Accessibility links

«Қазақмыс» басшысы Владимир Ким осыған дейін Интернетте жарияланған телефон әңгімелерін жоққа шығарды


«Интернет кеңістігіндегі Қазақстанның ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджанов пен Қазақстан президентінің бұрынғы іс басқарушысы Владимир Нидің арасында телефон байланысында айтылған сөздер іспеттес аудиожазбалар мен мәтіндер шындыққа жанаспайды. Бірақ, телефон тыңдау Конституцияға қайшы». Қарашаның 21-күні Астанада баспасөз мәжілісінде журналистердің сұрақтарына жауап бере келе «Қазақмыс» компаниясының директорлар кеңесінің атқарушы төрағасы Владимир Ким осындай мәлімдеме жасады.

Биыл қазанның 16-күні Интернет кеңістігіндегі «КУБ» сайтында Қазақстанның ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджанов пен Қазақстан президентінің бұрынғы іс басқарушысы Владимир Нидің арасында болған әңгіме деп көрсетілген аудиожазбалар және мәтіндер жарияланды. Аудиожазбада Бауыржан есімді адам Владимир Васильевич деген азаматқа телефон шалып, Володя деген кісі өзінің яғни, Бауыржанның үстінен «Шефке» (ол сайтта берілген түсініктемеде Қазақстан президенті Назарбаев деп көрсетілген) шағым түсіргеніне ренішін білдіреді. Одан «Сага» деген қылмыскердің өлтірілуіне «Махмаханов» дегеннің қатысы барлығы айтылады. Сондай-ақ бұл дилогтарда «Володя» деп аталып отырған кісі - «Қазақмыс» корпорациясының басшысы Владимир Ким деп түсіндіріледі сайттағы түсініктемеде.

Аудиожазбалардағы телефонмен сөйлескендердің дауыстары аты аталған адамдардың даусына ұқсас болғанымен, оның қаншалықты шындыққа сәйкес екендігі белгісіз. Ал осы келіссөздердің кейіпкері, «Форбс» журналында 5 миллиард доллары бар деп бағаланған, яки Қазақстандағы ең бай адамға жатқызылған «Қазақмыс» компаниясының директорлар кеңесінің атқарушы төрағасы Владимир Кимнің айтуынша, ол журналистердің ойлап табатын қиялдарына көңіл аудармайды.

«Бірнеше сайттар басқан мәлімет шындыққа жанаспайды. Сіз шынымен мен президентпен сөйлесті деп ойлайсыз ба, оны тіпті елесте аласыздар ма?», - деді ол.

Бұған дейін Қазақстан ішкі істер министрлігінің ресми өкілі әлгі аудиожазбаларды шындыққа жанаспайды деп жариялаған болатын. Одан соң Бас прокуратура жеке тұлғалардың құпияларын жариялау - заң бұзу деп бағаланатыны жайында ескерту жасады. «Қазақмыс» компаниясының директорлар кеңесінің атқарушы төрағасы Владимир Ким де телефон тыңдау - Конституцияға қайшы дегенді айтты. «Біздің жеке өміріміз бар», деді ол.

Ал Интернеттегі аудиофайлдарда есімі жиі айтылатын, Қазақстан президентінің бұрынғы іс басқарушысы «Қазақмыс» компаниясының директорлар кеңесінің мүшесі Владмир Ни болса жоғары лауазымды шенеуніктердің телефон арқылы мұндай келіссөздер жүргізуі елдегі жағдайды ушықтырады, деді. «Әлбетте, егерде шынымен сондай телефон келіссөздері болса» дейді ол.

Кейбір сарапшылар бұл мәліметтерді сайтқа шығаруға себепкер президенттің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев болуы мүмкін деген болжам айтады. Қазақстанда шығатын «Время» газеті елдің Ұлттық қауіпсіздік комитеті Рахат Әлиевке заңсыз телефон тыңдауларын жасаған және оны жариялаған деп қылмыстық іс қозғап жатқанын хабарлады. Рахат Әлиев болса «Время» газеті «Қазақмыс» компаниясының төрағасы Владимир Кимнің меншігінде деген болатын. Владимир Кимнің өзі бұл шындыққа жанаспайды, деді.

«Время» газетінде мен құнды қағаз ұстаушы емеспін, өйткені қор биржасының ережелеріне сәйкес мен кез келген бизнесті жариялауым керек, өйтпесе қылмыстық жауапқа дейін тартылуым мүмкін», деді ол. «Қазақмыс» компаниясының директорлар кеңесінің мүшесі Владмир Ниде «Время» газеті Владимир Кимдікі емес. Ол оның құнды қағаздарын ұстаушы емес», деді. Бірақ, қалай болғандада қазанның 19-нан бастап Қазақстандағы пайдаланушыларға интернеттегі www.kub.kz сайты ашылмай қалды. Бірнеше оппозициялық сайт иелері мұны елдегі негізгі провайдерлер тарапынан сайттарға әдейі тосқауыл қойылған деп бағалады.
XS
SM
MD
LG