Accessibility links

Ауғанстан: БҰҰ бүлік пен есірткі мемлекетке төнген ең үлкен қатер деп мәлімдейді


БҰҰ-ның есірткі мен қылмыстар бойынша Агенттігі Ауғанстандағы көкнәр егістігінің ұлғая түскені туралы тағы бір баяндамасын жария етті. Бұл – соңғы 6 жыл ішіндегі 5-інші баяндама болып отыр. БҰҰ-ы Агенттігінің директоры осы баяндамасын ұсына отырып, апиын өндіруден қазір Ауғанстанның 19-ыншы ғасырдан бері бүкіл әлемде бірінші орынға шыққанын атап көрсетті. 19-ыншы ғасырда апиынды Қытай ең көп өндіретін. Агенттік директоры Антонио Мария Коста “Талибан” қозғалысымен тығыз байланысқан есірткі саудасы осы күні Ауғанстанға төнген ең үлкен қатер болып отырғанын мәлімдеді..

БҰҰ-ның Ауғанстандағы апиын өндірісінің проблемасы туралы баяндамасының “түсі” жыл өткен сайын қоюланып барады. Биыл Ауғанстанда 193 мың гектар алқапқа көкнәр егіліп, БҰҰ-ның есірткі және қылмыстар бойынша Агенттігінің есебі бойынша, бұрын-соңды болып көрмеген 8.2 тонна көкнәр жиналды. Бұл - өткен жылғы өнімнен 34 пайызға артық. Ауғанстан экономикасындағы апиынның үлесі жалпы ішкі өнім көлемінің тең жартысын немесе 53 пайызын құрап отыр. Брюссельде міне осы баяндамасын ұсынған БҰҰ Агенттігінің (UNODC) директоры Антонио Мария Коста (Antonio Maria Costa) өзінің осы мәліметтері есірткі саудасының Ауғанстанның оңтүстігіндегі “Талибан” қозғалысының бүлігімен тығыз байланысқанын атап көрсетті.

А.М.КОСТА: “Мен бүгін Ауғанстандағы есірткі саудасының бүлікшілер проблемасымен айтарлықтай тығыз байланысы барлығын түсінуге мейлінше жақын тұрмыз деп айтар едім. Көкнәр егістігінің 78 пайызы - іс жүзінде – үкіметтің бақылауы жоқ облыстарға келеді. Бұл біздің есірткі проблемасының алдында емес, бүлік проблемасының алдында тұрғанымызды анық көрсетеді”.

А.М.Костаның мәлімдеуінше, осы қос қауіп Ауғанстанға төніп тұрған ең зор қатер. А.М.Коста бұл сөздерін Еуропа Одағы мен БҰҰ-ының шенеутектерінің қатысуымен Брюссельде болып өткен халықаралық конференцияда айтты. Бұл форумға Ауғанстан жағынан 2-нші вице-президент Кәрім Халили келді.

Есірткі саудасы мен “Талибан” бүлігінің өзара тығыз байланысы қызу пікірталас туғызды. Ауғанстанның Гильменд және оған көрші облыстарындағы есірткі өндірісіне тосқауыл бола алмады деп НАТО-ны өткір сынға алған сөзімен ауған президенті Х.Қарзай Батыс елдерінің астаналарында үлкен үрей туғызды. Ұлыбритания, Канада және НАТО-ға мүше өзге елдер биыл Ауғанстанда зор адам шығынын көтеріп, көкнәр егумен шұғылданған жергілікті халыққа қарсы күресуге онша ұмтыла қоймаған тәрізді. НАТО-ға мүше тағы көптеген ел Ауғанстаннан өз әскерін шығаруды талап еткен ішкі қысымға душар болып отыр.

Өткен жұма күні А.М.Коста Ауғастандағы жергілікті әкімдердің көмегімен жасалған картаны көрсетті. Онда ауған үкіметінің немесе НАТО әскерінің тек сырттай ғана бақылауына қарайтын Ауғанстанның оңтүстігіндегі үлкен 5 облыстың аумағы түсірілген.

А.М.КОСТА: “Талибанның” тұрақты бақылауына қараған 5 облыстағы аудандар дегеніміз – ол аудандарда “Талибан” берік отыр дегенді білдіреді. Осы 5 облыстың әкімдерінен “үкіметтің қадағалауынан шыққан аудандарда не болып жатыр және ол нендей мағынаны білдіреді? -деп сұрағанымда, әкімдер ол аудандардан полиция мен сот билігін, кез-келген білім беру немесе денсаулық сақтау мекемелерін көшіріп алғандарын мәлімдеді. Осы облыстарлдың әлгі аудандарында күшінде алған сот билігі Талибанның ислам принциптеріне сүйенеді”.

Ауғанстанның Гильменд облысы – елдегі барлық апиынның тең жартысынан артығы – 53 пайызы өндіріліп, есірткі проблемасының түп тамырын құрайды. Кандагар, Урузган, Фарах, Нимроз сынды көрші облыстар – заңсыз көкнәр егістігі мол өнім берген және А.М.Костаның баяндамасында тізіп келтірілген облыс-өлкелер. Оның атап көрсеткеніндей, көкнәр егумен айналысатын шамамен 500 мыңдай әулеттің 87 пайызға дерлігін Пуштун тайпасының өкілдері құрайды. Ал “Талибан” қозғалысы бірыңғай пуштундардан жасақталған.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG