Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11.17.2007 жыл


Сенбі күні Қазақстанда жарық көрген басылымдарда Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік компаниялардағы қазақстандық жұмысшылардың жағдайы және жұмыс берушілердің не себептен шетелдік жұмысшыларды артық көретіндігі туралы мақалалар мен сарапшылар пікірлері беріліпті. Сондай-ақ бір айдан бері Қазақстан мен Қытай арасындағы шекера бекеттерінде артқан жүктерімен Қазақстанға өте алмай кептеліп тұрған жүк көліктері туралы және осыған байланысты кедендік комитет өкілдерінің айтқандарын жариялапты.

«Айқын» басылымы Қазақстанның бас прокуратурасының өткен жылғы және биылғы алты айғы жағдаймен түрлі мекемелерде жұмыс істейтін қазақстандық жұмысшылардың құқы қалай қорғалып жатқандығын, сондай-ақ шетелдік жұмыс берушілердің ел заңнамаларын қалай орындап жатқандығына тексеру жасаған қортындысына назар аудара отырып, қуанатындай дәнеме жоқ екен деп жазады. «Шетелдіктер шектен шықпасын» деген мақаласында газет тілшісі бас прокуратура өкілінің айтқан сөзін келтіріпті: «Шетелдіктердің қазақстандық жұмысшыларға деген көзқарасының өзгермегенін, бұған көп жағдайда осы шетелдіктерді шақырған жергілікті мемлекеттік органдар қауқарсыздық танытып отыр. Мысалы, елде мамандар бола тұра сырттан жұмысшы шақырып әкелу мәселесін шетелдік компания басшылары әлі қоймай отыр, тек қана биыл министрліктің бекіткен квотасы бойынша Павлодар облысына шет елден 1800 жұмысшы тартылған, ал оның көбі дәнекерлеуші, жүргізуші мамандығы бар адамдар, ондай мамандық иелері сол облыстың өзінде жұмыссыз толып жүр» дейді газет тілшісі.

Осы тақырыпқа байланысты «Литер» басылымына пікір білдірген Қазақстанның еңбек конфедерациясының президенті Серік Әбдірахманов: «Қазақстанда жұмыс істеп жүрген шетелдік жұмысшылардың көбі Қазақстанға түрлі заңсыз жолдармен келетіндер, ал олардың көбі аса жоғары білімді қажет етпейтін қара жұмыстарды істейтіндер. Ал жұмыс берушілерге жергілікті жұмысшыларды жалдап оларға көбірек ақша төлегеннен гөрі шетелдік жұмысшыларды жалдап, азырақ ақша төлеу тиімдірек» дейді. Ал Қазақтың еңбекті зерттеу жөніндегі институтының бас директоры Серікжан Берешов болса «Қазақстанда заңды жағдайда жұмыс істейтін шетелдік жұмысшыларға төленетін жалақы мөлшері сондай мамандығы бар қазақстандық жұмысшыға төленетін жалақымен салыстырғанда 2-3 есеге артық» дейді. «Бұл жерде отаншылдық сезімді қоя тұру жөн, қалайда шетелден шақырылған жұмысшы өзіне тапсырылған жұмысқа артығырақ жауапкершілікпен қарайды» депті Серікжан Берешов «Литерге» берген пікірінде.

«Новое поколоние» апталығы Қазақстан мен Қытай арасындағы шекарада орын алған қиын жағдай туралы «Кеден иесі» деген тақырыппен көлемді мақала жариялапты. «Шекарада халық тұтынатын тауарлар артқан екі мыңдай жүк көлігі үш аптадан бері не әрі емес, не бері емес жағдайда күй кешіп тұр. Бұл Қазақстан-Қытай шекара бекеттерінде әдетті жағдайға айнала бастағандай» деп жазады газет тілшісі. «Жүк көлігінің жүргізушілерінің көбі күте-күте шаршағандықтан көліктерін тастап өздері қайда кеткендері белгісіз, ал кеденшілер болса бұны кеден арқылы жүк өткізудің жаңа ережесіне қарсы шыққан белгісіз бір «қара күштердің» тірлігі дегенді айтады. Қалайда жыл сайын осы уақытта екі ел арасындағы «Хоргос» кеден бекетінде осындай бір жағдайдың орнауы үйреншікті бір дағдыға айналған сыңайлы. Өйткені, жылда осы уақытта кеден басшысы өзгереді, онымен бірге шекаралық өткізу бекетінің бастығы және сол маңдағы аудандардың полиция басшылары өзгереді. Бұны халықтың бәрі біледі әрі не үшін екендігін жақсы түсінеді, өйткені бұл кедендегі жылы орынға бару үшін кемінде жарты миллион доллар төлеу керек» дейді «Новое поколоние» басылымы.

«Экспресс-К» газеті сенбілік санында кеден арқылы әрбір киограмм жүк өткізу үшін 60 евроцент көлемінде баж төлеу жөніндегі кедендік жаңа тарифтің енгізілуі елде осыншама айқай-шу туғызып отырғанына тоқталыпты. «Осы мәселеге қатысты Қаржы министрлігінің кедендік бақылау комитетінің басшылығы кедендегі көліктердің кептелуі кедендік жаңа тарифке байланысты емес деген түсініктеме береді» деп жазады «Экспресс-К» газеті. «Бұл жерде жүктің әр килосына 60 евроцент көлемінде баж төлеу бұл тек жеке тұлғалар үшін қарастырылған, онда да олардың Қазақстан шекарасынан алып өтетін жүгінің салмағы 2 тоннадан, ал жалпы құны 10 мың АҚШ долларынан аспаған жағдайда қолданылады. Жалпы, бұл кедендік жаңа баж алымы кедендегі көлеңкелі бизнестің жолын кесу үшін енгізілген екен, ал Қытай шекарасында Қазақстанға өте алмай кептеліп тұрған жүк көліктеріне қатысты бұл мәселеде кедендегі «көлеңкелі топтардың» ымырасы болуын кеденшілердің өздері жоққа шығармайды» деп жазады «Экспресс-К».
XS
SM
MD
LG