Accessibility links

Шырын Ебади Иран мен АҚШ арасында соғысқа жол бермеуге шақырды


Нобель Бейбітшілік сыйлығының иегері, Иран белсендісі Шырын Ебади барша отандастарын Иран мен Америка Құрама Штаттарының арасында соғыс қаупіне жол бермеуге шақырды, осы бастамамен "Ұлттық бейбітшілік кеңесі" ұйымын құрды. Бұл негізінен пікірталас ұйымы болмақ. Дегенмен, сарапшылар Шырын Ебади құрып жатқан ұйым Иран басшылығы жүргізетін текетірес саясатына балама ұстаным қалыптастыруы мүмкін дейді.

"Фарда" радиосына берген сұхбатында Шырын Ебади Иран ядролық бағдарламасының дауынан Иран мен Америка Құрама Штаттарының арасында соғыс шығу қаупі үлкен деп сипаттады. Шырын Ебади бейбітшілік бастамасын "Адам құқықтарын қорғаушылар орталығы" деген ұйым көтеріп отыр дейді. Шырын Ебади барлық ирандықтарды қолдау танытуға шақырды. Мәселе ұлттық деңгейде өтетін кездесуде талқыланбақ, "Ұлттық бейбітшілік кеңесіне" ел сенімінен шығатын азаматтар кірмек.

Шырын Ебади, сол сияқты, Иран үкіметіне қайырылып, Батыс мемлекеттерінің күдігін туғызған қарама-қайшы ядролық бағдарламасын тоқтатуға шақырды. Біріккен Ұлттар Ұйымы Иран уран байытуын тоқтатсын деп соңғы кезеңдерде екі қаулы шығарған. Иран ядролық қару өндіріп отырған жоқпыз деп, халықаралық қауымдастықтың талабына көнбей келеді. Шырын Ебади барлық тараптарды заңға шақырып отырмыз дейді:

- Екі тарап та халықаралық заңды сақтаса жөн дейміз, оларды осылайша ескертіп отырмыз. Америка Құрама Штаттары Иран шаруасында халықаралық заң шеңберінен асатын құқыққа ие бола алмайды. Иран да, өз кезегінде, айналасына қабырға қойып, "халықаралық заңда шаруамыз жоқ, Қауіпсіздік Кеңесіне назар аудармаймыз" деп айта алмайды.

Қауіпсіздік Кеңесінің қаулыларына Иранның бағынбай отырғанын Британия парламенті сыртқы істер комитетінің төрағасы Майк Гейпс те сынап отыр. Парламент делегациясымен Иранда таяуда ғана болған Майк Гейпс Қауіпсіздік Кеңесінің қаулыларын Иран мойындамай, қатаң бағыт ұстанып отыр деп зейін қояды. Жалпы, дейді Майк Гейпс, халықаралық қауымдастық бейбіт мақсатта ядролық энергетикамен айналысуға қарсы емес, мәселе басқада, мәселе ядролық бомба өндіріліп жатыр деген күдікте:

- Оларға көп рет айтқанымыздай, бейбіт мақсатта ядролық энергетикамен айналысуларын тоқтатуға күш салып жатқан жоқпыз. Біздің айтқанымыз, Британия үкіметінің айтқаны, халықаралық қауымдастықтың айтқаны – Иран қару таратпау келісімі бойынша ядролық қару өндірмеу міндеттемесін алған. Иран өз тарабына қайта сенім орнату керек, бұл мәселеде барша әлемде сенім қалыптастыруға мұқтаж.

Шырын Ебадидің бастамасы Иранда ықпалды тұлғалардың қолдауын қаншалықта таба алады, қоғамдық пікірде бастама жайында не айтылуы мүмкін? Бұл жағын Иранның қазіргі саяси жағдайында нақты білу қиын. "Фарда" радиосына пікір айтқан ирандықтардың айтуына қарағанда, мәселен, Тегеран қаласында тұратын журналист Сиямак Таеридің айтуына қарағанда, кіммен сөйлесессеңізде соғысты ешкім қаламайды. Британияда жұмыс істейтін Иран сарапшысы, Шығыс елдері мен Африканы зерттеу мектебінің қызметкері Масуме Торфе жаңа бастаманың Иран саяси сахнасына қаншалықты ықпал жасая алатынын айту әлі тым ерте. Бірақ, жаңа ұйымды көптеген белгілі ирандықтар қолдаса үкімет қудалау жүргізе алмай қалады. Масуме Торфе жаңа бастаманың өте байыпты жолмен көтеріліп жатқанын айтады, Иран ядролық энергетикамен айналысуға құқылы, бірақ біздің де басқа құқықтарымыз бар деп байыпты көрсетіледі дейді:

- Сонымен қатар, басқа құқығымыз да бар, бұл маңыздырақ құқық, бұл қауіпсіздік құқығы. Бастаманың екі ұшы бар. Бастама Ақмеденижаттың қатаң ұстанымына қарсы бағытталған. Дейтұрғанмен, ядролық энергетикамен айналысу құқығымыз мойындалу керек дейді. Осы тұрғыдан қарағанда, бұл маңызды бастама болып отыр.

Міне, Америка Құрама Штаттары мен Иран арасындағы даудан соғыс шығып кетуі мүмкін деген қауесет тараған сәтте Иран зиялылары бейбітшілік бастамасын қолдауға шақырылды. АҚШ үкіметі ядролық дағдарыс мәселесін дипломатиялық жолмен шешуге құштармыз, бірақ Иранды ядролық қару-жарақтан шектеудің басқа жолы қалмаса күш қолданудан басқа амалымыз қалмауы мүмкін деп ескерткен. Иран басшылары болса ядролық қару өндірісіне ұмтылып отырған жоқпыз деп бой бермей келеді.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG