Accessibility links

Мадридте Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының жиыны басталды


Бүгін Испания астанасы Мадридте Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының сыртқы істер министрлерінің 2-күндік конференциясы басталды. Жиын барысында Қазақстанның осы ұйымға 2009 жылы төрағалық етуге ұмтылыс мәселесі талқыланады. Сөйтіп 56 мемлекет мүше болған ОБСЕ ұйымы осы даулы мәселені біржолата шешпек. Алайда аталған ұйымның кей мүшелері Қазақстан алдымен өзіндегі демократия мен адам хұқтары жағдайын дамытуы қажет деп, оның ОБСЕ-ге төрағалық етуіне қарсылық танытып отыр.

Бейсенбі күні Мадрид қаласында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сыртқы істер министрлерінің жиыны басталды. Онда қаралып жатқан өзекті тақырыптардың арасында Қазақстанның осы ұйымға төрағалық етуге ұмтылыс мәселесі қаралып жатыр. Қазақстанның төрағалық етуіне қарсы болған елдер де жоқ емес. Олардың қатарында АҚШ пен Британия және Чех республикасы бар. Олар Қазақстан алдымен өзіндегі демократия мен адам хұқтары жағдайын дамытуы қажет деп отыр. Жалпы Астананың төрағалыққа қол жеткізуі үшін осы ұйымға мүше 56 елдің барлығы да бұл ұсынысты мақұлдап, келісуі керек.

“Азаттық” радиосының тілшісі Брюс Паниер қазір Мадридтегі жиында жүр. Соңғы хабарларға тілшіміз былайша тоқталып өтті:

“Бүгін басталған жиында мәлімдеме жасаған кей ресмилер Орталық Азияға ерекше назар аударылу қажет және осы аймақтағы елдермен жақсырақ ынтымақтасу керек деп жатыр. Осы тұрғыда олар Парламенттік ассамблеяның кезекті отырысы келесі жылдың шілде айында Астанада өтеді деп отыр”.

Оның айтуынша, ресмилердің көбісі, әлі нақты ресми түрде айтпаса да, Қазақстан 2009 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етпейді деп отыр.

“Қазақстанның төрағалық ету мәселесіне қатысты бұл жердегі адамдар екі лагерге бөлініп отыр. Олардың бірі Қазақстанға төрағалықты 2010 жылы берілу керек дейді. Бірақ осы мәселеге қатысты үлкен келісім жасалып, Қазақстанға төрағалық 2011 жылы берілетін сияқты”, - дейді Брюс Паниер.

Тілшімізге сұхбат берген ресмилердің айтуларына қарағанда, 2011 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету Қазақстанға оның демократия мен адам хұқтары жағдайына байланысты ешқандай шарт қойылмастан берілетін көрінеді.

Жалпы, 2009 жылы бұл Еуропа ұйымына кімнің төраға болатыны ресми түрде бүгін кешірек немесе ертең таңертең жарияланады деп күтілуде.

Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Ресейде алдағы жексенбі күні өтетін парламенттік сайлауларға өзінің бақылаушыларын жібермейміз деп шешкен болатын. Президент Владимир Путин осы шешімнің артында АҚШ тұр деп айыптаған еді. Оның сөзіне қарағанда, Ресейдегі сайлауларды жоққа шығару үшін АҚШ аталған Еуропалық ұйымнан сайлауды бақыламау туралы шешімді қабылдауды өтінген. Алайда АҚШ бұл айыптауларды жоққа шығарды. Ал Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Ресей билігі бақылаушыларға байланысты шектеулер енгізген соң осы қадамды жасағандарын айтып отыр. Міне Мадридтегі жиын осындай дауласулар болып жатқан бір тұста өтіп жатыр.

Онда, сондай-ақ, Ресейдің Еуропадағы кәдімгі күштер жөніндегі келісімге қатысуын тоқтату туралы шешімі талқыланады. Сонымен қатар, күн тәртібінде Косово мен Ауғанстанға қатысты мәселелер тұр.

Айта кету керек, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі АҚШ комиссиясы немесе Хельсинки комисиясының төрағасы Алси Хастингстің мәлімдеуінше, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының сайлауды бақылау жөніндегі роліне наразылық танытқан Ресей - бұл ұйымды әлсіреткісі келеді. Бірақ бұған қарамастан аталған ұйым мықты болып қалуда дейді Хастингс.
XS
SM
MD
LG