Accessibility links

Н.Буржанадзе: Қиындықтарды жеңіп, қазіргі саяси бағытты жалғастыра береміз


Грузия президенті Михаил Саакашвили сайлау алдындағы заңдық талапқа сәйкес, 25 қараша күні президенттік қызметтен кеткен болатын. Енді сайлауға дейін бұл міндетті парламент спикері атқарады. Грузия президентінің міндетін атқарушы, парламент спикері Нино Буржанадзенің сөзіне қарағанда, Грузияда келер жылы 5-қаңтарда өтетін президенттік сайлауға дейін жағдай күрделі. Дегенмен де елдің ол қиындықты бастан өткеріп, қазіргі саясатты жалғастыру мүмкіндігі бар.

Нино Буржанадзеге Грузия президентінің міндетін атқару бірінші рет жүктеліп отырған жоқ. 2003 жылы Грузиядағы Раушан төңкерісі мен президент Эдуард Шеварднадзенің президенттіктен кеткенінен кейінгі уақытта да Буржанадзе президенттік міндетті уақытша атқарған болатын.

«Азаттық» радиосына берген сұхбатында ол Грузия елінің тағы да бей-берекеттікке тап болып отырғанына өкінетіндігін білдіріп, елдегі саясаткерлер бұл жағдайды тез арада ретке келтіреді ғой деп үміттенетіндігін айтқан:

- Мен екі ретте де елдің дамуындағы бір шешуші кезеңдерде президент міндетін атқаруды мойныма алдым. Бұл тарихи кезеңмен шешуші сайлауды да ойдағыдай атқарып, елдің өмірі біржолата қалыпты жағдайға түседі ғой деп үміттенемін.

Буржанадзе өз сөзінде 7 қараша күні шеруге шыққан мыңдаған адамды тарату үшін Үкіметтің күш қолдануы қателік болды деп ойламаймын деген. Грузия арнаулы күштері ереуілге шыққандарға қарсы су шашып, көзден жас ағызатын газ бен таяқ қолданған болатын, мұнан соң елде тоғыз күнге созылған төтенше жағдай тәртібі енгізіліп, мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізу белгіленген еді.

Шерушілердің бірқатары жанжалды жалғастыра бергісі келген, ал оппозиция жетекшілерінің кейбірі мәмлелесуден гөрі, үкіметтік төңкеріс жасамақшы болды дейді Буржанадзе.

Парламент спикері әрі ел президентінің міндетін атқарушы Нино Буржанадзе шерушілерге қарсы күш қолданылғандығының әділетті немесе әділетсіз болғандығы турасында тек қана тарих баға беретін болады деп атап көрсетті. 7 қарашадағы шерулерден кейін жабылып қалған оппозициялық «Имеди» телеарнасының тағдыры туралы сауалға Нино Буржанадзенің жауабы төмендегідей болды:

- Егер осы телеарнаның негізін қалаушы, алыпауыт кәсіпкер және президенттікке кандидат Бадри Патаркатсишвилидің қолындағы қару ретінде қолданылмайтындығына кепілдік берілетін болса, «Имеди» теледидары эфирге шығады.

Грузия билігі Ресейдің барлау қызметтерін Тбилисидегі оппозиция шерулерін ұйымдастырды деп айыптап, бірқатар оппозиция жетекшілерін де Ресейдің құпия қызметтерімен бірлесіп жұмыс істеді деп кінәлаған болатын. Буржанадзе өз сөзінде Грузия прокурорларында бұл айыптаулардың дәлелі бар дей келе, Ресейдің Грузияға қарым-қатынасы жайында былай дейді:

- Қазір сіз Ресейдің Грузиядан нені қалайтындығын, Грузияны қалай тұрақсыздандырғысы келетіндігін, мұның Ресей үшін қаншалықты маңызды екендігін білмейтін кісіні, тіпті баланы да таба алмайсыз деп ойлаймын. Ресейге Грузияның терезесі тең сөйлесе алатын мықты үкіметі емес, ішкі мәселелерге басын ауыртатын әлсіз, НАТО, Абхазия, Оңтүстік Осетияға көңіл бөлуге уақыты болмайтын әлсіз үкіметі керек.

Буржанадзе 5-қаңтарға дейінгі кезеңнің Грузия үшін оңай болмайтындығын біледі. Ол Грузияның қазіргі саяси бағытын жалғастырып, азаматтардың еркін де ашық сайлауда дауыс беруіне мүмкін болатын жағдайдың бәрін жасаймыз деп уәде етеді.

- Мен, ашығын айтсам, Михаил Саакашвилидің екінші мерзімге президент болуын толық қолдаймын, - дейді Нино Буржанадзе.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG