Accessibility links

Грузия/Украина: “Раушангүл...” және “Қызғылт-сары төңкерістер” – үлкен үміт пен орындалмаған уәделер


Грузия мен Украинадағы “Раушан...” және “Қызғылт-сары төңкерістер” таяу болашақта бұрынғы Совет Одағының бүкіл кеңістігіне Батыстың үлгісіндегі демократияны орнатады деген зор үміт туғызған болатын. Алайда Грузия мен Украинадағы “түрлі-түсті төңкерістің” кезекті мерейтойы қарсаңында, міне, осындай үлкен үміт пен жарқын келешекке деген зор сенімнің сейіле бастағаны байқалады.

Бұл – Тбилиси мен Киевтегі қалың бұқара халықтың саяси үндеулер көтеріп, жарқын келешегіне зор үмітпен қараған бейбіт төңкеріс күндері болатын. 2003-інші жылдың қараша айында Грузия өз аймағындағы түрлі-түсті төңкерістің кіндігіне айналды. Парламент сайлауының қорытындысын бұрмалауға наразы болған жұрттың шеруі “Раушангүл төңкерісіне” ұласып, ақыр-аяғында саяси режимнің құлауына түрткі болды. Түрлі-түсті төңкеріс жемқорлық пен ұрлық-қарлыққа арқа сүйеген биліктің орнына демократиялық билік орнатып, әлеуметтік ахуалды жақсартуға уәде берді. Оппозицияның абыройлы лидері М.Саакашвили саяси режимді аямай әшкереледі.

М.СААКАШВИЛИ: “Грузияның саясатына атсалысу үшін және месқарындарды ауыстырып, бұқара халықтың мұң-мүддесін ойламаған министрлер мен түрлі саяси партияның өкілдерін әшкерелу үшін бізге тың күш керек”.

“Раушангүл төңкерісі” грузин парламентінің ғимаратын басып алумен шегіне жетіп, 2003-інші жылдың 23-інші қарашасында Э.Шеварнадзе президенттік биліктен кетуге мәжбүр болып, Тилисиде бұқара халық өзінің жеңісін асыр салып тойлады.

Арада 1 жылдай өткенде Украинаның “кезегі келіп”, ондағы түрлі-түсті төңкеріске де сайлау қорытындысының бұрмалануы себеп болды. Президент сайлауының қорытындысы “көк түстілердің” үміткері В.Януковичтің пайдасына бұрмаланғаны мәлім болғанда, В.Ющенконың қызғылт-сары түсті орамал байлаған немесе киім киген 10-даған мың жақтасы 2004-інші жылдың 22-нші қарашасы күні көшелерге шықты. Жаппай наразылықтың нәтижесінде президент сайлауы желтоқсан айының соңында қайта өткізілетін болып, оның қорытындысы бойынша В.Ющенко жеңіске жетті. В.Ющенко “Қызғылт-сары төңкерісті” халықтың шынайы таңдауы деп бағалады. Келесі жылдың 23-інші қаңтарында президент міндетіне кіріскен инаугурация рәсімі кезінде ол Украинаны жаңа әрі демократия талаптарына сай билеуге уәде берді.

В.ЮЩЕНКО: “Орталық сайлау комиссиясының бұрмалауы тек бұқара халықтың қалауын мойындауды сәл кешіктірді. Міне халықтың бұл тілегі бүгін парламентте жарияланды да, мен Библияны ұстап тұрып серт бердім”.

Кезінде Совет Одағынан бөлініп шыққан және Ресейге географиялық жақындығы бар 2 республика түрлі-түсті төңкерістің нәтижесінде жаңа тарихын бастағандай болды.

М.Саакашвили де, В.Ющенко да өз елдеріндегі демократияны жетілдіріп, экономиканы дамытуға және Батыс елдерімен арадағы ынтымақтастықты нығайтуға сөз беріп келді. 2 лидер де Грузия мен Украинадағы төңкерістерді “демократияның ілгері басуы” деп насихаттаған Америка құрама Штаттарының кең қолдауына ие болды. 2005-інші жылдың басында Американың ықпалды 2 сенаторы Джон Маккэйн (John McCain) мен Хиллари Клинтон (Hilary Clinton) тіпті М.Саакашвили мен В.Ющенконы бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығына ұсынды. 2 сенатордың Нобель сыйлығы бойынша комитетке жолдаған хатында “осы 2 президент демократияның жалпыға бірдей құндылықтарын, жеке бастың еркіндігі мен азаматтың құқын көтеру арқылы бұқара халықтың жаппай қолдауына ие болды” деп атап көрсетті.

М.Саакашвили мен В.Ющенко өзара жақын достасып кетті. Оны Украинадағы “Қызғылт-сары төңкерістің” кезінде М.Саакашвилидің жолдаған құттықтауынан байқауға болады.

М.СААКАШВИЛИ: “Қымбатты украиналықтар! Қымбатты бауырларым мен қарындастарым! Мен сіздерге бұл сөзімді Әулие Джордж күні арнап отырмын. Мен сіздерге сәттілік, бейбітішілік пен тыныштық, әділдік пен жеңіс тілеймін!”

Алайда бүгін Грузия мен Украинаның төңкерістен кейін тіпті өзге жолдарға түскенін саяси сарапшылардың басым көпшілігі атап көрсетеді. Атап айтқанда Украина биліктің демократиялық стандарттарына қарай сәтті қадам жасап жатқанда, Грузия – құрылымдық және экономикалық реформаларды ойдағыдай іске асырғанға ұқсайды.

Ол жөнінде экономикалық зерттеулер Одағының Шығыс Еуропа бойынша сарапшысы Николас Ридмэн (Nicholas Redman) былай деп мәлімдейді.

Н.РЭДМАН: “Кім көп жетістікке жетті, ал кім кейін қалды? Украинаның жетістіктері ешқашан грузиндердің қол жеткізгеніндей болған емес. Бірақ, ең қызығы, Украинаның қол жеткізгені әлдеқайда өміршең көрінеді”.

Екі ел де ішкі саяси дағдарысты бастан кешті. Украинада “Қызғылт-сары төңкерістің” басты 2 кейіпкері болған В.Ющенко мен Ю.Тимошенконың арасынан қарама-қайшылық шығып, Ю.Тимошенконың үкімет басынан кетуімен аяқталды. В.Януковичпен арадағы ұзаққа созылған бақталастықтың нәтижесінде пайда болған бұл “қызғылт-сары коалицияның” тарауы саяси дағдарысқа соқтырды. Украинаның “орыс тілді” шығысына арқа сүйеген В.Янукович премьер-министр болып келді. Енді өткен қыркүйек айының соңындағы парламент сайлауынан кейін ғана “қызғылт-сары коалицияның” қайта құрылатыны аныққа шықты.

Грузияда біріккен саяси оппозиция М.Саакашвили бастаған ресми билікті “тәуілсіз ақпарат құралдарын күштеп жапты”, “оппозиция лидерлерін қуғын-сүргінге салды”, қоғамға өте қажет болып тұрған “сот билігінің реформасын іске асыра алмады” деп айыптап, Тбилисиде мыңдаған халықтың қатысуымен 1 апта бойы үзілмей жалғасқан ереуіл ұйымдастырды. Ереуілді көзден жас ағызатын газ бен су ататын мәшинені және резеңке оқты қолдана отырып, күштеп қуып таратқаннан кейін президент М.Саакашвили елге төтенше жағдай тәртібін орнатуға бұйрық беріп, ол 9 күн жалғасты. Грузия саяси дағдарыстан әлі оңалған жоқ, Оппозицияның қысымен М.Саакашвили келесі жылдың 5-інші қаңтарында кезектен тыс президент сайлауын өткізуге келісіп, грузин халқы сайлауды тосып отыр.

Сонымен “Раушангүл...” және “Қызғылт-сары төңкерістерінің” кезінде берілген уәделерді орындау үшін Грузия мен Украинада атқарылатын әлі талай іс бар. Сол кездегі асқақтаған көңіл-күй әлдеқашан басылған және Николас Ридмэн атап көрсеткендей, екі елдің алда әлі талай “тар жол, тайғақ кешуі” мүмкін.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG