Accessibility links

Иран түрмесінде қаза болған жас дәрігердің әкесі қызының өліміне полицияны айыптап отыр


Захра Бани Яхуб деген жас дәрігердің Хамадан түрмесінде аяқ астынан қаза болуының себептерін зерттеуді Иранның бұрынғы бір топ депутаттары елдің сотынан сұраған болатын. Паркте өзінің болашақ жұбайымен қатар кетіп бара жатқаны үшін елдің Адамгершілік полициясы оны ұстап алып, Хамадан қалалық түрмесіне салған еді. 24 сағаттан кейін оның денесі туыстарына тапсырылды.

Өткен аптада қаза болған дәрігер Захра Бани Яғубтың өлім себебін зерттеу мақсатында оның мәйітін ашулары мүмкін екендігін Нобель сыйлығының лауреаты, жоғарғы дәрежедегі заңгер Ширин Ебади талқылағаннан кейін бұл іске байланысты наразылықтар осы аптада одан әрі өсе түскен болатын. Иранның 400-дей бұрынғы депутаттарын біріктіріп отырған Мәжіліс өкілдері қауымдастығы елдің сот алқасы басшысы Аятолла Хашеми Шахродиге дәрігер қыздың өлімін жан-жақты зерттеуді сұрап, ашық хат жазған еді. Техранның медициналық университетін бітірген 27 жасар Бани Яғуб осыдан екі жыл бұрын Хамадан қаласына келіп жұмыс істеуге ерік білдірген болатын. Келер жылы ол туған қаласы Техранға қайта оралып, урология мамандығын толық алуы керек еді. Өкінішке орай ол қазанның 13-і күні Хамадан түрмесінде қаза болды.

Жігіті екеуі паркте қыдырып келе жатқандарында адамгершілік полициясы оларды тұтқындап, бір сағаттан кейін жігітін босатып жіберген еді. Қыздың өзін түнге алып қалған. Келесі күні полиция қыздың денесін “өзі асылып өлді” деген түсініктемемен ата-анасына табыс еткен. Хабарларға қарағанда, оның әкесі Ислам төңкерісшіл жасақ құрамында жұмыс істейді екен. Ол өз қызының өліміне полицияны айыптап отыр.

Бұл оқиғаның ресми хабарын мемлекеттік ақпарат құралдары хабарлаған еді. Яқубидің өліміне байланысты шынайы хабарларды тек тәуелсіз ақпарат құралдары ғана елге таратты.

Иса Сахарғиз - Ирандағы Баспасөз бостандығы қауымдастығының мүшесі. Ол Азаттық радиосына берген сұхбатында бұдан бұрын саяси белсенділер мен тәуелсіз журналистер түрмеге жабылушы еді, дей келіп: “Қазіргі кезде тіпті қарапайым азаматтардың да қарапайым қауіпсіздіктерінің сақталмайтындығын халық көріп отыр. Көшеде ұсталған адам үйіне қайтарылғанның орнына, олардың денелері қабірге қойылып жатады. Бұл жағдай біздің қоғамымызда ең толғақты мәселеге айналып, көптеген сауалдар туындатуда”, - деді Сахарғиз.

Марқұм қыздың отбасының айтуынша, оның денесінде көгерген жерлер бар, сондай-ақ оның құлақтары мен мұрынынан қан кеткен.

Иранда туылған, қазір АҚШ-та тұратын Мерхангиз Кар деген хұқық қорғаушы заңгердің айтуынша, дәрігер өлтірілсе де, өзі асылып өлсе де оның қазасына сот жүйесі мен полиция айыпты. Сарапшылардың пікірінше, ел ресмилері бұл өлім төңірегіндегі дау саябырсығанға дейін, тергеу істерін айларға, тіпті жылдарға созуы мүмкін.

Осы жылдың басында Иранда “Қоғамдық қауіпсіздік және адамгершілік тәртіп науқаны” басталған болатын. Оның барысында Исламға жат қылықтар иелері деп табылғандар қамауға алынуда. Бірге қыдырып жүрген ерлер мен әйелдер тұтқындалып, айып пұлын төлеу немесе басқа жазалардан кейін босатылып жатады екен.
XS
SM
MD
LG