп айтқан мәлімдеуі болды. Бұл мәлімдеме қарашаның 2-і күні Британияның "The Times" басылымында жарық көрген сұхбатта айтылды. Араб жетекшілерінің бірі тарапынан бұл Техранның өзі бейбіт мақсатты көздейміз дейтін ядролық бағдарламасына қатысты айтылған бірден-бір қатаң пікір еді.

Ханзада Иранды тікелей бомба жасап жатыр деп айыптап, егер әскери шаралар бола қалса, бүкіл Шығанақ оған араласпай қала алмайды дей келе, Үндістан мен Ресейді бұл дағдарысты шешудің дипломатиялық жолдарын табуға көмектесуге шақырды. Кейбіреулер міне Ханзаданың осы айтқандары мен Ахмединежадтың алдағы бір-екі күнде болатын сапарының арасында өзара байланыс бар дегенді айтады.

Дубайдағы қауіпсіздік зерттеу орталығының директоры, аймақтық талдаушы Мұстафа Алани Иранның ядролық бағдарламасы мәселесі Бахреин де оған мүше болып табылатын Шығанақ Ынтымақтастық кеңесіне өздерінің ядролық тәжірибелерін жетілдіріп, дамытуға мәжбүрлеп отыр деп атап көрсетеді де, бірақ Шығанақ ынтымақтастық кеңесінің ядролық бағдарламасының Ирандікінен өзгешелігі, ол бейбіт зерттеу бағдарламасы дейді.

Сарапшы осындай күрделі қарым-қатынастарға қарамастан, Бахреин Техранмен байланыстарын мейлінше жақсы қалыпта сақтап қалғысы келеді дегенді айтады.

- Бахреин Иранды қарапайым себептен қажет етеді. Мұндағы мәселе Иранмен тығыз байланыстары бар Бахреиндегі шиит қауымдастығында. Иранмен бейбіт және жылы қарым- қатынастар Патшалықтағы тұрақтылықтың кепілі, міне сол себептен де Бахреин жетекшілері Иранмен дұрыс қарым-қатынас аса қажет деп біледі.

Шииттер Бахреин тұрғындарының 70 проценттейі болғанымен, қоғам зиялылары көбіне суннитер. Бұл екі бағыттың ұзақтан жалғасқан қарым-қатынастары 1979 жылы Ислам революциясы жеңіске жеткен соң ашыла түсті. Иран революциясынан жігерленген Бахреиндегі шиит фундаменталистері 1981 жылы төңкеріс жасап, Манамада шиит теократиялық үкіметін орнатпақшы болады. Көтерілісті басқан соң, Бахреиннің сүннит үкіметі шииттердің көпшілігін түрмеге жауып, бүлікке Техранның қатысы бар деп айыптаған еді, алайда Иран оны жоққа шығарған.

Лондондағы Араб және Иран зерттеулер орталығының директоры Алиреза Нуризаде Мохаммед Хатамидің билігі тұсында біршама жақсарған екіжақты қарым-қатынастар 2005 жылы Иран президенттігіне Махмұд Ахмединежад келгеннен бері күрделеніп, нашарлай түсті деп атап көрсетеді.

Иран мен Бахреин қарым-қатынастарын күрделендіріп тұрған тағы бір мәселе ол Американың 5-ші теңіз флотының Бархеинде орналасуы. Дегенмен де Бахреин өз территориясын көршілеріне қатысты қандай да бір жанжалды шешу үшін пайдалануға мұрсат етпейміз деген-ді, бірақ теңіз күштерін орналастыра отырып, бұл сөзде қалай тұруға болатындығы қисынға келіңкіремейді.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG