Accessibility links

Электронды үкіметті енгізу бағдарламасына алдағы жылдың бюджетінен 16 миллиард теңге бөлінбек


Қазақстанда жемқорлықты азайтуға бағытталған электронды үкіметті енгізу бағдарламасының кезекті сатысына 2008 жылдың бюджетінен 16 миллиард теңге бөлінеді. Бұл туралы Астанада қарашаның 27 күні үкімет отырысында экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов хабарлады. Бұл қаржының 60 пайызына компьютерлік жабдықтар алынады. Ал, ақпараттық технологиялар саласындағы компания өкілдері болса, Шығыс Еуропа елдерінің үлгісінде жасалған жергілікті электронды үкімет бағдарламасы Шығыс Еуропа елдерімен салыстырғанда артта қалған және бірнеше электронды қызметі жоқ, дейді.

Ұлттық ақпараттық технологиялар акционерлік қоғамының өкілі Руслан Еңсебаевтың айтуынша, Әділет, Еңбек және Сауда министрліктері, Мемлекеттік қызмет агенттігі, Ұлттық банк сияқты мекемелер электронды үкіметтің жобасына қатысып отыр. Олар халыққа қажет ақпаратты ортақ порталға орналастырады. Өйткені елдегі мемлекеттік органдардың 90 пайызының сайттары болғанымен одан керекті құжат алу қиын.

Ақпараттық технологиялар саласындағы компаниялар қауымдастығының президенті Нұрлан Исин Қазақстандағы электронды үкімет бағдарламасының Шығыс Еуропа елдерімен салыстырғанда кемшіліктері көп екенін айтады:

- Шығыс Еуропа бірталай нәрседен бізден алда. Қазақстандағы қазіргі порталда электронды қызметтердің кейбіреулері бар. Оның бәрі ақпараттық қызметтер. Ал транзакциялық қызметтер жоқ. Интерактивтік қызметтер аз. Себебі, халық әлі оны сезген жоқ.

Қазақстанда электронды үкімет жасаймыз деген кезде Эстония тәжірибесі зерттелген. Эстон мамандары бұл жүйе қоғамға үкіметтің, парламенттің, тіпті президент әкімшілігінің жұмысын бақылап араласуға мүмкіншілік береді. Және электронды үкімет бюрократиялық кедергілерді жояды деген болатын. Бірақ, Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің төрағасы Қуанышбек Есекеевтің айтуынша, интернетпен қамту және ақпараттық технологиялар саласы дамымаса, онда электронды үкіметтің қызметіне сұраныс болмайды. Бірақ, бұл проблеманы шешеміз, дейді Есекеев:

- Компьютер аздығы және интернет пайдаланушылардың аздығы бар. Қазір біздің агенттік осы жылдан бастап реттеуші болды. Біз интернет тарифін азайтып, компьютер пайдаланушылардың санын көбейтеміз. Халықты оқытамыз. Компьютерді арзандатамыз.

Есекеевтің айтуынша, Қазақстанда қалауы бар әр адам арзан бағамен 50 мың теңгеге компьютер сатып ала алады. Қаңтар айынан бастап бұл компьютерлерді «Қазпошта» бөлімдері арқылы сату жоспарланып отыр дейді ол. Ал, электронды үкімет жобасына қатысып отырған министрліктер ақпараттық қызмет көрсетуге тиіс. Электронды үкіметтің e.gov.kz веб-порталында электронды пошта, қатынас қызметі, күнтізбелік жоспарлау және жазылу қызметі жұмыс істейді, дейді Ақпараттандыру және байланыс жөніндегі агенттігі.

2008 жылдың тамыз айынан бастап интернет желісімен банктер арқылы белгілі бір қызметке төлем жүргізу мүмкіншілігін енгізу жоспарланды. Сол арқылы лицензия, салық және кеден декларацияларын тарату көзделді.

Келесі жылдан бастап Қазақстандағы ұялы телефондары бар 11 миллион адам үшін электронды анықтама алу мүмкіншілігі енгізіледі. Бірақ, бұл әзірге жоспар күйінде. Ал, Астаналық кәсіпкер Ербол Омаровтың айтуынша, электронды үкімет жоспары өмірге енгізіліп келеді, тек қазір жоба шолақтау, дейді ол:

- Мен өзі кәсіппен айналысқаныма көп болған жоқ. Содан бері электронды үкіметтің пайдасын көре бастадым. Әуелде салықты қағаз бюлеттеньдер арқылы декларацияны тапсырып жүрдім. Онда күні бойы кезекте тұрып әзер деп өткізесің. Ал бір айдан бері тоқсандық есептердің бәрін электрондық хатпен жіберем. Өте қолайлы. Бірақ, бізде интернет желісін пайдалану өте қымбат.

Қазір Қазақстанда интернет желісіне қосылу үшін, 3 сыртқы арна жұмыс істейді: Алматы- Гонконг, Алматы-Мәскеу және Алматы-Франкфурт. Осы арналарды көбейтудің арқасында бұдан былай интернетке шығатын арналардың өткізу мүмкіндігі артады деп хабарлайды «Қазақтелеком» басшылығы. Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің төрағасы Қуанышбек Есекеевтің айтуыншада жуырда Интернеттің өткізу мүмкіншілігі екі есеге өсіп, Интернет тарифі 10 пайызға кемітіледі.

Ал электронды үкімет жобасының соңғы сатысы 2009 жылы аяқталады деп хабарланады. Премьер- министр Кәрім Мәсімовтың айтуынша, бұл бағдарлама енді Мемлекеттік емес, Үкіметтік деп аталады. Себебі, қазір көптеген құжаттарға президент әкімшілігі емес, үкімет қол қояды, дейді премьер.
XS
SM
MD
LG