Accessibility links

Қазақстанға техникалық және кәсіби мамандар жетіспейді


Білім беру саласына қажет 200 миллион теңге көлеміндегі қаражатты бірнеше есеге көтеру керек. Бұл туралы Астанада үкімет отырысында Білім министрінің орынбасары Фархад Қуанғанов хабарлады. Оның айтуынша, қаржы тапшылығының кесірінен министрлік маман дайындай алмай отыр. Ал кейбір жергілікті тұрғындар болса мамандықпен қатар Қазақстанға жұмыс орындары қажет деген пікірде.

Қостанай облысы Амангелді ауданындағы ауылда тұрған тігінші мамандығын таңдаған 43 жастағы Нұргүл Аханова жұмыстан қысқарып қалды:

- Өз ісіңді ашу үшін демеуші керек. Мен сияқты жұмыссыз жүргендер көп, өмірдегі өз орнын таба алмай жүрген.

Нұргүл сияқты ауылдан Астанаға жұмыс іздеп көшіп келген Молдияр Жирентаевтың айтуынша ауылда әсіресе жастар жұмыссыз жүр:

- Жұмыс орны жоқ қайда барады. Жеке меншік кәсіпорындарға барса олар ақша төлемейді. Сондықтан халық тентіреп жүр, жастар бұзылып бара жатыр. Ауылдағы жастардың 60 пайызы нашақор, алқаш болып жүр.

Білім министрінің орынбасары Фархад Қуанғановтың айтуынша Қазақстанда мектеп тәмамдаған бірақ оқи алмаған жұмыссыз жүрген 11 мың жастар бар. Жастардың ішінде жетімдер көп деп хабарланады.

Астанадағы балалар үйінің бастығы Виктор Чернецкийдің айтуынша, балалар үйінен шыққан кезде балаларға азғантай қаржы беріледі. Бұл ақшаға ол оқуға түсе алмайды, ал, жұмысқа кіру үшін одан бір үйде тіркелуі талап етіледі. Сондықтан жетімдер жұмсыссыздар армиясын толтырады, дейді ол. Ал, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары Кәрімбек Құрманәлиевтың айтуынша, жетімдерге арналған квота биылда өспеген:

- Биыл жетім ата-анасынан қамқорсыз қалғандарға гранттың 1 пайызы. Ал, енді мүгедек балалар үшін жарты пайыз.

Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, маман дайындау жүйесі еңбек нарығындағы сұранысқа баяу әрекет жасайды. Бұл кәсіби маман тапшылығына әкеп соғады, дейді ол.

Білім министрінің орынбасары Фархад Қуанғанов министрліктің еңбек нарығындағы сұраныспен ұсыныс тепе-теңсіздігін шеше алмай отырғандығын мойындады. Бірақ, бұған қаржы тапшылығы себепкер, дейді ол. Келесі жылы салаға бөлінетін 200 миллион теңге көлеміндегі бюджет былтырдағыдан өзгермеген деп хабарланады. Ал, маман дайындайтын оқу орындарындағы жабдықтар моральдық тұрғыдан ескірген. Себебі соңғы 15 жылға бұған қаржы бөлінбеген, дейді вице-министр. Қуанғановтың айтуынша 1991 жылы елде 500-ге жуық кәсіби орта оқу орындары болса, қазір 300-ден сәл асады. Оның үштен бір бөлігінде жатақханалары жоқ. Ал ауыл шаруашылығы министрі Ахметжан Есімовтың айтуынша, ауылдарға 10 мың маман жетпейді. Қазір ауылдарға мұғалім, құрылысшы, технологтар қажет. Ал, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев болса үкіметтің ауылдарға маман тарту жолын тапқандығын жеткізді:

- Келісім негізінде ауылдағы үлкен кәсіпорындар сол ауылдағы жастармен келісіп өз қаржысына оқытып сол кәсіпорынға апарып жұмыс істету керек. Сосын грандтпенен оқитын студенттермен мемлекет арасында келісім жасап оқу бітіргенсоң сол жастар оқу бітіргенсоң ауылға барып жұмыс жасау керек.

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, маман тапшылығын шешетін тағы бір жол көзделген, бірақ ол жергілікті тұрғындарға қатысты емес:

- Кейбір жетпейтін мамандарды шет елден алып келеміз. Инвесторларға квота береміз. Қазіргі ұсынымыз квота берген кезде көршілес мемлекеттерде тұратын қазақ ағайындарды есептесе.

Ресми мәлімет бойынша елде техникалық қызметтерге, механик, слесарь, дәнекерлерге деген сұраныс 3-4 есеге өскен.
XS
SM
MD
LG