Accessibility links

Аустралия басшылығы өзгеріп, Вашингтон жақын одақтасынан айрылды


АҚШ президенті Дж.Буш өткен демалыс күні өзінің ең жақын тағы бір одақтасынан айрылды. Өткен сенбі күні болып өткен парламент сайлауында Аустралияның премьер-министрі Джон Хауард жеңіліп қалды. Сайлауда Кевин Раддтың жеңіске жетуі - Аустралияны 12 жылдай басқарған консерваторларды билік басынан тайдырып, Аустралияның сыртқы саясатын түбегейлі өзгертетін түрі байқалады. Өз кезегінде ресми Вашингтон ондай өзгерісті сезбей қоймайды.

Экономиканың соңғы 17 жыл бойы үзіліссіз өркендеуіне қарамастан, Аустралияның сайлаушылары “ескі премьер-министрді” емес, “жаңа үкіметтің” келуін қалап дауыс берді. Нәтижесінде премьер-министр Джон Хауорд (John Howard) бастаған консерваторлардың партиясы 47 пайыз дауыс жинап, 53 пайыз дауыс алған оппозициядағы Лейбористік партия жеңіске жетті. Премьер-министр қызметін 5-інші рет қатарынан атқармақ болған тұста жеңіліс тапқан 68-жастағы Джон Хауорд, саяси сарапшылардың бірі дәл тауып айтқандай, “әлемнің жаңа еліндегі ескі дүниенің премьер-министрі болды”.

Бұрынғы дипломат әрі қытай тілі қоғамның төрағасы Кевин Радд (Kevin Rudd) - Аустралияның жаңа премьер-министрі болады. Ол Аустралияның Азиямен әлдеқайда жақын қарым-қатынас орнатып, Вашингтонның “ыстық құшағынан” шығарып алуды мақсат етеді. Өткен қыркүйек айында Азия мен Тынық мұхит аумағы елдерінің ұйымы – APEC – лидерлерінің Сиднейде болып өткен саммитінде өзінің қытай тілін жақсы білетінін көрсетіп, Қытай басшылығын қошеметпен қарсы алған осы Кевин Радд болатын. К.Радд, сонымен қатар, қоршаған ортаның табанды қорғаушысы.

Аустралия – Америка Құрама Штаттары сияқты экономиканың дамуын желеу етіп, атмосфераның улы газдармен ластануын азайтуды көздейтін 1997-нші жылғы “Киото хаттамасын” бекітуден бас тартқан болса, К.Радд Аустралияның осы Хаттаманы мейлінше тез бекітуін өзінің басты міндетінің бірі деп атады. Оған қоса К.Радд Аустралияның Ирақта қалған 550 жауынгерлік әскерін шығаруға уәде берді. Ол әскер Ауғанстанға жіберілуі мүмкін. Тағы 500-дей жауынгер Ирақта қалып, соғыс қимылдарына қатыспай, дипломаттардың қауіпсіздігін қорғайтын болатын. Өзінің 50 жасқа келуіне қарамастан, жас көзқарасына байланысты “Гарри Поттер” деген лақап аты бар Аустралияның жаңа премьер-министрі өткен жексенбі күні Аустралияның үкіметін жасақтауға асқан жауапкершілікпен келіп, осындай ұстанымын байқату үшін жаңа үкіметтің құрамын таяу күндері жариялайтынын мәлімдеді.

К.РАДД: “Бұл сайлау келешекті таңдады, біздің күн тәртібімізде келешектің тағдыры тұр. Сол себепті де ендігі жерде біздің күн тәртібімізде көп іс атқару мәселесі тұр және оны пәрменді түрде іске асыру үшін бізге жақсы команда керек. Алдағы бірнеше күнімді мен осы команданың құрамын анықтауға арнаймын”.

Лейбористік партияның лидері бола тұра К.Радд өзін “қаржылық консерватормын” сипаттайды және Аустралия экономикасының дамуын бұрын-соңды болмаған қарқынға жеткізу саясатын жүргізетінін мәлімдеді. АҚШ президенті Дж.Буш оны парламент сайлауындағы жеңісімен құттықтаған ең алғашқы шетел лидерлерінің бірі болды. Алайда Джон Хауордтың үкімет басынан түсуінен кейін Ираққа қарсы соғысты бастауының қарсаңында Дж.Бушты қолдаған ең жақын әріптестерінің барлығы да биліктен кетті.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG