Accessibility links

Ауғанстан: Кабулдағы балалардың жаңа орталығы үмітті оятады


Халықаралық қайырымдылық ұйымдары Кабул қаласындағы “соғыс” жетімдері мен кедейлердің балаларына көмек көрсету үшін осы аптада балалар орталығын ашты. Орталықтың ұйымдастырушылары осындай жобалар адам айтқысыз кедейлікті бастан кешкен миллиондаған ауған баласының жарқын болашағына деген үмітін оятып, сауатын ашып, азын-аулақ білім алуына мүмкіндік береді деп сенеді. “Азатттық” Радиосы тілшісінің хабарлауынша, үкіметтік емес ұйымдар, шамасы келгенше, баспанасыз көше кезіп жүрген тұлдыр жетімдер мен кедейлердің балаларына күнделікті тамақ пен баспана беріп, екінші жағынан – бастауыш білім беріп, жұмыс тауып берумен шектелуге мәжбүр.

8 жастағы Халед (Khaled) Кабулдың көрші Қала-и-Заман Хандағы (Qala-i Zaman Khan) жаңадан ашылған Балалар орталығынан аз да болса тегін тамақ іше алатынына мейлінше қуанышты.

ХАЛЕД: “Олар бізге күн сайын таңертең сүт береді. Олар сондай-ақ бізге тәтті нан мен басқа да тамақ береді. Біз ол жерде сабақ оқып, мол ас пен сүт ішкенімізге бақыттымыз”.

Қала-и Заман Хандағы Орталықтан көмек көрген балалардың басым көпшілігіне қарағанда Халид тұлдыр жетім емес. Ол ата-анасының қолында тұратынын және әкесінің үкімет агенттігінде жұмыс істейтінін жасырмайды. Бірақ әкесінің табысы бала-шағасын асырауға жетпейді де, ол Халидті темекі, шар, полиэтилен қапшық сынды арзан тауарларды сатуға базарға жұмсайды.

Кабулда көше кезіп жүрген жетімдердің “Азаттық” Радиосына хабарлағанындай, күніне 70 афгани немесе 1.5 доллардай ақша түсіре алады. Саид Мухаммад Султани (Said Muhammad Sultani) - Қала-и Заман Хандағы Балалар орталығының директоры. Орталықты Канада мен тағы басқа үкіметтік емес ұйымдар ашты. Султанидің айтуынша, жаңа орталық көмекке мұқтаж болған балалардың барлығын түгел қамти алмайды. Орталық жетімдер мен кедей отбасылардың және мектепті тастап көше мен базарда сауда жасауға мәжбүр болған Халид сынды бар-жоғы 120 балаға ғана көмек бере алады.

Соңғы 6 жылдың ішінде халықаралық және жергілікті ұйымдар ашқан талай орталық тағы бар. Бірақ орасан зор сұранысты қанағаттандыру үшін ол орталықтар тым аз көрінеді. Өйткені, ресми мәлімет бойынша, бір Кабулдың өзінде күн көріс қамымен мектепті тастауға мәжбүр болған 7 мен 16 жастың арасындағы кем дегенде 60 мың бала бар. Ең көбі – туысқандарының қолында тұрып жатқан жетімдер. Олардың кейбірі - жесір әйелдердің немесе балалардың азын-аулақ табысына күні қарап қалған мүгедектердің қолында тұрады.

2001-інші жылдан кейін Ауғанстанның қол жеткізген ең үлкен жетістігі – соғыстың салдарынан немесе “Талибан” қозғалысының саясатынан жабылып қалған бүкіл елдегі орта мектептердің 6 млн. ұл бала мен қыз бала үшін қайта ашылуы болды. Бірақ ауған үкіметі 6 млн. бала түгел мектеп табалдырығын аттай алмағанын мойындайды. Олардың едәуір бөлігі өзі мен отбасын асырау үшін қара жұмысқа жалдануға мәжбүр.

Ауғанстанның үкіметтік емес ұйымы ашқан “Ашиана” (Ashyana) орталығының директоры Мухаммад Юсуфтың (Muhammad Yusuf) мәлімдеуінше, міне дәл осындай балалар ауған қоғамының ең әлсіз, буынсыз жері. Сабақ оқудың орнына қара жұмыс істеуге мәжбүр болғаны аздай, ол балалар өз үйінде және көшеде талай зорлық-зомбылық көреді. Олардың ешқандай әлеуметтік қорғанысы жоқ – сырқаттанып немесе жарақат ала қалса – дәрігерге көрінетін мүмкіндігі де жоқтың қасы.

М.ЮСУФ: “Жұмыс істеген немесе қайыр тілеген бала көшеге шығу үшін немесе базарға бару үшін таң сәріде көзін тырнап ашуға мәжбүр. Саудагерлер оларға “Құрыңдар, менің тауарларымды ұрлайсыңдар!” деп жекіріп қуады. Жұрт ондай балаларды пәледей жек көреді. Жұмыс істеген балалар аязда тоңып, ыстыққа күйіп немесе жерге көмілген миналардың жарылысынан немесе жол апаттарынан қыршын кетіп жатыр ма деп оларға қамқор болған ешкім жоқ”.

Ауғанстанда елдің тұрмысы ауыр балаларына көмек беретін түрлі бағдарламасы бар халықаралық және жергілікті ұйымдар баршылық. “Ашиана” – шетелдің қаржысы есебінен көмек көрсететін жергілікті ең ірі ұйымның бірі. Үкіметтік емес бұл ұйым Кабулдың кедей жанұялары мен балаларына, сонымен қатар солтүстіктегі Балх, батыстағы Герат және Кабулдан солтүстікке қараған Парван облыстарындағы 10 мыңдай балаға көмек көрсетеді.

Өзге ұйымдар сияқты “Ашиана” да түрлі көмегімен қатар, балалар мен олардың ата-аналарына білім беру бағдарламасын іске асырады. Орталықтың директоры М.Юсуфтың мәлімдеуінше, “Ашиана” 14-16 жастағы ересектеу балаларды компьютердің негіздеріне оқыту, сурет салуға, киім пішуге немесе шаштаразға үйрету үшін арнайы бағдарлама ұйымдастырып, симпоиумдар өткізеді. Оқу аяқталған соң “Ашиана” орталығы балалардың жұмысқа орналасуына көмектеседі.

Орталық, сонымен қатар, балалардың құқы мен ВИЧ/СПИД және тағы басқа дерттен қорғану туралы түрлі мәлімет пен кеңес береді. Юсуфтың сөзіне қарағанда, кішкентай бала кездесе қалса, оны мүмкіндігінше мектепке орналастыруға тырысады. Кейбір отбасында тіпті 7 жастағы бала жалғыз асыраушысы болып қалған. Міне осындай баланың мектепке баруына мүмкіндік беру үшін “Ашиана” мен тағы бас Орталықтар олардың аналарын, қажет болса, бірлі-жарым мамандыққа оқытып, жұмысқа орналастыру жобасын іске асыра бастады. Ондай аналардың көпшілігі - жесір әйелдер көрінеді.

7 жастағы Фаридун мектепке бармайды. Оның айтуынша, бала болып ойнағанды әлдақаш ұмытқан.

ФАРИДУН: “Мен мектеп бара алмаймын. Мен жұмыс істеуге тиіспін. Кедей болған қиын ғой! Сол себепті мен жұмыс істеуге мәжбүрмін. Мен кейде жұмыс таба алмай қаламын да, қайыр тілеуге тура келеді”.

Фаридун тұратын қышлақта тегін сүт пен тәтті нан беретін немесе мектепке орналастыратын ешқандай Орталық жоқ. Десе де осындай балаларға көмек қолын созу үшін үкіметтік емес ұйымдар бірте-бірте Кабулдан басқа елді-мекендерге жете бастады. Ұзаққа созылған соғыстан күйреген Ауғанстанда әлі миллиондаған бала мұқтаждық көру үстінде.

AzattyqTV

Жаһан жаңалықтары

Жээнбеков кім?

XS
SM
MD
LG