Accessibility links

Адам құқықтарын қорғаушылар өзбек мақтасына бойкот жариялауға шақырды


Өзбекстанда оқушы балаларды мақта теру проблемасы совет дәуірінен бері келе жатыр. Оқу жылы басталысымен мектеп пен институт-университеттер тоқтап, оқушылар мақта алқаптарына мәжбүрлеп шығарылады. Еуропа елдерінде сатылатын әр төрт перденің біреуі өзбек мақтасынан өндіріледі екен. Ал Өзбекстан мақтасының тең жартысын заңсыз еңбекке салынған балалар тереді екен. Осыған байланысты адам құқықтарын қорғаушы белсенділер халықаралық қауымдастыққа қайырылып, өзбек мақтасын сатып алмауға шақырды.

Шыжғырып тұрған күн болсын, желтоқсанның ызғарлы желі болсын жеті жастан асқан оқушы балалар мақта теріп, қара жұмыстан көз аша алмайды. Қыркүйек айында оқу жылы енді басталғанда орта және жоғары мектептер екі-үш айға жабылып қалады да, оқушылар мұғалімдердің қадағалауымен мақтаға салынады. "Ақ алтын" деп Өзбекстан газеттері мадақтайтын мақта байлығы балаларды заңсыз еңбекке салудың арқасында келеді.

Өзбекстан үкіметі тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері балалар құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық келісімдерге қосылса да, мақта құлдығы еш қысқарған жоқ. Мақта машақатының қаншалықты ауыр екенін Бұқара қаласында тұратын мына 12-жасар баланың әңгімесінен елестетуге болады:

- Шарт дейсіз бе? Мектеп пе, бала бақша ма, соның ішінде жаттық. Еденде жаттық, цементтің үстінде. Терезесі жоқ. Ауқат енді, екі мәрте ауқат береді. Тәңертең құр нан мен шай, кешке макарон, түсте мастава сияқты сұйықтау көже дегендей.

Балаларды мақта теруге салуға қарсы наразылық бұрын да айтылатын. Өзбекстан адам құқықтарын қорғаушы белсенділері осы жолы үлкен науқанды қолға алды. Өзбекстанның өз басында және шетелдерде қуғында тұратын 65 белсенді азамат бірқатар халықаралық ұйымға және бірнеше елдің үкіметтеріне ашық хат жолдап, өзбек мақтасына бойкот жариялауға шақырды. Бұл азаматтар Өзбекстан мақтасының жартысы балалар еңбегінің арқасында өндіріледі, сондықтан Өзбекстан мақтасын сатып алмаңыздар, Өзбекстан үкіметін балалар құқықтарын қорғауға мәжбүрлеңіздер дейді. Өзбек үкіметі балаларды жұмысқа салып қоюдың орнына диқандарға тікелей экономикалық көмек көрсеткен жөн делінеді.

Ашық хатта зейін қойылғандай, балалар мақта машақатына үкімет саясатының қырсығынан салынып отыр делінеді. Басқа кейбір дамушы елдерде халық сауатсыздық пен жоқсыздықтың кесірінен қара жұмысқа салынса, Өзбекстандағы жағдай өзгеше, үкімет балаларды заңсыз жұмысқа саналы түрде салады делінеді ашық хатта. Балалардың еңбек шарттары да өте қиын, олар күніне кемінде сегіз сағат жұмыс істейді, демалыс күндерін көрмейді, химиялық тыңайтқыштардың қалдықтары мен шаң-тозаңның астында жұмыс істейді.

Ашық хатқа қол қойған тұлғалардың бірі, шетелді қуғында жүрген диссидент-жазушы Едғор Обид былай дейді:

- Әлбетте, балаларды мақта теру жұмысына салуға қарсымын. Балаларды тек ғана мақта алқабына емес, жалпы жұмысқа салуға қарсымын. Балалар еңбегін пайдалану совет дәуірінен бар еді. Өз басым мектепте оқығанымда бірінші сыныптан жетінші сыныпқа дейін мақта теруге шығаратын. Тіпті қыста, желтоқсан айында мақта теретінбіз. Бұл не нәрсе екенін өте жақсы білемін.

Ашық хатқа қол қойған азаматтар балалар еңбегі Өзбекстан мақтасы пайдасының негізгі бұлағы деп көрсетеді, қыруар ақшаның қызығын халық емес, президент Ислам Кәрімов пен отбасы ғана көріп отыр дейді. Жалпы, ашық хатқа қол қойған азаматтар елдегі мақтаның 90 пайызынан астамы қолмен теріледі дейді. Ал осы мақтаның жартысын балалар тереді.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG